19 наурыз. Астана. Sunna.kz – «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов ақсақалдар қауымымен кездесті.
Жаңа бас имамдық қызметке тағайындалған Нұрлан Бекболатұлы қазақы салт-дәстүрден аттамай алғашқы қызмет күнінде мешіт ақсақалдар қауымымен кездесті. Бас имам ҚМДБ-ның бекіткен жоспарына сай алға қойған мақсаттарын түсіндіре келе ақсақалдармен берге жүзеге асыруға шақырды.
Бұл күнде мешіт ұстаздарынан дәріс алатын 200-ге жуық шәкірттің бір ананың баласындай ынтымағы жарасқан ұжым екенін айтпағанның өзінде, ақ жаулықты апаларымыз бен қажы ақсақалдардан құралған тұрақты жамағат алқасына да жұрт қызыға қарайды.
Құлшылығын мешітінде өтеуге асыққан ақсақалдар қауымының қай-қайсысы да мешіттің қоғамдық шараларына, уағыз-насихат және дәрістеріне үнемі қатысып, белсене атсалысып келеді. Барлығы да осы мешіт ұстаздарынан білім жетілдіріп, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің білім сертификатына ие болған жандар.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ақсақалдары Нұрлан Бекболатұлының бас имам қызметіне тағайындалғанына қуанышын білдіріп, құттықтау лебіздерін айтты.
Сөз арасында мешітке келген жамағатқа ыңғайлы қызмет көрсету үшін өз ұсыныстарын бірдіре отырып, ақсақалдар кеңесі, жастар тәрбиесі сынды маңызды мәселелер бойынша өз ойларын жеткізген қариялар Нұрлан Бекболатұлына ақ баталарын беріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі