Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Әбу Насыр Әл-Фарабидің әдеби-ғылыми мұрасы

0 9  668

Дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте көрнекті із қалдырған ортағасырлық ойшыл, энциклопедист-ғалым, Шығыс Ренессансының көшбасында тұрған дара тұлғалардың бірі Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Фараб (Отырар) қаласында дүниеге келген. Атақты Отырар кітапханасы орналасқан өңірдің түлегі білім баспалдағының алғашқы сатыларын осы өлкеде өткереді. 

Фараби өмір сүрген дәуір терең тарихы, төлтума мәдениеті, озық дәстүрі бар түркі даласына ислам дінінің дендей еніп, түркі, араб, парсы мәдениетінің тоғысуы басталған күрделі кезең еді. Саналы ғұмырын ғылым-білім жолындағы ізденіске арнаған Фарабидің өмірлік ұстанымының қалыптасуына аталмыш факторлардың әсері үлкен болғаны анық.
Мұсылман әлемінің сол кезеңдегі аса маңызды ғылым мен мәдениет орталықтары Бағдат, Шам, Мысыр елдеріне сапар шеккен жас Фараби араб, парсы, грек, латын, санскрит тілдерін жетік меңгеріп, сан-сала ғылымға бой ұрады. Өз дәуірінің атақты ойшыл ғалымдарымен, өнер иелерімен, сөз зергерлерімен сұхбаттас болған Фараби сол кезең ғылымындағы күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелерді тап басып танып, ізденісін осы арнаға бағыттайды. Философия, логика, психология, этика, математика, астрономия, тіл білімі, эстетика, социология, поэтика салаларына арналған 150-ге жуық трактат қалдырған энциклопедист-ғалымның өз зерттеулерінің үлкен бөлігін Аристотель еңбектерін түсіндіруге арнауы – дәуір сұранысынан туған ізденістер еді. Көрнекті шығыстанушы Е.Э.Бертельс бұл туралы: “Аристотельдің араб тіліндегі алғашқы аудармалары мінсіз деуге келіңкіремейтін. Ғылыми терминологияның қалыптаспағандығы аудармашылар жұмысына едәуір бөгет жасады. Мәтінді игере алмағандықтан олар көбіне грек тіліндегі түпнұсқаның синтаксистік құрылымын сақтауға тырысып, аударманы араб оқырманы мүлде түсінбейтін жағдайға жеткізді. Тек Фараби еңбектері ғана көне дәуір дүниелерін дұрыс түсінуге мүмкіндік берді. Ғалым Аристотельдің “Категориялар”, “Герменевтика”, “Бірінші және екінші Аналитика”, “Топика”, “Риторика”, “Софистика”, “Поэтика” секілді еңбектеріне түсіндірме жасады. Осы еңбектері әл-Фарабиді “Екінші ұстаз” атандырды” деп жазады . (Осы орайда “Екінші ұстаз” атауы жөнінде қалыптасқан жоғарыдағы пікірден өзгеше өрбіген дінтанушы М.Бұлұтайдың: “Фарабидің “Екінші ұстаз” аталуын дәреже жағынан емес, тарихтағы кезеңі жағынан екіншілік деп түсінеміз” деген пікірін де ескере жүрген жөн секілді ).
Сан-сала ғылымның түп қазығын философия мен логикадан тарата зерттеуде Фараби Аристотель бағытын жалғастырды. Ғалымның өзіне дейін жасалған әдістеменің ізімен жүруі қалыпты құбылыс болатын. Шығу тегін өзі логикадан тарататын поэтика, әдебиет теориясы, тіл білімі салаларына арнап әл-Фараби “Өлең өнері туралы трактат”, “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат”, “Әдебиеттегі пікірталас туралы трактат”, “Риторика туралы трактат”, “Аристотель “Риторикасына” түсіндірменің үлкен кітабы”, т.б. еңбектер қалдырды. Сондай-ақ “Логика туралы трактат”, “Ғылымдардың шығуы туралы трактат”, “Мемлекет билеушісінің нақыл сөздері”, “Ғылымдардың жіктелуі туралы трактат” секілді еңбектерінде де Фараби әдебиет пен поэзияға қатысты бірқатар тұдің әдебиет пен өлең өнеріне қатысты біршама пікірлері тұжырымдалған.
Фарабидің әдебиет әлеміне қатысты ғылыми еңбектері мен жеке шығармашылығы белгілі ғалымдар А.Машанов, Х.Сүйіншәлиев, М.Мырзахметов, Р.Бердібай, Н.Төреқұлов зерттеулеріне арқау болды. Ә.Дербісәлиев, А.Көбесов, Б.Ғафуров, Н.Келімбетов, Т.Медетбаев еңбектерінде Фараби мұраларының әдеби қырына назар аударылды. Әл-Фарабидің “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактаты” мен бірнеше өлеңі А.Нысаналиннің аударуымен 1974 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. Дегенмен Фараби мүраларының басым бөлігі әзірге қазақ тілді оқырманның игілігіне айнала қойған жоқ. Бұл салада атқарылар қыруар іс келер күннің еншісіне қалып отыр.
Әл-Фарабидің “Ғылымдардың жіктелуі туралы трактатында” логика ғылымының сегізінші бөлімі ретінде поэтика аталады: “Логиканың бұл бөлімі поэзияны талдау қағидаларын, кең таралған поэтикалық пайымдаулар мен өнердің өзге де салаларында қолданылатын пайымдау түрлерін қамтиды. Сондай-ақ ол өлең өнерінің барлық заңдылықтарын бүге-шігесіне дейін сипаттайды, өлеңнің, поэтикалық пайымдаудың түрлерін, олардың ерекшеліктерін, жасалу жолдарын, көркемдікке, шеберлікке, биік сапаға қол жеткізу әдістерін ашып көрсетеді” (аудармалар біздікі –А.Ә.) деп тұжырымдайды ғалым . Бұл жерде Фараби қолданған “поэтика” терминінің зерттеушілер айтып жүрген “Поэзия туралы ғылым” деген анықтамадан гөрі қазіргі әдебиеттануымызда қолданылатын көркем туындының болмыс-бітімін тұтастықта қарастыратын, жалпы алғанда “әдебиет теориясы” ұғымымен мазмұндас, жекелей алғанда әдебиеттану ғылымының бір саласы болып табылатын “поэтика” ұғымымен үйлесетінін аңғарамыз. Тағы бір назар аударатын жайт, Фараби өз еңбегінде поэтиканы логикадан таратып, поэтикалық пайымдаулар мәселесін бірінші кезекке қойғанымен, таза поэзия табиғатына тән ұғымдарды да ұмыт қалдырмай, тұтастықта қарастырған. Фараби трактаттарындағы эстетикалық идеяларды талдай отырып, осы ерекшелікке назар аударған зерттеуші Л.Исламова: “Әл-Фараби поэтикасы белгілі бір деңгейде логика ілімінің қалыптарымен шектелгенімен, ғалым өлең сөзді тыңдаушыға эмоциялық әсер беретін құрал ретінде де қарастырады” деп жазады .
“Поэтика” ұғымына катысты Фарабидің жоғарыда келтірілген тұжырымдамасы ғалымның осы салаға арналған трактаттарында жан-жақты қырынан ашылады. Бұл тақырыптағы трактаттардың ең көлемді әрі кең танымалы – “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат”. Еңбектің кіріспесінде Фараби Аристотельдің “Өлең өнерінде” айтқан ойларын талдап, тұжырымдарын бекітуді, оны талапкерлерге таныстыруды мақсат еткенін айта келіп: “Алайда біз аталмыш өнерге қатысты мәселелерді бүге-шігесіне дейін талдап жатпаймыз, өйткені философтың өзі де поэтика тұрмақ, софистика жөніндегі тұжырымдарын аяқтаған жоқ. Себебі ол өзіне дейінгілерден ақиқатты айқындау жолында тірек етіп алуға тұрарлықтай ешбір негіздер мен заңдылықтарды таппаған. Таңғажайып талантты ұлы ойшылдың өзі аяқтамаған мәселелерді ақырына жеткіземін деп талпынғаннан гөрі өлең өнеріне қатысты тыңдаушыға пайдалы қазіргі қолданыстағы қағидаларды, пайымдаулар мен мысалдарды талдап, көрсетумен шектелгеніміз жөн болмақ” деп жазады .
Әл-Фарабидің трактаттағы “поэтикалық пайымдау” ұғымына сатылай көтерілу мәнері, ой қисыны оқырманын еріксіз елітіп әкетеді: “Сөздің мағынаны жеткізе алуы да, жеткізе алмауы да мүмкін. Мағыналы сөз жай немесе күрделі болады. Күрделі сөздерді “пайымдаулар” немесе “пайымдауға жатпайтындар” деп бөлуге болады. Пайымдаулардың кейі – айқын, кейі – бұлыңғыр. Айқын пайымдаулардың кейі – шынайы, кейі жалған болады. Жалған пайымдаулардың бір бөлігі қарастырылып отырған затты тыңдаушы санасында айқын бейнелесе, екінші бір бөлігі олардың ойында затқа еліктеу туғызады, осы соңғысы поэтикалық пайымдаулар болып табылады. Мұндай еліктеулердің кейбірі – кемел, кейі толыспаған болып келеді. Олардың толысу-толыспауының табиғатын зерттеп-зерделеу – ақындардың немесе түрлі тілдер мен диалектілердегі поэзияларды зерттеп, солар туралы еңбек жазып жүргендердің үлесіндегі дүние” .
Осы үзіндідегі әл-Фараби тұжырымдарының түйіні болып табылатын “тыңдаушы санасында затқа еліктеу тудыру” құбылысы қазіргі әдебиеттануымыздағы “образ” ұғымымен төркіндес екені күмән туғызбайды. Осы құбылысты жіті аңғарған зерттеуші Т.Медетбаев былай деп жазады: ”Аристотель еліктеуді поэзия, мүсін, музыка, би сияқты өнер түрлерінің негізгі құралы ретінде қолданады. Әл-Фараби Аристотельдің өнер туралы ойларын дамыта келіп, еліктеуді образбен алмастырды. Ол образды екі мағынада қолданады: бірі көркем сөз, көркем тіл болса, екіншіден – ол адам, яғни кейіпкер деген ұғымды білдіреді. Кейде ол образды поэтикалық пайымдаулар деп те атайды” .
Поэтикалық пайымдаулардың (А.Нысаналин “ақындық түйіндеу” деп келтіреді) өлшем мен мазмұнға қарай жіктелетінін айта келіп, Фараби өлшем бойынша жіктеулерді музыканттың немесе просодистің үлесіне жататын тіл мен әуеннің тегіне қатысты дүние деп білсе, мазмұн жөніндегі ғылыми жіктеулерді символдарды түсіндіріп, поэзияны талдаушы, поэтикалық идеяларды, түрлі халықтар мен мектептерге тән поэзияны зерттеуші қауым өкілдерінің еншісінде қалдырады. Фараби көптеген халықтардың поэзиясында мазмұн мен өлшем арасына шек қойылмай, аралас қолданылатынын, бұл мәселеде қатаң қағиданы тек көне гректер ғана сақтағанын айтады. Әрине, Фараби бұл жерде поэзияның әрбір түріне белгілі бір өлшемді ғана қолданатын көне гректік өлең қағидаларын үздік үлгі ретінде ұсынғалы отырған жоқ. Өлшем мен мазмұнның қатаң қағидаларға бағындырыла бермеуі түрлі халықтардың дүниетанымындағы, көркем ойлауындағы, сөз қолданыстарындағы ерекшеліктерге байланысты екені айқын. Фараби тек қатаң сақталатын қалыбы бар, теориялық тұжырымға салуға икемді, ең бастысы, біршама зерттеулерге арқау болып үлгерген грек поэзиясын толымды талдауға лайық және танымдық мәні бар объекті ретінде алады. Сонымен Фараби жіктеуінде көне грек поэзиясы мынадай түрлерге бөлінеді:
