21 ақпан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдімен сұхбаттасты, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған sunna.kz тілшісі.
Кездесуде тәрбиелі, отаншыл, еңбекқор, білімді жастар шоғырын қалыптастыру, дін мен ғылымның үйлесімділігін насихаттау, дін қызметкерінің зайырлы білімін жетілдіру, т.б. мәселелер кеңінен талқыланды.
Бас мүфтиді лауазымды қызметке сайлануымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізген Өмірбек Байгелді: «Сіздің ҚМДБ төрағасы болып сайлануыңыз тарихи оқиға деп санаймын. Бас мүфтилікке ешкім кездейсоқ келмейді. Білімі мен тәжірибесі үйлескен адам ғана сайланады. Өйткені, бұл – сонау пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан қасиетті жол, қастерлі іс. Алла Тағала жаңа жұмысыңызға береке берсін, деніңізге күш-қуат нәсіп етсін. Ақылдылық пен ұстамдылық – қос қанатыңыз болсын», – деп бата берді.
Өз кезегінде қоғам қайраткеріне алғыс білдірген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Сіз – қоғамдағы абыз ақсақалдарымыздың бірісіз. Сіздің өкшеңізді басқан ізбасарларыңыз елдің игілігі жолында қызмет етуде. Қарияда тәжірибе көп, ал жас адамда тәуекел басым. Осы екеуі көркем үйлесім тапса, көптеген іс-шараларды атқаруға болады. Алла Сізге де күш-қуат нәсіп етсін», – деген ақжарма тілегін арнады.
Екі сағатқа созылған сұхбатта ҚМДБ Төрағасы Өмірбек Байгелді ақсақалға өмірде көргені мен түйгенін дін қызметкеріне түсіндіріп, имамдарға дәріс беруді, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесіне мүше болып, ортақ іс-шараларға белсене араласуды ұсынды. Ұсынысты қабыл алған ақсақал Діни басқарма қызметін әрқашан қолдайтынын жеткізіп, ағынан жарылды.