Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Хадис сабағы: Бірінші хадис – Ниет

0 6  061

عَنْ أَمِيرِ الْمُؤْمِنِينَ أَبِي حَفْصٍ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ  رضي الله عنه قَالَ: سَمِعْت رَسُولَ اللَّهِ  صلى الله عليه وسلم يَقُولُ: » إنَّمَا الْأَعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى، فَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ إلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ فَهِجْرَتُهُ إلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ، وَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ لِدُنْيَا يُصِيبُهَا أَوْ امْرَأَةٍ يَنْكِحُهَا فَهِجْرَتُهُ إلَى مَا هَاجَرَ إلَيْهِ»

Мүминдердің әмірі Әбу Хафс Омар ибн Хаттаб (р.а) Алла Елшісінің (с.ғ.с.): “Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты және расында, әрбір адамға ниет еткені тиесілі. Сондықтан кім Алла мен Оның Елшісіне қоныс аударатын болса, онда ол Алла және Оның Елшісіне қоныс аударған болып табылады. Ал кім дүние немесе үйленетін әйел үшін қоныс аударса, онда ол сол қоныс аударған нәрсесіне қоныс аударған (болып саналады)”, – дегенін естідім”, – деп айтқаны риуаят етіледі[1].

Хадисті жеткізуші сахаба жайлы

Омар ибн Хаттаб  толық есімі – Әбу Хафс Омар ибн әл-Хаттаб ибн Нуфәйл ибн Абдуль-уззә ибн Риәх ибн Абдуллаһ ибн Курт ибн Разақ ибн Ади ибн Ка’б ибн Луәй ибн Ғалиб ибн әл-Қурайши әл-Адауи.

Анасы – Хансама бинт Хашим ибн әл-Муғира, әл-Махзумия. Әбу Ну’айн (Алла оны мейіріміне бөлесін) ибн Исхақтан, Омардың анасы Хашимның қызы, Әбу Жаһлдің әкпесі болған екенін жеткізеді.

Халифа оның піл оқиғасынан 13 жылдан кейін туылғаны жайлы жеткізеді.

Жәхилиет заманында ол Құрайыштардың елшісі болған еді. Алла Тағала Пайғамбарды (с.ғ.с.) жібергенде, Омар мұсынмандарға өте мейірімсіз, қатал болған, кейіннен Ислам қабылдап, мұсылмандардың жеңісі болды. Бірінші кезде мұсылмандар құлшылықтарын жасырын жасаған болса, Омар Ислам қабылдағаннан кейін, жасырынғандарын қойған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оны «әл-Фаруқ» (ажырататын) деп атаған, өйткені Алла Тағала бірнеше рет сол Омардың айтқанына сәйкес аяттар түсірген.

Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а.) Ислам қабылдауы

Омардың (р.а.) Ислам қабылдағаны жайлы бірнеше хабарлар бізге жеткен.

Сондай-ақ Омардың жүрегіне ислам кіре бастауы жайлы хабар. Бұл хабарда Шурейх ибн Убейда Омардың былай дегенін жеткізді: «Мен Алла Елшісін (с.ғ.с.) мешітте кездестірдім. Ол намаз оқып жатқан еді. Намазда «әл-Хаққа» сүресін оқып жатыр екен. Мен Құранға таңқалып: «Алланның атымен ант етемін, бұл құрайыштар айтпақшы – ақын» деп өзімше ойладым, сонда ол: «Күдіксіз бұл Құран ардақты бір Елшінің сөзі. Ол, бір ақынның сөзі емес. Сендер аз сенесіңдер» («әл-Хаққа», 40-41)» деген аятты оқыды. Сонда мен өзіме: «Бұл – бақсы» дегенімде. Ол: «Сондай-ақ ол, бақсының да сөзі емес. Аз түсінесіңдер» деген аятты оқып, соңына дейін сүрені аяқтады. Сонда Ислам менің жүрегіме кіре бастады»[2].

Ибн Омар жеткізген хадисте, Пайғамбар (с.ғ.с.) Алладан сұрап айтты: «Иә Алла! Омар ибн әл-Хаттаб немесе Әбу Жахль ибну Хишам екеуінен, Өзің ұнатқаныңды (таңдап) Исламды берік ет», және ибн Омар айтты: «Және Алла Омар ибн Хаттабты ұнатты»[3].

Омар ибн әл-Хаттаб тірісінде жәннәтпен сүйіншіленген 10 сахабалардың бірі болды. Абдуррахман ибн Ауф және Саид ибн Зәйдтен жеткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) айтты: «Әбу Бәкр жәннәтта, Омар жәннәтта, Осман жәннәтта, Али жәннәтта, Талхә ибн Убәйдуллаһ жәннәтта, Зубәйр ибн Аууәм жәннәтта, Абдуррахман ибн Ауф жәннәтта, Саад ибн Әбу Уәққас жәннәтта, Саид ибн Зәйд жәннәтта, Әбу Убәйба ибн әл-Жәррах жәннәтта»