Трагедия –арнаулы өлшемі бар, тыңдаушыға да, айтушыға да ләззат беретін өлең түрі. Трагедияда өзгелерге үлгі-сабақ боларлық жақсылы-жаманды істер сипатталады, билеушілер марапатталады. Музыканттар әдетте трагедияны әміршілердің алдында орындайды. Әмірші дүниеден өткен жағдайда трагедияға жоқтау сарыны бар өлеңдер қосылады.
Дифирамб – трагедиядан екі есе артық өлшемі бар өлең түрі. Дифирамбта жекелеген адамдарға емес, жалпы адам баласына ортақ абзал мінездер, ізгі істер, сондай-ақ күллі адамзатқа қайырлы істер жасаған дара тұлғалар дәріптеледі.
Комедия – арнаулы өлшемі бар өлең түрі. Комедияда келеңсіз, оғаш жайттар суреттеліп, адамдардың мінез-құлық, іс-әрекетіндегі ұнамсыз көріністер шенеледі. Жекелеген тұстарда кейбір адамдар бойындағы жануарларға тән жағымсыз, жиіркенішті мінездер баса көрсетіледі.
Ямб – бұл да арнаулы өлшемі бар өлең түрі. Ямбта мақал-мәтелдер секілді жақсылы-жаманды істерді сипаттайтын нақыл сөздер келтіріледі. Бұл өлең түрі соғыстар мен дау-жанжалдар кезінде, ашу-ызалы сәттерде қолданылады.
Драма – алдыңғы түр тәрізді поэзия жанры. Ерекшелігі сол – мұнда белгілі бір адамдарға, жеке тұлғаларға арналған ой түйіндері, нақыл сөздер қолданылады.
Айнос – жоғары шеберлікпен жазылған, көркем де келісті пайымдауларды қамтитын өлең түрі.
Диаграмма – тәртіпке бағынбайтын, тезге салуға көнбейтін адамдардың жанын қандай жан түршігерлік азаптар күтіп тұрғанын сипаттайтын заң шығарушылар қолданатын өлең түрі.
Эпос және риторика – өткен дәуірлердегі саяси және құқықтық тәртіптер суреттелетін поззия жанрлары. Өлеңнің бұл түрлерінде сонымен қатар билеушілердің өмір-салты мен іс-әрекеттері, ел басқарған кезеңі мен сол тұстағы айтулы оқиғалар баяндалады.
Сатира – белгілі өлшемі бар, музыканттар ойлап тапқан өлең түрі. Олар өздерінің әндері арқылы аң кейпінде киінген адамдар мен әртүрлі жануарларды таң қалдырарлық, әдеттен тыс қимыл-қозғалыстар жасауға мәжбүр етеді.
Поэма – жақсылық пен жамандықты, дұрыстық пен бұрыстықты бейнелейтін өлең түрі. Мұндай өлеңдердің әрбір түрі өзі сипаттайтын үлгілі, жарқын немесе келеңсіз, айыпты жайттарға сәйкес келеді.
Амфигенезис – жаратылыстану ғылымдарын сипаттау мақсатында жаратылыстанушы-ғалымдар ойлап тапқан өлең түрі. Поэзия жанрларының ішінде өлең өнерінен алшақтау жатқаны – осы түр.
Акустика – шәкірттерді музыка өнеріне баулу үшін қолданылатын өлең түрі. Оның қолданылу шеңбері осымен шектеледі, ол басқа салаларда қолданылмайды .
Фарабидің көне грек поэзиясының түрлерін жіктеп, талдап, толығымен сипаттап көрсетуі поэзиядағы түрлердің, өлшемдердің, ұғымдардың тарихи даму барысында қандай өзгерістерге түскенін, қаншалықты жетіліп, сараланғанын, “поэзия” ұғымына қатысты көзқарастардың қай дәрежеде өзгергенін пайымдауға мүмкіндік береді. Автор грек поэзиясы түрлеріне жалаң талдау жасап қана қоймайды, оларға қатысты өз пікірін де білдіріп отырады. Мәселен ол амфигенезистің мазмұндық қалыбы поэзия табиғатына айтарлықтай сай келмейтінін орынды ескертеді. Көне гректер дәуірінде ғана емес, сөз өнерінің қыр-сырын терең меңгеріп, асау өнер – поэзияның бабын тауып, бағындыра білген ортағасырлық Шығыста да көптеген ғылыми еңбектер (мысалы, Ибн Синаның “Емшілік өнері жайлы трактаты”) өлеңмен жазылды. Поэзияның мүмкіндіктерін жаңа бір қырынан тануға ықпалын тигізеді дегенімізбен, мұндайда өлең белгілі бір мақсатқа қызмет ететін құрал ретінде ғана қолданылып, өзінің басты қасиеті – көркемдігін әлсіретіп, немесе мүлде жойып алады. Ал Фараби ұғымында өлең еліктеу, яғни образ тудыра алса ғана – өлең, тудыра алмаса, өлең емес. Трактаттар контексіндегі “образ” ұғымының астарында кейіпкер бейнесі ғана емес, өлең өнеріне тән күллі көркемдік жатқаны айқын. Қазіргі әдебиет теориясы да образ ұғымына осы тектес анықтама береді. Сондай-ақ өлең өнерінің бітім-болмысы лиризмге, эмоцияға, экспрессияға бейім екендігін ескерсек (“Поэзия – эмоция, проза – сюжет”), Фарабидің амфигенезиске берген бағасы – оның поэзия табиғатын тап басып тани білгендігінің айқын айғағы деуге болады.
Фарабидің өзі ескерткендей, ол жоғарыда келтірілген грек поэзиясы түрлерін осы тұтас қалпында түпнұсқадан тауып, жалаң аударма жасап қана отырған жоқ. Зерттеушілердің анықтағанындай, “поэзия жанрларын бұлайша жіктеу Аристотель туындыларында кездеспейді” . Фараби бұл мәліметтерді “Аристотель, Темистий және басқа да философтар мен олардың еңбектеріне түсіндірме жазушылардың поэзия өнері жайлы пайымдау-пікірлерінен алғанын” айтады . Мұның өзі көне грек поэзиясын талдап-түсіндірмес бұрын оны саралап, жіктеуде, көзқарастарды тиянақтап, тұжырымдауда әл-Фарабидің қосқан үлесі елеулі екенін көрсетеді.
Сөз болып отырған трактатта Фараби ақындар жайына арнайы тоқталып, оларды үш топқа бөлуге болатынын айтады. Бірінші топтағылар – табиғи дарыны бар, өлеңді жазуға және нақышына келтіріп оқуға, сөз ойнатуға бейім ақындар. Олар өлең өнерінің қағидаларымен жете таныс болмағанымен, тамаша табиғи талантының арқасында айтқысы келген ойын шебер жеткізе білетіндер. Екінші топқа поэзия заңдылықтарымен жақсы таныс, көркемдік құралдарды шебер қолдана білетін, бейнелі сөздер ойлап табуға бейім ақындар жатады. Үшінші топ – еліктеушілер. Өздерінің сөз қолданыстарында алғашқы екі топқа еліктегенімен, олардың табиғи дарыны да, өлең қағидаларынан хабары да жоқ, сондықтан жиі қателік жіберіп алады.
Фарабидің ақындарға берген анықтамалары сөз зергерлеріне қатысты қазіргі пайымдаулармен толық сәйкес келеді. Ол мұндай жіктеу үлгісінің өзінен бұрынғы ойшылдарда да кездесетінін айтады. Әдетте Фараби трактаттарының тілі күрделі болып келгенімен, ақындарды сипаттаған тұста ол жазылып, ширай түседі, жатық әрі шешен тілге айналады. Мұның себебі талданып отырған құбылыстың белгілі бір әдебиет өкілдеріне ғана емес, барша халықтар әдебиетіне ортақ екендігінде болса керек.
Фараби ақындар шығармаларының ішкі жан сезімдерінен туындайтын табиғи шабытпен ғана емес, сыртқы себептердің салдарынан еріксіз, мәжбүрлі түрде де жазылуы мүмкін екендігіне назар аударады. Мұндай пайымдауларға сарай ақындарының поэзиясы жеке шығармашылық түр ретінде қалыптасып, жоғары дамыған (оған сұраныс та жоғары болған) ортағасырлық араб әдебиетінің ықпалы көбірек болған секілді. Бұл орайда автор атап көрсететін жанр түрлерінің (сатира мен мадақ) араб әдебиетінде терең тарихы бар. “Табиғатынан мадақ жазуға бейім ақынды сатираға немесе мүлде басқа бір жанрға қалам тартуға мәжбүр ететін жағдайлар болуы мүмкін. Немесе белгілі бір поэтикалық жанрды зерттеп-зерделеп, жетік меңгерген адамның өзі игермеген өзге жанрда қалам тартуға мәжбүр болуы ықтимал. Дегенмен ақынның табиғи дарынына сай ерікті түрде жазылған поэзия ғана нағыз поэзия бола алады” деп жазады ұлы ойшыл . Шығармашылық процесіндегі көп назар аударыла бермейтін нәзік тұстарға мән беріп, ақындардың (жалпы шығармашылық иелерінің деуге де болады) табиғатынан белгілі бір жанрға бейім болатынын атап көрсетуі – Фарабидің шығармашылық психологиясын терең түйсіне білгендігінің айғағы. Аталған құбылысқа казіргі әдеби талдауларда лайықты назар аударылмай келеді. Ал Фараби айтқан “нағыз поэзия еркіндікте ғана туады” деген тұжырым – қазіргі әлем әдебиетінің ұранына айналған ұғымдардың бірі.
Ақын шеберлігінің толысқан-толыспағандығының өлшемі етуге тұрарлық басты сипат ретінде Фараби өлеңдегі тақырып пен идеяның жеткізілу шеберлігін атайды. Парасатты зерттеуші Фараби идеяларды жақсы, жаман деп бөлмейді, керісінше оны қабылдаушы санасымен байланыстырып, идеялардың залалды, залалсыз болып өзгеріп тұруы адамның рухани сапалық деңгейінің жоғарылау-төмендеуіне тікелей байланысты деп біледі. Тақырып табиғатын ашатын ақын шеберлігі салыстырылатын заттар мен құбылыстардың өзара ұқсастығы мен дәлдігі арқылы өлшенеді.
Теңеу сөздерге талдау жасағанда Фараби олардың көркемдік дәрежесіне қарай жіктелетінін айта келіп, өзара ұқсас заттар арқылы ғана емес, бір-біріне мүлде ұқсамайтын заттар мен құбылыстар арқылы да теңеулер жасалатынын, оларды әсерлі де иланымды ете білу ақынның шеберлігіне байланысты екенін атап көрсетеді. Фарабидің “теңеу” ұғымының аясында онымен табиғаты туыс бейнелеу құралдары – ауыстыру, шендестіру, сипаттама (эпитет), параллелизмдерге тән сипаттар қамтылғанын аңғару қиын емес.
