БАС МҮФТИ: АРЫС ОҚИҒАСЫ БАРША АЗАМАТТЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ІСІНДЕ БІРІКТІРУІ ТИІС
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Арыста болған оқиғаға байланысты пікір білдірді.
“Арыс қаласындағы №44856 әскери бөлімінің қоймасында болған жарылыс еліміздің барша азаматын сары уайымға салды. Төтенше жағдай біздің де жанымызға батты. Халқымыз: “Апат айтып келмейді”, – дейді. Алланың ісіне амал жоқ. Кемедегінің жаны бір емес пе? Бұл оқиға барша азаматты қайырымдылық ісінде біріктіріп, бауырмашылдығын арттыруы тиіс деп санаймын.
Қазір Үкімет қажетті шаралар қабылдауда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз тарапынан қайырымдылық бағыттағы бастамаларға үлес қосуда. Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы мешіттер тұрғындарға тиісті көмек беруде. Уақытша тұрақтау үшін мешіт пен медреселер есігі əрқашан ашық екенін хабарлаймын.
Бүгін Шымкент қалалық Орталық мешітінде 5 мыңға жуық адамға ас-су берілді. Бұл бағыттағы игі іс-шаралар жалғаса береді.
Алла Тағала Арыс азаматтарына жар болсын. Басқа түскен сынаққа сабыр етуін тілейміз. Ата-аналар балаларымен қауышып, қуанышқа бөленуін нəсіп етсін. Ал түрлі деңгейде жарақат алған жандарға Алла шипасын берсін. Ел іргесі бүтін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Əмин!” – деп атап өтті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.