Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
Қағбаның үстінен пайғамбарлық таңы атқаннан бастап, жергілікті халық үшін ғана емес, барша адамзат үшін ерекше өзгерістер кезеңі басталды. Мінсіз мінез-құлық иесі Мұхаммед пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам үмбетіне басшы атанып,ақиқатты білуге құштар адамдардың жүрегіне имандылық тынысын сіңірді.
Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) даналығының арқасында адамдар арасындағы алауыздық жойылып, мұсылман қауымы өзарабірігуге бет алды. Мұхажирлер мен ансарлар жүректерін зұлымдық пен надандықтан тазартып, бір-біріне бауыр атанды.
Бауырластық байланыстарды сақтау үшін ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға Құдайдың келесі бұйрығын хабарлады:
«Барлығың да Алланың желісіне (яғни хақ дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ, Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметін естеріңе алыңдар. Кезінде біріңе-бірің бітіспес дұшпан едіңдер, ал бүгін Алла Тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп, Оның (иман, хақ дін Ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында біріңе-бірің бауыр болдыңдар. Сондай-ақ кезінде сендер тозақ шыңырауының шетінде тұрған едіңдер, алайда Алла сендерді одан сақтады. Сендер тура жолға түссін деп, Алла өзінің аяттарын осылайша ашық баяндайды»(«Әли-Имран» сүресі, 103-аят).
Бұл аят бізді Алланың жіберген сеніміне берік болып, бөлінуден, ауызбіршілікке сызат түсіруден сақ болуға үндейді.
ӘбуҺурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын риуаят еткен:
«Біріңді бірің күндемеңдер, бағаны көтермеңдер, өшпенділікте болмаңдар, біріңе-бірің теріс қарамаңдар, бір-біріңнің саудаларыңды бұзбаңдар.
О, Алланың құлдары! Біріңе-бірің туысқан болыңдар, себебі, мұсылман мұсылманға бауыр. Ол мұсылман бауырына зұлымдық жасамайды, алдамайды, қорламайды. Ал тақуалық осында – деп (Пайғамбар (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз көкірегін үш рет көрсетті). Мұсылман өз мұсылман бауырын қорлауы үшін жеткілікті саналатын – мұсылманның қаны, дүние мүлкі және ар-намысы басқа мұсылман үшін харам».
Бұл хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)бауырластық және ынтымақ ұғымдарын белгілі бір бұйрықтармен және тыйымдармен қоршап, мұсылмандар үшін нақты шындыққа айналдырған.
Жоғарыда келтірілген аят-хадистің мағынасын ұғынған мұсылмандар, ынтымақ, бауырмалдық пен татулықтытек қана сөз жүзінде емес, іс жүзінде де іске асыруға тырысатынын ұмтылары сөзсіз.
Жаратушы Алла елімізге береке-бірлік нәсіп етіп, ынтымағымыздан айырмасын деп тілейік. Әмин!
Әділ Агитав
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы