Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құстың үш өсиеті

0 9  106

Бірде кішкентай құс торға түсіп қалады. Айламен тұзағына түсірген адамға: «Қожайын! Бұл өмірде біршама сиыр мен түйелерді құрбан еткен боларсың. Олардың етіне тоймаған сен, мына менің етіме тоймасың анық. Мені босат, ал мен саған үш өсиет айтамын. Біріншісін, қолыңда тұрып айтамын. Екіншісін болса, үйдің шатырына қонғанда айтамын. Ал үшінші өсиетті – ағаштың басында отырып айтамын. Маған сеніп, осы үш өсиетке құлақ асар болсаң, әлемдегі ең бақытты жан боласың»,- дейді.

Әлгі адам құстың айтқанына сеніп, шартына келіседі.

Сонда құс:

«Қолыңда тұрып айтар ақылым: кім не айтса да, жөні жоқ дүниеге сенбе!»

Аңшы берген уәдесінде тұрып, құсты қоя береді. Құс үйдің шатырына қонған бетте екінші кеңесін айтады:

«Қолыңнан жіберіп алған мүмкіншіліктердің артынан опа жеп, өткеніңе өкінбе!»

Екінші кеңесін айтқан әлгі құс ағаш басына қонып:

«Үшінші өсиетімді айтпас бұрын мынаны айтайын: менің ішімде салмағы он дирхемдік өте қымбат, бағалы тас жатыр. Осы тастың арқасында байып кетуіңе болар еді. Сен ғана емес, ұрпағың түгел бай-дәулетті болар еді. Амал нешік, сен ол мүміндігіңді жіберіп алдың!»,- дейді.

Мұны естіген әлгі адам ызадан айқайлап жібереді.

Сонда құс:

«Саған «Жіберіп алған мүмкіндіктердің артынан опа жеп, өткеніңе өкінбе»,-демедім бе? Бағалы тас қолыңнан ұшып кеткен соң несіне ашынып жатырсың? Әлде менің айтқанымды түсінбей қалдың ба? Мен «кім не айтса да, жөні жоқ дүниеге сенбе!», деген едім ғой. Арыстаным-ай, салмағы үш дирхемге жетпейтін әлсіз торғайдың ішінде он дирхемнің салмағындай жақұт тас қайдан болсын?»-, дегенде аңшы өзіне келіп:

«Жарайды, олай болса, үшінші кеңесіңді айт»,- дейді.

«Саған екі рет құлақ асар деп өсиет айттым. Енді үшіншісін сұрап тұрсың ба? Ұйқыда жатқан адамға өсиет айту – сортаң жерге дән еккенмен тең»,- деп самғап кете барыпты әлгі құс.

Надандық пен білімсіздік ешбір жамауға келмейді. Олай болса, ондай жандар үшін даналық дәнегін бекер сарп етудің қажеті жоқ.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.