Уа, достар, адам қашан да болса бір ажалмен өледі. Бірақ Алла тағала бейішті сауап іс қылған бендесіне дайындаған сықылды.
Ажалды да себепке байлаған, не сол адамның өзі себеп, не басқа бір нәрсе себеп болады. Және сол себепті Алла тағала кез болса болсын десе болады, әйтпесе болмайды. Және қайтадан қандай себеппен өлетұғының Алла тағала бұрыннан біледі. Алла біліп тұрған соң ол бенде өлмей кетуге бола ма десең — жоғарғы менің жаманшылық қылатұғынымды Алла біліп тұрған соң қылдым деген кісінің дауы сықылды орынсыз соз болады.
Және Алла тағала кейбір бенденің өмірін қысқа қылады. Мәселен, оның залалы біреуге тие бермесін деп, яки күнәға бата бермесін деп — яки сондай өзге бір себеппен. Осындайларды не себептен олай қылғанын біз тексере алмаймыз. Оны біле алмаймыз деп жоғарыда айтылды.
Енді ұқтыру үшін бір аяттағы істі айтайын — аятта айтқан: «уа аммал-ғұламу фа қана абауаһу муминйна фа хашайна ан йурка-куһума тұғйанан уа куфран. Фа арадна ан йубдилаһума раббуһума хайран минһу закатан уа акраба рухман» — мағынасы: ол баланың ата-анасы мұсылман еді. Егер тірі жүрсе, ата-анасын бос бұзақылыққа ертер деп өлтірдім, Алла тағала ата-анасына одан жақсы бала берер деп деген.
Бұл аяттың себебі: Мұса ғалейһис-сәләм Хидр галейһис-сәләм бір баланы өлтіріпті. Алла тағаланың білдіруінше, ол бала ер жетсе, ата-анасын бұзады һәм өзі де күнәға батпай өлсін деп. Енді осыдан байқарсыз — бірақ, бәрі осындай себеппен емес, әрқайсы әр түрлі себеппен, біреу ерте, біреу кеш өлмек.
Xaқ ажал келген соң оған еш нәрсе бөгет болмайды — аятта: «ла йастахируна сағатан уа ла йастақ-димуна» — мағынасы: ажал келсе, бір сағат кейін де қалмас, ілгері де болмас деген. Пайғамбарымыздың «ла йан-фагул- хазару», яғни сақтанбақтан пайда жоқ дегені осындай ажал туралы айтқан.
Және пайғамбарымыздың бір хадисі жоғарғы аятқа қарсы сықылданатұғыны бар. Ол қарсы емес, шешуі бар — ол хадис: «ас- садакату уас-салла-ту тазидани фил-гумри» — яғни садақа бермек аурудың халін сұрап, туысқандарын зиарат қылмақ ғұмырдың артылмағаны себеп болар деген. Бұл хадис жоғарғы аятқа қарсы болмайтұғыны — аяттағы сөз қашан Алла тағала бір адамды пәлен уақытта өлсін деп ұнаса, оған ешкім бөгет те болмайды, одан ілгері де өлтіре алмайды деген. Бұл хадистегі сөз Құдай тағаланың қыл деген істерін қылып, сауапты болып, ұзын өмірге есеп болар деген сез. Құдай тағаланың бекітіп қойған ажалын тоқтатады деген емес.
Аятта: «уа ла тулку би айдикум илат-таһлукати» , — деген. Мағынасы: өздеріңізді өзіңіз өлімге салмаңыз деген. Және пайғамбарымыз бір кісі көлігін байламай, тәуекел қылдым дегенде айтқан: «Қайид уа тауаккал». Мағынасы: көлігіңді байлап қой да, сонан соң тәуекел қыл деген. Енді байқадыңыз ба — біз әрбір зиян істерден сақтануға бұйырылғанмыз, соның ішінде ажалдан да сақтануға міндеттіміз. Сөйтіп сақтанып һәм адал іске ұмтылып, олардың орнына келер-келмесін бір Алланың өзіне тапсырып қоймақ — тәуекел деген осы. Одан басқа мен Құдайға тәуекел қылдым деп шалқаңнан жатсаң — күнәкар болып аштан өлесің. Сол себептен шайқы Сағди айтқан: «Қайтсе де ажалсыз өлмейді деп айдаһардың аузына кірме», деген.
Шәкәрім Құдайбердіұлы
«Мұсылмандық шарты» кітабынан
Sunna.kz