Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАЖЫЛЫҚ ТАРИХЫ

0 9  581
Мақалада ақын, фольклортанушы, тарихшы М.Ж. Көпейұлының қолжазбаларына сүйене қазақтан шыққан қажылар мен олардың қажылық сапардың парыздарын орындау амалдары, туындаған жол қиындықтары мұрағат және баспасөз материалдарымен байланыстырыла жазылған.

Қазақ қажылық сапарының тарихы туралы деректер қажылыққа барған жеке адамдардың естеліктерінен, жазбаларынан, қажылар туралы қисса-дастан, деректі өлеңдерден, әр кезеңде басылған мерзімді баспасөздегі хабарлама, қажылардың жол жүруге байланысты өтініштері, берілген анықтамалық қағаздары қатталған  мұрағат құжаттарынан тұрады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ХIХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басындағы діни жөн-жоралғы жасау мақсатында  Мекке-Мединаны бетке алған алғашқы қажылар туралы деректі әңгімелер, өлеңдер, қисса-дастандар жазу арқылы қазақ қажылығы туралы мол мағлұмат қалдырған. Тарихшылар Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан, М.Қозыбаев Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазба дерегінің маңыздылығына жоғары баға берген.

Мәшһүр Жүсіп қажылыққа байланысты көрген-білген, естігенін қағазға түсіріп отырған. Бұрынғы жазғандарын жаңа деректермен толықтырды. Сиямен жазған қағаздарын «месі» тәсілімен сақтап отырды. Ол жазбаларын Мекке мен Мединеге барып келген қажылардан естігендерімен, ел аузында айтылып жүрген түрлі аңыз-әңгімелерді пайдалана жазды.

Енді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының осы жазбаларына тоқталайық. Қазақ қажылары деген нұсқада мынадай дерек келтіреді: «Қазақ қазақ болғанда, бұл қазақта қажыға ілкі бастап барған Уақ Нұркен (Нүрикен) бай. Тоқал қатынымен барып, (Семей қаласы, Аякөз, Піскек, Тоқпақ, Ал­маты, Әулиеата, Тәшкент, Бұхар жолымен бірінші үлгісінде қалалар аты айтылады) төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда  аман-есен еліне, жұртына келген.

Сол Нұркеннен соң екінші қажыға барушы – Күлік-Самай сопы. Баянауылда дуан болып, аузы ашылғанда, указ болған ноғай Байжан хазірет екеуі барған. Екеуі де сол жақта өлген. Олардың кеткені жылы қой жылы еді. Мың сегіз жүз елу сегізінші жыл болса керек. Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр Жүсіп дәл сол жылы туған бала. Осы күнде жетпіс жаста отыр. Бұл қазақтан үшінші қажыға барушылар: Тобықты Құнанбай, Айдабол Қишыл, Қыстаубайдан бастап көптеген қажыларды атап өтеді де, Орта жүзден жиырма кісі барып­ты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі барып­ты. Ішінде Нұрпейіс хазірет пен Досжан халпе бар дейді. Мұнан бұрын қазақ бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен».

Қазақ  Әнес  сахабадан  өсіп-өнген деген нұсқа көшіріліп әкеліп, жүз жиырма адам арасынан расход шығарып қазақтар түсетін такие салынғанын,қазақтың да ел жұрт екендігі әйгіленгендігін Құнанбай атымен байланыстырған Мәшһүр Жүсіп Құнанбай қажының қажыға барған жылын 1874 жыл, ал қайтыс болған жылын 1885 жыл деп көрсетеді, яғни ол тауық жылы 81 жасында о дүниелік болған. Меккеде Құнанбай қажы салдырған үй жайында мынадай дерек береді: «Бұл Меккедегі тәкие әуел Құнанбай атына жазылған. Арғын атында болғандықтан, Орманшыдан барған Хасен шайхы даулап алған. Онан кейін тоқал Арғыннан Ешмұхаммед даулап алған. Бұл күнде кіші жүз  Досжан қалпе атына жазылып қалыпты» [5, 62-б.].