Ғұламаның сергек санасы қалт жібермеген тағы бір құбылыс – ақындар мен суретшілер шығармашылығындағы өзара байланыстылық. Фараби олардың бейнелеу материалы түрліше болғанымен, шығармашылық мақсаты бір екендігін, поэзияның пайымдаулар (сөз) арқылы, ал живописьтің бояулар арқылы адамның сана-сезімінде еліктеулер (образ) тудыратынын пайымдайды. “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактатын” аяқтай келе Фараби бұл қағидалардың ұсақ-түйегіне дейін үңіліп, таратып айтпау себебін өнердің белгілі бір түріне немесе аспектісіне ғана терең бойлап, соған маманданып, сонымен ғана шектеліп қалудан сақтануымен түсіндіреді.
Әл-Фарабидің поэтика мәселелерін талдаған екінші бір еңбегі – “Поэзия өнері туралы трактат”. Еңбектің кіріспесінде араб өлеңінің құрылысына тән ұйқас пен ырғақ, өлшемдер, образдылық, үйлесімділік мәселесі сөз болады. Фараби сондай-ақ әуен (музыка) мен өлеңді бөле-жармай бірге қарайтын халықтар мәдениетіндегі қос құбылыстың табиғатына тоқтала келіп, “өлеңді әуенмен айтушылар әуеннің ырғағын бұзып алудан қалай сақтанса, өлең өлшеміне нұқсан келтіруден де солай сақ болуы қажет” деген тұжырым жасайды . Тек бұл трактатта ғана емес, музыка мәселелерін талдаған еңбектерінде де Фараби өлең мен әуеннің байланысына үнемі мән беріп отырады. “Әуен өлеңмен үйлескенде әлдеқайда әсерлі естіледі, мұндайда (өлең) сөз де мәнерлірек бола түседі” деп жазады ол . Әуеннің поэзияның белгілі бір түріне бейімделетіні, қолданылатын тілдің синтаксистік құрылымына тәуелді болатыны, диалектикамен байланысты қос құбылыс – поэтика мен риториканың заңдылықтарына әуеннің де бағынатыны жайындағы ғалым тұжырымдары синкретті фольклор жанры басты роль атқарған, әуен мен өлеңнің ара-жігі ажырап болмаған ортағасырлық мәдениеттің болмыс-бітімімен тығыз байланыста туындаған.
Фараби ұғымында өлеңге қойылатын басты екі талап – өлшем және еліктеу (образдылық). Екеуінің бірі кем болса, өлең өлең болудан қалады. Бірі артық болса да солай. Осы соңғы құбылысты да ғалым сарабдал сана елегінен өткізген: сөз мағынасына лайықты пішін қолданбай, образдылықты шектен тыс көп пайдаланған шешендердің риторикадан поэтикаға, ал шешендік сөздерді көптеп қолданған ақындардың поэтикадан риторикаға ауытқитынын ғалым айқын мысалдармен дәлелдейді. Еліктеу (образ) тудырудың іспен және сөзбен орындалатын екі түрі барын айта келіп, Фараби соңғысын екіге бөледі: 1.Заттардың өзі арқылы елестету. 2.Заттарды өзге бір зат арқылы елестету. Алғашқы елестету түрі ғылыми анықтамаларға тән болса, екіншісі ғылыми дәлелдемелерге тән . Келтірілген тұжырымды дәлелдеуде Фараби елестету мен еліктеу тудыру нәтижесінде туындайтын көптеген психологиялық құбылыстарды талдап көрсетіп, әдебиеттегі образ жасау әрекетінің табиғаты мен мән-мазмұнын ашып береді. Трактаттың поэзия өнеріне арналғандығына қарамастан ғалым тұжырымдары мен дәлелдемелерінде түрлі ғылыми салалардан алынған мысалдар көптеп кездеседі. Табиғаты бөлек болғанымен қарастырылып отырған құбылыспен жымдаса бірігіп, белгісіз қырларын танытуға қызмет ететін мұндай мысалдардың көптігі ғылым мен өнер салалары толық жіктеліп, сараланып, дербестік алып үлгермеген дәуір ғылымына тән ерекшелікті ғана емес, энциклопедист-ғалым Фарабидің кең ауқымды біліктілік деңгейін де танытады. Сондай-ақ мұнда дүние құбылыстарын бөліп-жармай тұтастықта қабылдайтын, тұтастықтан таратып, сол тұтастық аясына қайта жинақтайтын, заманалар бойы қалпын бұзбай келе жатқан Шығыстық дүниетаным көрінісі де жоқ емес.
“Ғылымдардың жіктелуі туралы трактатында” Фараби поэтиканың қарастыратын мәселелерін үшке бөліп көрсетеді: бірінші бөлім қарапайым және күрделі өлең өлшемдерін, буын мен бунақтың дыбыстық құрылымын, толымды және толымсыз өлшемдерді, олардың өзіндік ерекшеліктерін қарастырса, екінші бөлім әрбір өлшемге тән ұйқас түрлерін, ұйқас құрамындағы дыбыс сандарының өзгеру ерекшеліктерін, толымды, толымсыз, моноримдік ұйқастар мәселесін қамтиды. Ал үшінші бөлім поэзияда ғана қолданып, прозада қолдануға болмайтын сөздерді зерттеп-зерделеуге арналған. Осы бөлімдердегі қамтылған мәселелерді Фараби поэтиканың тілтанумен ұштасатын қыры ретінде бағалайды.
Әл-Фарабидің “Мемлекет билеушісінің нақыл сөздері” трактатында поэтикалық шығармалардың түрлері талданады. “Барлық поэтикалық туындылар кез келген бір затты (немесе құбылысты) санада айқын елестету үшін жазылады” деген кіріспе сөзінен ғалымның поэтикалық шығармадағы образдылық мәселесін бірінші кезекке қойып отырғаны аңғарылады . Фараби поэтикалық туындылардың алты түрі бар екенін айта келіп, олардың үшеуін – мақтауға тұрарлық, қалған үшеуін құптауға жатпайтын түр деп бөледі. Алғашқы үш түр парасат күшін жетілдіру, санада биік идеалдар қалыптастыру, адамның рухани сапалық қасиеттерін жақсарту, шектен шығуға бейім мінездерді тепе-теңдікке келтіру, барлық қабілет-қасиеттерді ізгі іске бағыттау мақсатына қызмет етеді. Ал құптауға жатпайтын поэзия түрлері мақтаулы түрлерге қарама-қарсы сезім мен әсер туғызады, тепе-теңдіктен, үйлесімнен ауытқуға себеп болады. Барлық түрлердің өзіне тән әуені болады, бұл әуендер жоғарыда аталған поэтикалық шығармалардың түрлері тәрізді жіктеледі.
Ғалымның бұл тұжырымдарынан көркем туындының, образ жасаудың барлық мән-мағынасы – діттелгендей эстетикалық әсер туғызу, сол арқылы тыңдаушының (немесе оқырманның) сана-сезімін серпілтіп, ізгі мақсатқа бұру, адам рухын жетілдіріп, кемелдендіруге қызмет ету деп есептейтіні аңғарылады. Әдебиеттің идеялық-эстетикалық ролін, қоғам өміріндегі маңызын шағын талдауда Фараби осылайша ашып көрсетеді.
Ғылымның өзге де көптеген салаларымен қатар әдебиеттану мен поэтикада да терең талдаулар жасап, соқталы ой, сындарлы пікірлер қалдырған ғұламаның ғылыми тұжырымдары ғана емес, заманалар ауысса да құнын жоймайтын өзекті идеялары да оның шығармаларын оқып, тани білген ортағасырлық Шығыстың озық ойлы шығармашылық иелеріне зор ықпалын тигізді. “Мәдениеттің кейінгі дамуына, соның ішінде Шығыс, Орта Азия, Қазақстан, Кавказ халықтарының мәдениетіне әл-Фарабидің жасаған ықпалы әр тарапты болды және ұзаққа созылды… Түркі тіліндегі Махмұд Қашқаридің және Жүсіп Баласағұнның шығармаларынан тамаша энциклопедист-ғалым әл-Фарабидің рационалистік және гуманистік идеяларының іздері айқын көрінеді” деп жазады көрнекті философ А.Қасымжанов .
Шығыс Ренессансы ортағасырлық әдебиетте философиялық ойлардың кеңінен көрініс табуына шешуші әсер етті. Әдебиет әлемінде Фараби идеялары көркем шығармалардан көрініс тауып, халық арасына кеңінен тарап жатты. Көрнекті шығыстанушы Б.Ғафуров Фараби шығармаларындағы терең философиялық тұжырымдарды, кемел парасат жайлы асқақ ойларды, “қайырымды билеуші” бейнесіндегі биік аңсар-мұратты Фирдоуси, Низами, Жүсіп Баласағұн, Сағди, Хафиз, Жәми, Науаилардың өз шығармаларында жаңғыртқанын айта келіп: “Биік гуманистік идеал әзірбайжан ақыны Низамидің қаламына қуат берді. Арада ғасырлар өткенде Абай оны өзі ұстаз тұтқан поэзия алыбы ретінде бағалады. Ж.Баласағұнның “Құтты білік” поэмасы мен Ш.Руставелидің “Жолбарыс терісін жамылған батыры” бір мезгілде жазылды. Руставелидің саясат пен тұрмыс даналығын қатар қамтыған насихаттары Жүсіптің абыройлы да бақытты тұрмысқа жол нұсқайтын ақыл-кеңестерімен үндес келеді” деп жазды .
“Әл-Фараби және Абай” атты еңбегінде көрнекті ғалым А.Машанов Әл-Фарабидің дүниенің сегіз сипатын математикалық тұрғыдан дәлелдегенін жаза келіп, осы сегіз сипатты Абайдың адам бойынан іздеп, өзі тудырған өлең түрін “Сегізаяқ” деп атағаны жайлы ой айтады . Айтылмыш тұжырымды негізге алған белгілі философ Т.Бурбаев Абайдың аталған өлеңінде “дүние” ұғымының сырын ашатын жолдардың барлығына назар аударып, осы ұғымның ұлт менталитетіндегі қолданылу аясына, даму көріністеріне тоқталады . Жалпы алғанда Фараби идеяларының бертінгі дәуір әдебиетіндегі іздерін зерттеу мәселесі – әзірге түрен тимеген тың сала. Мұның өзі алдымен кейінгі дәуірлердегі шығармашылық иелерінің Фараби еңбектерімен қалай және қай дәрежеде таныс болғанын анықтауды қажет етеді. Ғұлама мұрасын әдебиет әлемімен байланыстыра зерттеудің перспективалық бағыттарының бірі – осы.
Фараби ғұламаның ұшан-теңіз шығармашылығының елеулі бір бөлігін оның өлеңдері құрайды. Ғұламаның ақындығы жайлы алғашқы мәліметтерді ортағасырлық араб тарихшылары қалдырған. Фараби жайында жазылған араб тіліндегі тарихи мәліметтердің едәуір бөлігін отандық ғылымға зерделі зерттеуші Ә.Дербісәлиев таныстырды. Араб жылнамашысы Ахмад ибн Халликан (1211-1282) өз естелігінде Фарабидің өмір жолы мен еңбектері туралы айта келіп, Имад ад-Дин әл-Исфаһани еңбегіне сілтеме жасай отырып, Фарабидің бірнеше жол бәйітін келтіреді. Екінші бір арабтық автор, атақты дәрігер Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) төмендегі жыр жолдарын Фарабидыкі деп келтіреді:

