Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шүкір етуден де артық болатын амал

0 302

Адамдар сабыр мен шүкірді салыстырып, сабыр шүкірден жоғары десе, енді біреулері шүкір сабыр-дан жоғары деген. Ал енді біреулері екеуі тең деген.

Төртінші пікірдегі кісілер болса, бұл екеуінің қайсысы жоғары болатындығы жағдайға байланысты өзгереді деген.

Бір риуаятта былай делінген: «Жер бетіндегі ең көп  шүкір  еткен  адамды  алып  келеді.  Алла  Тағала оған шүкір еткені үшін қарымын береді. Сосын жер бетіндегі ең көп сабыр еткен адамды алдырады. Оған былай дейді: «Шүкір еткенге қанша берсек, саған да сол мөлшерде бергенімізге разы боласың ба?» Ол: «Иә, Раббым! Разы боламын», – дейді. Сонда Алла Тағала:

«Жоқ, мен оған нығмет бердім, ол шүкір етті. Ал саған қиындық бердім, сен сабыр еттің. Сондықтан сенің ақыңды оның ақысынан бірнеше есе арттырамын», – дейді (Ғазали, Ихия улумиддин, «Хақиқату ас-сабр»).

Құранда «Зумар» сүресінің 10-аятында:

«Сабыр етушілерге есепсіз сый-сыяпат береміз», – деген.

Адам кедей кезінде сабырлы бола алады. Ал бай, дені сау, дәрежесі жоғары адам кедейге қарағанда көбірек сабыр  сақтауға  аса  мұқтаж.  Себебі  пенде  дүниенің байлығына беріліп, нәпсі жетегінде кетсе, дүние мен ақырет бақытынан айырылады.

Тіпті, әулиелердің бірі былай деген: «Таршылықта тек мүмін, ал кеңшілікте тек шыншылдар ғана сабыр ете алады».

Сондықтан  кеңшілікте,  баршылықта,  деннің саулығында сабырлы болу таршылықта, жоқшылықта сабыр  етуден  қиын.  Сондықтан  байлық  сынағы кедейліктің  сынағынан  ауыр.  Алла  Тағала  мүмін пенделеріне байлық, әйел және бала сынағын ескертіп:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُلْهِكُمْ أَمْوَالُكُمْ وَلَا أَوْلَادُكُمْ عَن ذِكْرِ اللَّهِ ۚ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ فَأُولَٰئِكَ هُمُ الْخَاسِرُونَ

«Ей, иман еткендер! Байлықтарың, балаларың Алланы еске алуларыңа бөгет болмасын. Кімде-кім мұны істер болса олар зиянға ұшырағандардан» («Мұнафиқун», 9-аят), – деп ескерту жасаған.

Шынайы  мұсылман  адам  байлық  пен  деннің саулығында сабыр етіп, бұларға Алланың берген аманаты ретінде қарап, уақыты келгенде қайтарып беретінін білу қажет. Байлықта Алланың ақысы бар деп Алла жолында жұмсау, денсаулықтың ақысы деп Алла жо-лында қызмет ету, адамдарға жәрдем беру арқылы бұл аманатты сақтай алады. Осылайша сабыр мен шүкір қатар атқарылады.

Сабыр – адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі. Адамның жаны қалайтын, көңіліне майдай жағатын жағдайларға қарама-қайшы құбылыстар орын алған кезде кез-келген адам сабырға жүгінгені абзал.

Басқа түскен ауырпалықтарды көтере алмай, нәпсіге ырық беріп тағдырына ризашылық танытпай, іштей налып, өмірден баз кешіп, қайғы-мұңға салыну – сабырсыздың ісі болмақ. Жамандықтың соңы жақсылықпен, қайғының соңы қуанышпен ұштасары анық.

Ендеше, Алла тарапынан жіберілген сынақ пен сыйға ризашылықпен қарап, шүкірлік ету – кісіліктің белгісі. Алла Тағала Құрандағы көптеген аяттарда сабырлы болуды дәріптеп, сабырлы құлдарды жақсы көретіндігін, сабырлы жандарды айтулы сый-сыяпатқа бөлейтіндігін қуана жеткізген.

Айталық, «Әли Имран» сүресінің 146-аятында: «Алла сабырлыларды жақсы көреді» деп, өз сүйіспеншілігіне артығымен бөленетіндердің сабырлы жандар екендігін білдіреді.

Ислам ғалымдары сабырды бірнеше топқа бөліп қарастырған. Солардың бірқатарын атай кетсек:

–  дүниелік қиындықтарға сабыр;

–  нәпсінің қалауына қарсы сабыр;

–  Аллаға бағыну үшін сабыр;

–  адамдарды  дінге  шақырғанда  басқа  келетін қиындықтарға сабыр;

–  дұшпанмен кездескенде көрсетілетін сабыр;

–  қарым-қатынас нәтижесінде адамдар арасында туындайтын түрлі қиыншылықтарға сабыр.

Алла Елшісінің (с.а.с.) өмірін зерделей қарасақ, асқан сабырлығы мен парасат-пайымының кереметтігіне куә боламыз. Адамзаттың ардақтысы (с.а.с.) қиын-қыстау сын сағаттардың бәрінде бір сәт те босаңдық танытпаған.

Ет жақындары дүниеден озғанда да, Алланың асыл дінін насихаттау барысында қалың елдің мазағы мен қастандығына  душар  болса  да  мойымай,  халықтың жүрегіне жол табуды мұрат тұтып, қажыр-қайратын соңына  дейін  дін  жолында  сарп  етті.

Сол  себепті ақиқатты айтып түсіндіру мүмкін емес деген көптеген адамдардың  өзі  Исламға  бас  иіп,  тас  болып  қатқан жүректері жібіп сала берді. Егер Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бойында осындай мызғымас сабырлық қасиеті болмағанда, мыңдаған адамның Исламды қабылдауы сірә мүмкін болмас еді?!

«Үміт сәулесі» кітабынан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.