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ХIX ғасырдың 50-80-жылдары қажылыққа барған қазақ арасына белгілі адамдардың қасына қандай адамдарды ертіп барғандығы жайында да мәлімет береді. «Қазақ шежіресінде» Құнанбай қажының Бәсетин Апайбөрі Құдияр қажы, Алтай Ешмұхаммед қажы және тағы да бірнеше адамды сапарлас қылып алғандығы жөнінде айтылады. Солардың ішінде Бәсетин Апайбөрі Құдияр қажы қажылықтан аман-есен оралып, ұзақ өмір сүріп, елде қайтыс болған екен. Қажылыққа барғандардың арасында Сұлтан қожамен Егізек Жанайдар,олармен Атығай Қожахмет қажының да сапарлас болғандығы айтылады. Қажылыққа Арғынның белгілі Орманшы Хасен шайхы мен тоқал Арғыннан  Ешмұхаммед те Бұхара арқылы барған [6,195-б.]

Құнанбаймен Ақмоладан Аққұм, Қосқопадан Шекшек қажы,  Атбасардан Ейкезек Жанайдар, Есіл бойындағы Құлан қыпшақтан Шонтыбай, Батырқожа  молда балалары, Сілеті бойындағы Қыпшақтан Құрман баласы Хасен қажы, Мамбет Тоқадан Ізден, Сазан ұрпағы Мұхаммедсәлім қажылар дабірге барған.М. Көпейұлы осы барып, тірі қайтып келгендерінің бірсыпырасымен ауызба-ауыз сөйлесіп, қажылықтың мән-жайына қанығып, жазып отырған. Тарихи жазбаларында, дастандарында осы қажылардың көпшілігінің атын арнайы атап, олардың жолда көрген-білгендерін, тындырған істерін баяндауға  тырысады [5,62-б.].

Ол бұл қажылық сапардан аман келген қажыларға шүкір етіп: «Өлмей тірі келгенге сын көп әлі, көбің дерсің бұл сөздің жалғаны жоқ» – деп ескертсе, ал сол жақта қайтыс болған қажының отбасына, ел-жұртына: «Барып сонда өлгеннің арманы жоқ, аяп сонан құдайдың қалғаны жоқ», – деп басу айтқан. 

Алғашқы қажыларға арналған  деректі дастандардың бірі – «Шонтыбай қажы». 1893 жылдың желтоқсан айында  жазылған, шығарманың үш нұсқасы сақталған. Оның бірі 192 шумақ, яғни 768 тармақтан тұратын өз жазбасы болса, екіншісі содан көшірілгендіктен мөлшері де бірдей шәкірті Жолмұраттың көшірмесі. Ал, шығарманың ең толық үшінші нұсқасы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақталған нұсқасы [7, 363-365-бб.].

Бұл дастан негізгі мазмұны Шонтыбай қажының мұсылмандықтың бір парызы қажылықтың алғышарттарын орындауы, жол сапарларында болған түрлі оқиғалар турасында.М. Көпейұлы Шонтыбай қажының ауру-сықаудан аман келіп, қажыға тән ізгі істерді атқарғандығын мадақтайды.

Ұмтылдың дін жолына іштен  туа,  
Періште ғамалыңа болған куә.   
Мақам Ибрахимде намаз оқып,  
Хақы үшін ел- жұртыңның қылдың дуа!

Дін үшін қайрат қылған сіз – бір батыр!   
Талай бай боқ басында өліп жатыр.  
Мүминін мумнат дұғаңыздың,  
Ішінде болдық па екен біздей пақыр?

Қажеке, қабыл болсын бұ қылығың,  
Бұйырған бұл өзіңе халал малың! 
Күнәні ішкі-тысқы кетіруге,   
Суына зәмзәм Шариф шомылғаның! – деп жазған арнауында ол Шонтыбайдың ниеттеніп барған сапарының қабыл болғандығын баяндайды. Бұл сапар барысында қажы «дарбыздан» дәм татамын деп ауруға шалдығып, өңі қашып, қатты қиналады. Онымен барғандар тезірек кері қайтуды ұсынады. Қажы «алған бетімнен қайтармаңдар, жеткен жерім осы болса, оған да көнемін» деп ауырғанына қарамай, Алла Тағалаға сыйынып, сапарын бұздыртпаған екен.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бұл жерде қажылық сапарда небір қиыншылық жағдайлардың туындайтындығын, басына төнген қауіпке қарамастан ниетінен ауытқымай, демі тауысқанша шыдауының өзі Алла Тағалаға деген сенімнің, сүйіспеншіліктің барлығы дейді. 