Бәйітім менің кәдеңе сенің жараса,
Нұр сәуле одан тапқаның.
Ұға алмасаң ғақлия
қараңғыда мәңгілік
Көзіңді жұмып жатқаның.
Қысыр сөз бізге не керек
әбден мезі етсе де
Нәсіп болған дәмімді
әлі де татып келемін…

Әдебиетші ғалым Аббас Махмуд әл-Аккадтың “Әл-Фарабиани” атты еңбегінде мынадай мәлімет келтіріледі: “Сайф ад-Дауланың сарайына жиналған даңғойлар мен ақындар аптаның әр күні әдемі, әуезді, бұлбұлды баққа барып, мүшәйраға түсетін. Әбу Насыр әл-Фараби де оған жиі қатысатын. Ол өзгелердей емес, Сайф ад-Дауланың өзімен келіп әкімнің жанына отыратын. Білімпаз әмірші… әл-Фарабидің философиялық тұжырымдарын да, өлеңдерін де қатты ұнататын, сүйсіне тыңдайтын. Мұндай санаткерлік сынға араб-парсы ақындарының сайыпқырандары ғана қатыса алатын” . Ортағасырлық араб поэзиясының көрнекті өкілі Әбу Фирас (932-968) өзінің ақын досына: “Поэзия – дөңгеленген алтын түйе, оның басы – Әбунасыр Мұхамедке, өркеші – Әбу Нуасқа, иығы – Омар ибн Рабиаға, кеудесі Әбу Таммамға тиді, қалғаны – ішек-қарын, оны екеуміз бөлісіп отырмыз” деп жазған екен . Р.Хадоят, М.Аббас, А.Атеш, Х.Данышман, Декхудо секілді бертіндегі араб, парсы, түрік авторларының еңбегінде де Фараби өлеңдері жайлы біршама мәліметтер берілген.
Қазақ оқырманына Фараби өлеңдерінің шағын бөлігі ақын А.Нысаналиннің көркем аудармасымен белгілі болса, жекелеген шумақтары көрнекті ғалымдар Н.Келімбетов, Ә.Дербісәлиевтердің жолма-жол аудармасы және А.Машановтың еркін аудармасы арқылы таныстырылды.
Фарабидің біздің игілігімізге айналған шағын шығармашылығын саралар болсақ, ғұлама ғалымның ой мен сезімді қатар ұстай білген парасатты ақын да болғанын аңғарамыз. Фараби жырларында бірде нәзік сезім, бірде байсалды ой басым келсе, енді бірде екеуі қатар түсіп, тоғысып жатады:

