Елбасы егемен еліміздің құрылу тарихында Қазақстанның жас астанасының маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізілген ауқымды нарықтық реформалар миллионнан астам азаматтарымыздың кәсіпкерлік қабілеттерін экономикаға жұмылдыруға жол ашқанын айтты.
Сондай-ақ, Елбасы көлік-логистика инфрақұрылымына тартылған инвестицияның арқасында Қазақстан құрлықтық маңызы бар транзиттік хабқа айналғанын атап өтті. Ал, тәуелсіздік жылдары табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен тұрғындар саны 15 есе азайып, нақты еңбекақы 4 есе артқанын айтты.
Қазақстан Президенті 2018 жылы еліміздің сыртқы саясатта да, жаңғыру бағдарламаларын іске асыру аясында да қол жеткізген басты жетістіктеріне тоқталды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын, «Астана хаб» ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін және «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын іске қосу жөніндегі жұмыстардың нәтижелеріне назар аударды.
Қазақстан Президенті еліміздегі кейінгі бастамалардың бәрі тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға, қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге және әл-ауқатымызды арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз ел тұрғындарының қазіргі буыны уақыт талабына сай болып, Қазақстандағы әрбір отбасының игілігі мен берекесін нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.
muftyat.kz