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осы дастанда қажылық сапарында қайтыс болған қажыларға да тоқталады. Бұлардың арасында Жүніс Естайұлы, Шашке Қабылұлы, Әлібек қажы, Бәйтен Сұңқарбекұлы, Бейсен қажылар бар. Осы жиырма шақты қажыға «Күллі мүмин мұсылман баласынан, Бір дұға қажылардың өлгеніне» деп жоқтау айтады. 

1893 жылғы қажылық мұсылмандар үшін сәтсіз болды.  Осы жылдың сәуір айында Қызыл теңіз жағалауынан келген шегірткелерге бола әлі піспе қоймаған жеміс, көкөністердің базарға ерте шығарылуы, күннің қатты ысып кетуі, 24 мамыр мен 3 маусым аралығында таңғы сағат 9-дан түскі  2-ге  дейін «саммумның» соғуы үлкен қайғы-қасірет әкелгені белгілі. Мәселен, 27 мамыр мен 8шілде аралығында Меккедегі індеттен 50 мыңдай қажы қайтыс болса, 21 ақпаннан бері Ресей мен Бұқара арқылы барған қажылардың түрлі індет пен аурудан 700-дейі көз жұмған. 9 шілде күні Бадр елді мекенінде бәдеуилердің шабуылынан 400 дей қажы өлгені [8, 310-б.]. Осы жайттардың бәрін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сапардан аман оралған қажылардың аузынан естиді.

Ақынның екінші деректік дастаны «Жантемір қажы» деп аталады. Оның басты кейіпкері – Мұса-Секербай заманында дәулетін мырзалықпен жүріп шашқан, «Ақыры ерлігінің осы болып, жомарттық екпінімен қажы барған» Жантемір мырза.

Мәшһүр Жүсіп бұл дастанда Мекке-Мединеге барушыларды  екіге бөліп қарастырған. Оның бірі – ақшасы мен атағына малынып, қалашы мен базаршы болып, зат алып, мәз болушылар да, екіншісі, шын ықыласымен Құдайға құлшылық етушілер. Ол жетпіс үш жасқа келген Жантемірдің бейнесін сомдағанда, оның бойында ізгілік қасиеттің мол екендігін, пайдалы ісімен, жомарттығымен халықтың арасында танымалдығын атап өткен. Оның  атақ үшін емес, мұсылманның басты парызын орындау үшін қажылыққа баруға ниеттенуін адамгершілікке балайды.

Картинки по запросу паломничества в казахов в старом

Жантемір  осы қажылық жолында құрбан болуды аңсайды. Ел ішіндегі алауыздық, отарлық қамытын киген саяси жағдайға көңіл толмай тірліктен баз кешу байқалады. Оның бұл тілегі қабыл болды да. Ауру жұқтырып, ақыры осы сапардан қайтпады.

Жалпы, қажылыққа барған егде жастағы қазақтардың көпшілігі аптап ыстықты көтере алмай, оның үстіне түрлі ауруларды жұқтыртып, сол жерде көз жұмып туған жеріне қайтпай қалды. Бұл турасында  Н.А. Смирновтың 1928-жылы жарық көрген «Ислам и современный Восток» еңбегінде жақсы айтылады. Оның көрсетуінше, қажылардың, біріншіден, ұзақ жолда алдауға түсіп, «қонақжайлылықтың арқасында» бар қаржысынан айырылса, екіншіден,  шаршап-шалдыққан күйінде күн ұзаққа аш, күнге қақталған олардың көбінің аптап ыстыққа шыдамауы, үшіншіден, дүниенің төрт бұрышынан жиналған қажылармен бірге түрлі эпидемиялық аурулар жұқтыруының салдарынан өлім-жітімге ұшыраған.

Мәшһүр Жүсіп өз өлеңдерінде қажылықты мансап көрушілерді қатты  сынға алады.

Дүние жүзі бұл күнде толып кетті,
Біздерге өлең түстеніп қонып кетті.
Ақыр заман бұл да бір ғаламаты,
Жанның бәрі қажеке болып кетті, – деп сол кезеңдегі ел ішіндегі қажылыққа бару сәнге айналғандығын көрсетеді. Ақын қажылыққа барудың негізгі мәнін «Қажылық, иман шарттары» атты өлеңінде мына жолдар арқылы анықтай түседі:

Тазалап ішек қарнын әбден аршып,
Жуумен бастан- аяқ нұрға малшып.
Онан соң ол адамда болмас ашу,
Езсең де табаныңмен жерге шаншып.