Қашықтасың туған жер – қалың елім,
Не бір жүйрік болдырып жарау деген,
Шаршадым мен, қанатым талды менің
Шаңыт жолға сарылып қарауменен.

Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуынар.
О, жаратқан көп неткен ақымағың,
Құм секілді тез ысып, тез суынар.

Зиялы аз бір тұтам тіршілікте,
Әкімдікке күллісі жүгіреді.
Көкірекпен сезініп, күрсініп көп,
Жаным менің түршігіп, түңіледі .

Фараби өлеңдерінде насихат сарыны байқалады. Оның дидактикасы сезімсіз, сөлсіз жалаң үгіт емес, өршіл рухты, тұнық ойлы, белгілі бір дәрежеде лиризмге де бейім, адамның жан сезіміне қозғау сала отырып, еріксіз иілтетін салиқалы сыр:

Бауырым, қанша сүйгенмен,
Өтеді өмір күйбеңмен.
Шындыққа бас тік алаулап,
Пенделіктен бол аулақ.

Қағаздың түсіп бетіне
Сызықтай бейне тартылған,
Тап болып жігер сарқылған,
Кездейсоқ өмір өтіне
Қайыспай тұрса нар тұлғаң.

Сонда да беріп кетеміз
Жүректің отын молында.
Арманды аңсап өтеміз
Біз ұлы мұрат жолында …
Фараби шумақтарын қазақ тілінде көркем көсілткен А.Нысаналин аудармалары нәзік сезім мен сұлу сырға толы. Көркем аудармаға түпнұсқадан туындайтын эстетикалық әсерді жеткізу басты шарт. Аудармашы сол әсерді сақтай білген. Ал түпнұсқадағы ой мен сезім, көркемдік әдіс, бейнелеу құралдары, шеберлік деңгейі секілді мәселелерді пайымдау үшін араб (ішінара парсы) тіліндегі мәтіндермен жұмыс жүргізген жөн. Арабтың айтулы сөз зергерлері ұстаз тұтып, араб поэзиясының көшбасшысы санаған Фараби өлеңдері бұл тұрғыдан зерттелер болса, шағын шығармашылықтан әдебиетімізге қомақты үлес қосылары анық.
Әдебиеттанушы ғалымдар Фараби өлеңдерінің жолма-жол аудармасын да келтіріп жүр. Шығарма иесінің шынайы сезімін, ой-толғамын, мәнер-машығын дәл беруде жолма-жол аударманың маңызы зор. Н.Келімбетовтің аудармасында түпнұсқадағы тағылымды ой мен тұнық сезім шарпуы көрініс тапқан:

…Адамдар әлде құмға түскен із бе екен?
Біз соншалықты дәрменсіз болғанымыз ба?
Бір рет самал соқса-ақ бәріміз
Мына өмірден ұшты-күйлі жоғалып кетеміз бе?

