Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жаман аурудың алдын алуға қатысты Діни басқарманың мәлімдемесі

0 1  747

Бүгінде әлем жұртшылығын дүрліктірген коронавирус көптеген елдерге тарап үлгерді. Вирусты жұқтырған адам саны артуда. Бұл дерт бізді де алаңдатып отыр. 

Сол себепті, әр адам өз отбасына, ұжымына, туған-туыстарына жауапты тұлға болғандықтан, әрқашан сақтық шараларын жасауы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды», – деген. Ал халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл бар.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша мұсылман қауымын көпшілікпен өтетін ас-садақа мен жиындарды, іс-шараларды мүмкіндігінше кейінге шегеруге шақырады.

Ал жамағатпен оқылатын бес уақыт намазға қатысқан жағдайда құлшылықтан кейін қол беріп амандасудан, бір орынға жиналып дұға етуден сақтануымыз аса қажет. Өйткені, құлшылықтан кейін қол алып амандасу намаз шарттарына жатпайды.

Мешітке келуші мұсылман жамағатын төмендегі сақтық шараларға мән беруге шақырамыз:

Мешітке бетперде (маска) киіп келу;

Намаздан тыс мешітте топтаспау;

Мешітке үйден дәрет алып келу;

Мешітке кіргенде және намаздан соң қол беріп амандаспау;

Намаздан кейін көп кідірмей мешіттен шығу;

Жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу;

Қариялардың, науқастар мен әйелдердің жамағат намазына қатыспағаны абзал.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиетінде: «Бір жерде жұқпалы аурудың бар екенін білсеңдер, ол жерге бармаңдар, ал егер сол жерде болсаңдар, сыртқа шықпаңдар», – деген (Муслим).

Сондықтан барша жамағатты өзі мен отбасының, еліміз бен жеріміздің амандығы үшін Жаратқанға дұға жасауға шақырамыз.

Алла Тағала жер бетіндегі күллі адамзатты түрлі апаттан, жаман аурудан сақтағай! Әмин!

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.