Қажылықтың ораза, намаздан да қиын екенін, қажылық шарттарын орындау үшін тек байлықтың жеткіліксіз екенін айта келіп, Мұхтасарды, қажы кітабын оқымай, ғылымды, дінді  үйренбей, амал етудің маңызы жоқтығын айтады. Кейбір қажылардың ілім жимай, қажылық орындап келуін:

Барғанмен, қажы болмайды ісі бітпей  
Зиарат қылар жерді тауап етпей.  
Далақтап жансыз тасты жеті айналып,   
Мұнда кеп бұзылады үш күн өтпей.

Барып өлген құдайға қиды жанын,  
Жан қиюмен адамдық тапты санын.   
Қайтып келген қақақтап дүние жинап,  
Жеп қояды бауыздап малдың қанын, – деп сөзбен түйрейді.

Көпейұлының қажылыққа қатысты келесі бір шығармасы «Ізбас қажы» деп аталады. Бұл деректі өлеңінде ақын ХIХ ғасыр соңындағы қажылық жағдайын толық ашып көрсете білген. Ізбас қажының Мекке-Мединеден аман оралғанын естіп амандаса барған Мәшһүр Жүсіп қажыдан естіген әңгімесін өлеңмен өріп шығады. Ізбас қажының жолдың қиыншылығын, Меккеге 41 күн дегенде әзер жеткендігін, арасында ауруға ұшырап, қатты қиналса да Қағбаны жеті рет айналып шыққандығын айтады. Оны Мәшһүр Жүсіп былайша келтіреді:

Сонан соң Мекке келіп жеті айналдық,  
Тәпсі алып, Құран алып, ыңғайландық.  
Жабудан ақша беріп, кестіріп ап,   
Қайтуға енді ел- жұртқа  ыңғайландық.

Бұл жолдардан  бар қажыға ортақ ел-жұрқа апаратын тәбәрік алу дәстүрі де ұмыт қалмағандығын да көруге болады.

Дастанда бірінен кейін бірі көз жұмған қажылар турасында айтылады. Меккеден он шақырым шыққан жерде, Исабайдың мерт болуы, «Сол құдықтың басында тіке тұрып, Таяғына таянып жан  беріпті» , «Мединаға таянып барған кезде, Жаябай түйе үстінде үзіліпті», «Жанатіл Бақияның өзінде өлген», «ауырып Мединада Төлжан қалған, Малдыбай қайтпастықты мойнына алған»  деген жолдардың сыры  Ресейдің қажылықты жан-жақты «діни-саяси», «дәрігерлік-эпидемиологиялық» жағынан зерттеп, империяның қажылыққа байланысты жаңа  шешімдер  шығаруына себепші болған, орыс офицері Әбдел-Әзиз Дәулетшиннің  1899 жылғы есебінде Мекке-Мединедегі адам шығыны «саам»кезінде ұлғаятыны айтылады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармасының ең құндысы – «Бес парыз» өлеңі. Онда қажылықтан, жағдайы жеткен жанның қалмауы қажеттігін насихаттайды.

Біреуі бес парыздың- қажыға бару.
Бұл жолға мал мен жанды керек салу.
Шақырған бір Алланың ол жеріне,
Байларға қиын екен бармай қалу!

Пайғамбар: «Байлар қажыға келсін»- депті,
«Үмбетім мені келіп көрсін!» депті,
Шамасы келе тұрып, келмеген жан
«Қауымында кәпірлердің өлсін» дейті.

Ал, 1896-жылы жазылған «Қажыларға» өлеңінде дін жолында бірге жүрген Ғали деген молданың қажылықта қайтыс болғанына күйінеді.

Көбіне осы қажылық жолында қайтыс болушылар жөнінде түрлі жазбалар бар. Мәселен, араб дәрігерлері: «Қырғыздардың  бұл аймақтың ауа райына бейімделе алмауынан  және  өздерімен бірге алып келген, сүрленген ет, қазы, құрт сияқты қатты  тіскебасарларды  пайдалануы  ас қорыту ауруларына алып келетінін» айтса, ал Египет дәрігері Салех Субхи мемлекеттің тапсыруымен тексеру жүргізу барысында 1891-1895 жылдары аралығындағы болған эпидемия себептерінің бірі Минадағы «құрбандыққа шалынған мал қалдықтарының көмілмей қалуынан» деген қорытынды жасаған. Ал, меккеліктер мен қажылар адамның өлімін «Алланың жазуы» дейді.