…Түкке тұрғысыз атақ-даңққа таласып,
Қашанға дейін бір-бірімізді азаптай береміз?
Одан гөрі көк тәңірісіне жалбарынып,
Өліп-ақ кеткеніміз жақсы емес пе?!

Н.Келімбетовтің бертіндегі басылымдарға сілтеме жасай отырып (анық көрсетілмеген), Фарабидің парсы тіліндегі нұсқадан транскрипциялап, мағыналық аудармасымен бірге ұсынған өлеңдерінің бірінде жалқы шумаққа Фарабидің саналы ғұмырының соңғы түйіні, өмірлік ұстанымының мән-мағынасы, ақын-жүректің арман-дерті түгел сыйғызылғандай:
Әсрари уәжуд хам уа напухтә биманд,
Уан гауһари бәс шәриф насуфтә биманд.
Хәр кәс бәдәлили ақил чизий гуфтәәд,
Ан нүктәки әсіл бұд нагуфтә биманд.
Мазмұны: «Барлық ой-пікірлерім шикі күйінде, түйінделмей, пісіп-жетілмей қалып барады. Бұл қымбат гауһар өңделмеген күйінде, кәдемізге жаратылмай қала берді. Жүрек сыры жайында әркім өз ақыл-парасаты жеткенінше бірдеңе айтқан болады. Әйтсе де айтылуға тиіс ең басты пікір айтылмай, нүкте қойылмай қалып барады».
Ғұламаның ақындық бағыты жайынан аудармалардың да аңғартары көп. Фараби өлеңдерінен айқын көрініс тапқан тағы бір ерекшелік – олардың сопылық поэзия сарынымен жазылғандығы. Ортағасырлық ислам ойшылдарының дүниетанымында сопылық таным-түсініктің маңызды орын алғаны белгілі. Айта кету керек, Фараби дүниетанымының сопылыққа қатысы жөніндегі зерттеушілер пікірі бір арнаға түсе қойған жоқ. Тәжікстандық зерттеуші А.Мухамедходжаев “Әл-Фараби және суфизм” атты мақаласында: “Фараби сопылардың тәңірлік бастамамен бірігуге негізделген ілімін қолдамайды. Танымдағы парасаттың ролін төмен бағалайтын сопыларға қарама-қарсы Фараби логика мен рационализмді жоғары қояды” деп жазады . Бұған керісінше А.Баширов (Баку) ағылшын-американ шығыстанушыларының басым бөлігін құрайтын буржуазия философтарының (Э.И.Розенталь, Р.Вальцер, Д.М.Данлоп, Г.М.Викет, А.Арберри, т.б.) Фараби “мистицизміне” баса мән беріп, оны бірыңғай сопылық ұстаным жақтаушысы, материализмге қарсы пікірдегі ойшыл ретінде сипаттайтынын атап көрсетеді . Француз философы Де Ласи Олеари Фараби ілімін жаңаплатондық пен сопылықтың синтезі ретінде бағаласа, түрік философы Ж.Сунар Фарабиді сопылыққа жаңаплатондықтың әсерімен философиялық форма берген тұңғыш философ деп санайды. Соңғы екі пікірді салғастыра келе дінтанушы-философ Д.Кенжетай: ”Біздің ойымызша, Фараби сопылыққа философиялық форма берген сопы ретінде емес, керісінше философияға мистикалық-сопылық мән беру арқылы тұтастыққа ұмтылған ойшыл ретінде көрінеді ” деген тұжырым жасайды .
Фарабидің ғылыми еңбектеріндегі ой-пікірін, әдіс-тәсілін, бағыт-бағдарын зерделеу арқылы қалыптасқан пікірлер легі осы тектес. Ал ғұламаның өмір салты жөнінен дерек келтірген ортағасырлық араб тарихшысы Ибн Сайд әл-Кифти (1167-1248) Фарабидің Сайф ад-Даула сарайынан кеткеннен кейін “тікелей сопылық өмірдің жолына түскенін” жазады. Ғұламаның әдеби мұрасын сопылықпен байланыстырушыларға келсек, Ибн Әби Усайбиға өзі келтіріп өткен жоғарыдағы бәйіт жөнінде: “Әл-Фарабидің осы бір шумағы оның өз өлеңдерін сопылық поэзия үлгісімен жазғандығын көрсетеді” деп жазады. Фараби өлеңдерін сопылық поэзия өлшемдерімен талдар болсақ, бұл пікірлердің негізсіз еместігіне көз жеткіземіз.
Жайнаған бейне бір гүл әлем сыры,
Құбылған мөлдір нәзік гауһар нұры.
Даналар талай нысан таққанымен
Тапқан жоқ тектер тегін әлі бірі.

Ей, қарындас! Қашыңдар жалған жолдан,
Ақиқатты шығарма әсте қолдан.
Бұл дүние мекенің сыйға берген,
Жер-нүктеге телміріп болма алаң.

Біз бір мейман бұл жайда аз-ақ күндік,
Болымсызға таласып күн өткіздік.
Анталасып, аптықпа тар қапасқа,
Адамға әлем мекен ол мәңгілік…
(Аударған А.Машанов)

Осы шумақтардағы “әлем”, “сыр”, “гауһар”, “нұр”, “ақиқат”, “дүние” секілді ұғымдар дағдылы поэзияда да, күнделікті қолданысымызда да бар болғанымен, сопылық поэзияда әлдеқайда терең мағынаға ие болып, терминдік қалыпқа түскен, бір-бірімен ажырағысыз байланыстағы тұрақты қолданыстар болып табылады. “Әлем” – сопылар үшін Алланың барлығы мен бірлігін көрсететін белгі, дәлел. “Сыр” – әулиелерден басқалар сезіне алмайтын сопылық сезім-танымдар. “Гауһар (жауһар)” – Тәңірлік жауһар, субстанция. Адам жаны сол тәңірлік жауһардан берілген. “Нұр” – әлемнің Жаратушысы, бастауы да, ақыры да жоқ ұлық Алланың нұры. “Хақиқат” – сопылық ілімнің өзегі, таңдаулыларға берілетін ілім, ал түпкі ақиқат – Жаратушының өзі . “Дүние (жер)” – адам рухының кемелдік табуы үшін тәнге енгізіліп, уақытша жіберілген мекені. Мәңгілік мекен – шын дүние, Хақ қасындағы әлем. Тектер тегін табу – әлемнің әрі себепшісі, әрі шындығы, бар болмыстың бастауы, ақиқаттардың ақиқаты – Жаратушыны тануға, табуға, онымен тұтастыққа жетуге ұмтылу. “Тектер тегін табу, жаратылыстың түп қазығын білуге ұмтылу – философияның негізгі нысанасы” десек, аталмыш ұғымдарды поэзияда қолдануда таза сопылық таным ғана емес, Фарабидің өзіндік философиялық толғаныстары да көрініс тауып отырғаны анық. Танылған әрбір құбылыстың танымда із қалдырары сөзсіз. Дегенмен басты мәселе өлеңге өзек болған мазмұнның біртұтас сопылық сарынды құрайтындығында болып отыр. Фараби жырларының айтпағы – Хақ нұрына шомылған құпиясы мол әлемде, рухтың кемелденуі үшін сый етіп берілген жер-дүниеде алдамшы қызықтарға алаңдамай, ақырғы ақиқатты көздеп, рухтың асыл мұраты – Алланы тану, Алланы табу үшін, мәңгілік өмірге мәңгілік мәнді тауып аттану үшін әр демнің қадірін біліп, әр мезетті ізденіске толтыру.
…Мұндай ессіз дәуірді көрсемші,
Қоғамдардан да қызық кетті.
Әр бастықтың бойында көңілсіздік,
Әрбір баста бас ауруы бар.
Менің бәйіттерім қалың жұрттың кәдесіне жарады,
Одан нағыз қанағат табасыз.
Өзім тапқан шарапты әлі ішудемін
Менің ең жақсы демалысым да осында, ол сәуле сияқты.
Бұл шарапқа өкініш жоқ.
Бұл шарап шыныларында демалыс (та) жоқ.
Адамдардың (қысыр) әңгімелері әбден мезі етті мені
Сонда да бәрібір оларды (шарапты) ішіп тастадым.
(Жолма-жол аударма, Ә.Дербісәлиев)

