Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Аятул-Курси жайлы не білесіз?

0 23  307

Аят – белгі, дәлел, Құранның аяты.

Курси – Алла Тағаланың ұлық жаратылыстарының бірі.

«Аятул-Курси» деп «Бақара» сүресінің 255-ші аяты айталады.

Неге Аятул-Курси Құран мен хадисте ерекше аталып көрсетілген?

Себебі бұл аятта Исламның негізгі қағидаты, яғни Хақ Тағаланың ұлықтығы мен жалғыздығы жайында баян етілген. Осы себептен Аятул-Курси асыл дініміздің рәмізі болып табылады.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Әр нәрсенің шыңы бар. Шын мәнінде, Құранның шыңы – «Бақара» сүресі. Ол сүреде Құран аяттарының төресі бар. Ол – Аятүл-Курси»,-деген. (Тирмизи)

Имам Муслим (рохматуллаһи ғаләйһи) Әбу ибн Кәғбтан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Аятул-Курси Құранның «ең ұлық аяты» деп аталған. Бұның мәнісі: Аятул-Курси өзіне Алла Тағаланың көркем есім-сипаттарын қамтыған. Бұл мәселеге қатысты ғалымдар былай деген:

Аятул-Курси өзіне Алла Тағаланың негізгі есім-сипаттарын қамтумен ерекшеленеді. Ол: ақиқат тәңірлік, жалғыздық, мәңгі тірі болу, шексіз білім иесі, иелік (патшалық), құдірет, қалау. Осы жеті сипат Алла Тағалаға тән есім-сипаттың негізі. Аятул-Курси осынысымен ұлық». (имам Науауи, Муслим шархы)

Аятул-Курсиде Хақ Тағаланың бес есім-сипаты нақты аталып көрсетілген: Алла, Әл-Хай, Әл-Қойюм, Әл-Ғали, Әл-Ғазым.

Аятул-Курси «الله» (Алла) сөзімен басталып, Хақ Тағаланың «العلى العظيم» (Әл-Ғалиюл-Ғазым – Жоғары мәртебелі, Ұлық) сипаттарымен тәмамдалады.

Аятул-Курсиді ықыласпен оқыған пенденің дәрежесі жоғарылап, иманы кемелденеді.

Аятул-Курсиді қаперінде сақтаған пендені Алла Тағала түрлі бәледен сақтайды.

Аятул-Курсиді таңертең оқыған пенде кешке дейін, ал кешке оқыған пенде таң атқанға дейін Алла Тағаланың қамқорлығында болады. (Тирмизи)

Аятул-Курсиді ұйқыға жатқанда оқыған адамды таң атқанға дейін Хақ Тағаланың сақшысы шайтаннан қорып шығады. (Бухари)

Қиналған сәтте Аятул-Курсиін оқыған пендені Алла Тағала қамқорлығына алады. (Ибн Сунни)
Аятул-Курси оқылған үйден шайтан қашады. (Әл-Хаким)

Бес уақыт намаздан соң Аятул-Курсиін оқыған пенденің жәннатқа кіруіне тек өлім бөгет болады. (Насаи)

Абдуссамад Махат

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.