Осы «Қажыларға» деген өлеңі арқылы өсекші қожа-молдаларды бір түйреп өтсе де, қажыға баруға талайды қыздырады. Осы өлеңді естіген Елеу қажы орнында отыра алмады, үш тұрып, үш отырды. Келер жылы  ниеттеніп қажыға барып, қайтыс болды дейді. Шорман бидің Ғайсасы да осыдан кейін қозғалып, о да қажыға барып о дүниелік болған. Бұлардың бәрін Мәшһүр өлеңмен жоқтаған.

Ғайса Шорманов туралы Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік Мұрағатында сақталған қорда,1901 жылы қажылыққа бару жөніндегі өтініші және ол кісінің оралмағанын анықтайтын құжаттар бар.

Ел арасында, Мәшһүр Жүсіпті, қажылық сапарына бармаса да, көзбен көргендей  етіп баяндауына таң болған жұрт «көріпкел» атап, түрлі жорамалдар жасап, аңыз адамға айналдырған екен. Осы сұрақ М. Көпейұлына қойылғанда, ол: «Бір сөзді Алла жүрекке салады. Соны пендесі сөйлеп қалады. Сол сөйлеп қалғаны түбінде дәл келеді. Шырағым, бұл пенденің білгені емес, Алланың салғаны… » деген екен.

Кеңестік жүйе тұсында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «ұлтшыл, діншіл ақын» ретінде сыналды. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1952-жылғы 14-тамызындағы 192 санына жарияланған Қ. Көпбаевтың «Көпеев – ұлтшыл, діншіл ақын» деген мақаласында: «Оның шығармаларының басым көпшілігі ұлтшылдық, діншілдік-мистикалық тақырыптарда жазылған. Ол өзінің шығармаларында ешқандай бұқарашылдық, демократиялық дәрежеге көтеріле алған емес. …ұлтшылдық бағытта болды, сонымен қатар патшаның, жергілікті би-болыстардың саясатын барынша қолдады», – деп келтіре отырып, оның уағыздары әлі күнге дейін ел арасында насихаттаушылардың барлығын, оның бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының баласы екендігін атайды. Оның зиратын діншілдер өздерінше құрметтеп, баласы Фазыл әкесінің «аруағына» табынуды насихаттап отырғандығы келтіріледі. Осы мақала жарық көрісімен Қазақстан КП Орталық Комитетінде талқылауға алынып, үш тармақтан тұратын қаулы қабылданады. Оның біріншісінде әлі күнге дейін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни мазмұндағы шығармашылығы Ғылым академиясы тарапынан талдауға алынып, сыналмағаны айтылып, Ғылым академиясының перзиденті А. Қонаевқа Академияның ғылыми қызметкерлерінің күшімен республикалық баспасөзде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының реакциялық қызметін әшкерелеген мақала жазу тапсырылады. Екінші тармақта Павлодар облыстық партия комитетіне халық арасында ғылыми, дінге қарсы насихатты күшейту арқылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығарларының діншілдікті көздейтіндігін және оның ұлы Фазыл мен жергілікті молдалардың оның бейітін елді «адастыру» үшін пайдаланып отырғандығын түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүктелінді. Үшінші тармақ бойынша Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұлы Фазыл Жүсіповты мұғалімдік қызметтен босату көзделеді. 

Сөйтіп, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жыр-дастандарын насихаттау тұрмақ оқуға тыйым салынды. Ұзақ уақыт бойы оның шығармалары оқылусыз қалды. Ал, қазір қарап отырсақ, діни білімін барынша тереңдетіп, қоғамының оң-терісін «көзінің ашықтығымен» түйсініп, өз заманының кем-кетігін жазу –сызуымен толтыруға, келешекке із қалдыруға бар біліктілігін салған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазба деректерінің тарихи маңыздылығының зор екенін байқауға болады. 

Деректі дастандарынан қажылықтың қазақ жерінде орнығу уақыты мен алғашқы қажыларымыздың есімін танысақ,күнәдан тазару, тәубешілікке келу, ел-жұртына, ұрпағының өсіп-өнуіне дұғатілеген «тірідей кебін киген» қажылардың  діни-сенімдерінің күшін де байқаймыз. Сонымен бірге шекара асып, түрлі елдерді басып өткен қажылар сапарының саяси оқиғаларға тәуелді екенінен де хабардар боламыз.

Құрманбаева Г.

Muslim.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.