Осы шумақтардағы жалқы ұғым – “шарап” сөзіне назар аударайық. Жан-дүниені, тәнді, рухты – бар болмысты тазарту, өзін-өзі тану, түсіну, нәпсіні тәрбиелеу, рухты жетілдіру, осы сатыларды өткере жүріп, ынта-ықыластың бәрін бір ғана мақсатқа – Жаратушы иені тануға бағыттау – сопылық ілімнің өзегі. Өзін-өзі тану адам болмысының он сегіз мың ғаламмен тұтастай үйлесімділігін, осы біртұтас әлемнің Жаратушысының барлығы мен бірлігін, жаратылған әлем мен адамның ұлы Жаратушының хикметі, сипаты болып табылатынын, адам рухының Жаратушы Алла рухының бір бөлшегі екендігін тануға негіз болады. Осынау ұлы үйлесімділікті – Алла мен адам бірлігін бар болмысымен, рухымен сезіну, ақылмен емес, жанмен сезіну адам бойында бұрын-соңды танылмаған ерекше сезім – хәл туғызады. Осы жоғары кернеулі экстаз хәліндегі күйді сопылар мастық хәлмен шендестіреді. Оны символикалық түрде “уахдат (болмыстың бірлігі) шарабынан” мас болу деп сипаттайды. “Шарап” образы – сопылар поэзиясында жиі қолданылып, сан түрлі сипатқа, терең мағынаға ие болған тұрақты образдардың бірі. Сопылық хәлге – экстаз күйіне оқыту, үйрету арқылы емес, жан сезімі арқылы, ауыр да азапты жеке тәжірибе арқылы қол жеткізіледі. Жоғарыдағы өлеңде Фарабидің өзгелер жасаған емес, “өзім тапқан шарапты ішудемін” деуінің мәні осында. “Менің ең жақсы демалысым осында, ол сәуле сияқты” – Алланың – ақиқаттың шын сәулесін, нұрын сезіну, өткінші тіршіліктің барлық қам-қайғысын ұмытып, рахат күйге бөлену “уахдат шарабынан” мас болған экстаз хәлінде ғана мүмкін болады. “Бұл шарапқа өкініш жоқ” – дүниенің шарабы ақылдан адастырса, “уахдат шарабы” ақиқатқа ұластырады. “Бұл шарап шыныларында демалыс та жоқ”, өйткені экстаз халіндегі адам одан айығуды тілемейді де, керісінше рухани тәжірибесін жетілдіре түсіп, бір сәттік хәлді тұрақты мақамға ұластыруға тырысады. “Адамдардың (қысыр) әңгімелері әбден мезі етті мені, сонда да бәрібір оларды (шарапты) ішіп тастадым” – “қал (теория)” ілімін ұстанған шариғатшылар “хәл (тәжірибе)” ілімін көздеген тариқатшылардың (сопылар) ілімін, олардың хәл-күйін түсіне бермеген, Тәңірлік болмыспен бірігу олар үшін ақылға сыйымсыз, шариғатқа қайшы ұғым болып саналған. Шариғатшылардың құрғақ насихаты мезі етсе де, “хәлден” қайтып, “қалға” көшпек жоқ – Фараби өлеңі осыны меңзейді.
Фараби поэзиясын жүгірте шолып шыққанның өзінде оның тұтастай сопылық мазмұнмен көмкерілгені байқалады. Аударма жасау барысында сопылық поэзияға тән жекелеген ұғымдардың басқа баламалармен берілуі де мүмкін екендігін ескерсек, мазмұндық ерекшелікті ашуда түпнұсқаға талдау жасау анағұрлым жемісті болар еді.
Сопылық поэзияның басты көркемдік әдістері – тұспалдау мен бейнелілік. Қалыпты ұғымдарға сия бермейтін ерекше хәлді бастан кешіріп, әлемді сезім арқылы қабылдайтын сопылар сол сезімдерді өз дәрежесінде жеткізу үшін ерекше әсер туғызатын қолданыстарды іздейді. Сол әсерлі қолданыстар арқылы өзінің мистикалық тәжірибесін ғана емес, философиялық тұжырымдарын да бере біледі. Поэзиядан тыс сопылар қалдырған әдебиет үлгілері болмыстың бірлігі жайлы философиялық ойлар мен аллегориялық образдарға толы мысал әңгімелер болып келеді. Фарабидің поэтикаға қатысты ғылыми еңбектерінде образдылықты бірінші орынға қоюына белгілі бір дәрежеде сопылық поэзияның да ықпалы болды деп тұжырымдауға негіз бар. Көрнекті ғалым И.М.Фильштинский ақыл-парасатқа ғана емес, бай қиялға да негізделген философиялық-аллегориялық лирика арқылы көзқарас-пікірлерін жеткізген ортағасырлық ойшылдар қатарында әл-Фарабиді де атайды .
Әл-Фарабидің әдеби мұрасын зерттеп-зерделеуге қатысты бірқатар ой-пікірлеріміз «Оғыз-қыпшақ дәуірінің әдебиеті» аталатын алдыңғы мақаламызда айтылды. Солардың ішінен ең маңыздысы болып табылатын төл әдебиетіміз бен Фараби поэзиясындағы сабақтастық іздерін алдағы уақытта тереңдете зерттеу қажеттігі жөніндегі пікірімізді қайыра еске сала кетуді жөн көрдік.
Әл-Фарабидің әдеби мұрасы туралы ойларды қорыта келгенде мәдениеттанушы-тарихшы Н.Нұртазинаның: “Діннен, мұсылман факторынан алыстатылып, жасанды түрде дүнияуи сипат таңылған бабаларымыздың мұрасы ұлт мәдениеті туралы толық ақиқатты жеткізбей, ұрпақ санасына ұзақ уақыт зор нұқсан келтіріп келе жатыр. Мәдениеттанушылар, әдебиетшілер, тарихшылар, философтар осы бағытта көп ізденулері керек” деген пікірінің әлі де құнын жоймағанын пайымдаймыз . Сондай-ақ белгілі әдебиет зерттеушісі Н.Төреқұловтың әдеби жұмыстардың бір түрі – аударма екенін айта келіп, Фарабидің аударма еңбектерін оның әдеби мұрасымен байланыстыратын тұжырымы да негізсіз емес .
Ендігі бірер сөз Фараби шығармашылығының ашылмай жатқан бір қыры – күйшілік өнері туралы. Ғұламаның күйшілік дарыны ол дүниеге келген қыпшақ даласында да, шығармашылық із қалдырған араб жерінде де аңызға айналған. “Музыканың ұлы кітабын” жазған ғалымның әуен әлеміне алғашқы қадамы да туған топырағынан басталғанына күмән жоқ. “VІІ–Х ғасырларда оғыз-қыпшақ дәуірі әдебиет, музыка (күй), философия, өнершіліктің өркендеген бір сәулетті кезі болса, Қорқыт, әл-Фараби сияқты генийлер – соларды жасаушылардың ұлы басы” деп жазады көрнекті әдебиет зерттеушісі Ә.Марғұлан . “Қобызымен ескі дүниені күңіренткен Әбу Насыр әл-Фараби Қорқыттың ізін ала шыққан, соның шәкірттерінің бірі болуға тиісті. Арун-Рашид (халиф Харун ар-Рашид – А.Ә.) заманында әл-Фараби күйшіні Жанкенттен Бағдатқа алдырып, Бағдат халқы Фарабидің сұлу күйін тыңдайды” дей келіп, автор Фарабидің араб жұртына келуін осы оқиғамен байланыстырады . Алайда аңызға бергісіз бұл мәліметтің дереккөзіне сілтеме жасалмаған.
Айтылғандардан аңғаратынымыздай, даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығының өскен өлкесінің дәстүрімен табиғи тамырласып жатқан кез келген қыры – ғылыми еңбектері, ақындық мұрасы мен күйшілік өнері осы сабақтастық тұрғысынан тереңдете зерттелуге тиіс.
Әлемдік мәдениет пен ғылымда терең із қалдырған дана ғалым, сирек талант иесі Әбу Насыр әл-Фараби бейнесі қазақ әдебиетіндегі көркем туындыларда да өз көрінісін тапты. Тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырып, шығармашылық қиялмен көмкеріп, оқырманға ой саларлық образдар туындатқан жазушы Д.Досжановтың “Фараби” повесі (1967ж.), драматург Ш.Құсайыновтың “Әбу Насыр әл-Фараби” пьесасы (1972ж), ақындар Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Қ.Мырза Әли, М.Шаханов туындылары, Ж.Қыдыровтың “Фараби тригонометриясы” (1972ж) мен І.Есенберлиннің “Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби” атты поэмалары, жазушы Ә.Әлімжановтың “Ұстаздың оралуы” романы қазақ оқырманының тарихи жадына, қазақ әдебиетінің алтын қорына қазына болып қосылды. Фараби бейнесінің сөз өнеріндегі тұтас галереясын жасақтаған аталмыш туындылар хақында көрнекті ғалым Р.Бердібай арнаулы мақала жазып, салиқалы бағасын берсе, А.Түсіпова, С.Ананьева сынды отандық зерттеушілер де осы тақырып төңірегінде ой өрбітіп, қалам тартты .
Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығына қатысты шағын зерттеуімізді қорыта келе айтарымыз: Мәдени жаңару үдерісі жүріп жатқан қазіргі кезеңде “өркениеттер арақатынасында төңкеріс болып, Шығыстың өркениеттің алтын бесігі, Европа қайта өрлеуінің негізі болғандығы мойындалып, Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Халдун, Ибн Рушдтардың европа философиясына қосқан үлесі баса көрсетілгенімен” , Фараби еңбектерінің әлі де ашылмаған қырлары көп. Мұның бір бөлігіне жоғарыдағы талдаулар дәлел. Демек, біздің есімін мақтан тұтар даңқты жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фараби жайлы зерттеулердің арнасы келер күндерде де ортаймақ емес.

 А. Әбдірәсілқызы

kazislam.kz

[1] Бертельс Е.Э. Избранные труды. Т.3. М., 1965, стр. 112.

[2] Бұлұтай М. Ата-баба діні. А., 2000. 285 б.

[3] Аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. А., 1993, стр. 368.

[4] Исламова Л.А. Эстетические идеи в произведениях аль-Фараби // Аль-Фараби и развитие науки и

культуры стран Востока. А., 1974, стр. 92.

[5] Аль-Фараби. Трактаты о канонах искусства поэзии // Трактаты о музыке и поэзии. А., 1993, стр. 344.

[6] Сонда, 344 б.

[7] Медетбаев Т. Әл-Фарабидің әдеби мұралары // Наследие аль-Фараби и мировая культура. А., 2001, стр.

451.

[8] Аль-Фараби. Трактаты о канонах искусства поэзии // Трактаты о музыке и поэзии. А., 1993, стр. 348-351.

[9] Бурабаев С. Философия искусства Абу Насра аль-Фараби // Аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. А., 1993, стр. 42.

[10] Аль-Фараби. Трактаты о канонах искусства поэзии // Трактаты о музыке и поэзии. А., 1993, стр. 351.

[11] Аль-Фараби. Трактаты о канонах искусства поэзии // Трактаты о музыке и поэзии. А., 1993, стр. 353.

[12] Аль-Фараби. Об искусстве поэзии // Трактаты о музыке и поэзии. А., 1993, стр. 359.

[13] Сонда, 328 б.

[14] Аль-Фараби. Об искусстве поэзии // Трактаты о музыке и поэзии. А., 1993, стр. 363.

[15] Аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. А., 1993, стр. 376.

[16] Қасымжанов А., Әлімов А. Әл-Фараби // Қазақ. А., 1994. 115 б.

[17] Гафуров Б.Г. Аль-Фараби в истории культуры. М., 1975, стр. 169.

[18] Машанов А. Әл-Фараби және Абай. А., 1994. 192 б.

[19] Бурбаев Т. Ұлт менталитеті. Астана, 2001. 96 б.

[20] Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. А., 1995. 32 б.

[21] Сонда, 18 б.

[22] Көбесов А. Әбу Насыр әл-Фараби. А., 2004. 106 б.

[23] Нысаналин А. Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат. Өлеңдер // Қыраубаева А. Ежелгі дәуір әдебиеті.

А., 1991. 84 б.

[24] Нысаналин А. Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат. Өлеңдер // Қыраубаева А. Ежелгі дәуір әдебиеті.

А., 1991. 84 б.

[25] Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің бастаулары. А., 1998. 142 б.

[26] Сонда, 141 б.

[27] Мухамедходжаев А. Аль-Фараби и суфизм // Аль-Фараби и развитие науки и культуры стран Востока. А.,

1974, стр. 33.

[28] Баширов А. Отношение аль-Фараби к суфизму в освещении англо-американских востоковедов // Аль-

Фараби и развитие науки и культуры стран Востока. А., 1974, стр. 102.

[29] Кенжетай Д. Қожа Ахмет Йасауи дүниетанымы. Түркістан, 2004. 150 б.

[30] Дербісәлиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. А., 1995. 28 б.

[31] Бурбаев Т. Ұлт менталитеті. Астана, 2001. 96 б.

[32] Осы жерге дейінгі сопылық терминдер анықтамалары Д.Кенжетайдың «Қожа Ахмет Йасауи

дүниетанымы» (Түркістан, 2004) еңбегінен алынды.

[33] Сүйіншәлиев Х. Ғасырлар поэзиясы. А., 1987. 68 б.

[34] Дербісәлиев Ә. Әл-Фараби эстетикасы. А., 1980. 49б.

[35] Фильштинский И.М. История арабской литературы. М., 1991, стр. 324.

[36] Нұртазина Н. Қазақ мәдениеті және ислам. А., 2002. 28 б.

[37] Туракулов Н. Литературное наследие аль-Фараби. А., 1981, стр. 8.

[38] Марғұлан Ә. Қорқыт: аңыз және ақиқат // Қорқыт ата. Энциклопедия. А., 1999. 40б.

[39] Сонда, 40б.

[40] Қараңыз: Бердибай Р. Образ аль-Фараби в художественной литературе // Аль-Фараби и развитие науки и культуры стран Востока. А., 1974, стр. 84-86. Тусупова А.К. Образы аль-Фараби и исторических личностей в прозе А.Алимжанова // Наследие аль-Фараби и мировая культура. А., 2001, стр. 463-469. Ананьева С.В. Путь учителя – путь к людям (Аль-Фараби в литературе Казахстана) // Наследие аль- Фараби и мировая культура. А., 2001, стр. 456-462.

[41] Айталы А. Ұлттану. А., 2000. 81б.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.