Парсы империясын жаулағаннан кейін, мұсылмандарға көптеген адамдар тұтқындалды. Олардың біреу Әбу Лю’лю’ деген отқа табынушы Муғира ибн Шу’баға тиесілі болды. Зуль-Хижә айының 26 күні, сәрсенбінің таңында Омар жамағатпен таң намазын орындап жатқан кезінде, Әбу Лю’лю’ арнайы Омарды өлтіру үшін жасалған, екі жағында екі жүзі бар, уланған қанжармен Омарды бірнеше рет ұрды. Омарды ұрып және әрбір оны тоқтатқысы келгендерді қанжармен ұрып қаша бастады. Ақырында он үш сахабаны жарақаттап, соның жетеуі қайтыс болды. Жарақаттанған Омар Абдуррахман ибн Ауфтың қолынан ұстап, өзінің орнына имам қылып, намазды аяқтау үшін шығарды. Ал сахабалар қашып бара жатқан Әбу Лю’люнің үстіне мата тастады. Ол ұсталғанын түсініп, қолындағы қанжармен өзін ұрып өлтірді.

Омар өзін жарақаттаған көпқұдайшыл екенін біліп: «Менің өлімімнің себепкерін мұсылман етпеген Аллаға мақтаулар болсын! Ол Ақырет күні өзінің Алла үшін жасаған сәжделерін айтып, менімен Алла алдында дауласатын еді» дейді. Осыдан кейін өзінің ұлын Абдулланы Айшаға жіберіп, достарының, яғни Пайғамбар (с.ғ.с.) мен Әбу Бәкрдің қасына жерлеудің рұқсатын сұратты. Ал Айша рұқсат берді. Омар тағы үш күн өмір сүріп, сосын қайтыс болды.

«Фәтх әл-Бәри» кітабындағы Әнәс ибн Мәликтен Қатада жеткізген хадисте, бір уақытта Пайғамбар (с.ғ.с.) Ухуд тауында Әбу Бәкір, Омар және Османмен бірге тұрғанында, тау сілкіне бастады, сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Тыныштал Ухуд! Расында сенің үстіңде Пайғамбар, Сыддық, және екі шахид бар», – деп айтқаны келтіріледі.

Хадистің тілдік мағынасы[4]

Аудармасы

Арабша

Аудармасы Арабша
Әмірші أَمِيرِ Жалғау (нан, нен, дан, ден, тан, тен) عَنْ
Хафсаның әкесі أَبِي حَفْصٍ Мүміндердің الْمُؤْمِنِينَ
Алла разы болсын رَضِي اللهُ Омар Хаттабұлы عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ
айтты قَالَ одан عَنْهُ
Алланың елшісі رَسُولَ اللَّهِ Естідім سَمِعْتُ
Шын мәнінде إنَّمَا айтады يَقُولُ
Ниетке байланысты بِالنِّيَّاتِ амалдар الْأَعْمَالُ
адамға امْرِئٍ әрбір لِكُلِّ
кім فَمَنْ Ниет еткені مَا نَوَى
Жер аударуы هِجْرَتُهُ болса كَانَتْ
және Оның Елшісіне وَرَسُولِهِ Аллаға إلَى اللَّهِ
Аллаға إلَى اللَّهِ Оның жер аударуы فَهِجْرَتُهُ
Дүние үшін لِدُنْيَا және Оның Елшісіне وَرَسُولِهِ
немесе أَوْ Қол жеткізеді يُصِيبُهَا
үйленеді يَنْكِحُهَا әйел امْرَأَةٍ
    Қоныс аударғанына إلَى مَا هَاجَرَ إلَيْهِ

«Ниет» сөзінің тілдік мағынасы «қалау», «мақсат» деген ұғымдармен сабақтас. Шариғаттағы мағынасына келер болсақ, ол қандай да бір амалдың жалғыз Алла үшін жасалу жолында ықылас таныту дегенді білдіреді. Алла Тағала Құран Кәрімде:

            وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ وَيُقِيمُوا الصَّلَاةَ وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ وَذَلِكَ دِينُ الْقَيِّمَةِ

Олар; ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері үшін әмір етілген. Міне, осы – тұп-тура дін[5].

Жоғарыдағы Құран аятында «шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары» деген сөзден Аллаға бағытталған әрбір салихалы амалдың шынайы ниетпен Алла разылын қалап жасау керектігін айтуда. Салихалы амалмен мақтану, көрсету, өзін жоғары ұстау әрекеттері қосылса ол амалдың сауабын жояды.

Хадис Яхия бин Сағид әл-Ансари, Мухаммад бин Ибраһим әт-Тамими, Алқама бин Әби Уақас әл-Ләйси, Омар бин әл-Хаттаб тізбектері арқылы жеткен. Ғұламалар соның ішінде имам Бұхари бұл хадисті сахих дәрежесіне шығарады. Бұл хадис жөнінде Абдурахман бин Мәһди: «Егер кітап жазатын болсам, әрбір бөлімін Омардан жеткен осы хадистен бастар едім»[6]. Имам Шәфиғидан жеткен хабар бойынша: «Бұл хадис ілімнің үштен бір бөлігі, фиқһ ілімінде жетпіс тармақты қамтиды. Имам Ахмадтан: «Діннің негізі үш хадиске тіреледі: Омардың «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты хадисі», Айшаның «Бұл дінге кім жаңалық енгізсе, ол қабылдан емес» хадисі, ән-Нуғман ибн Баширдің «Халал анық, харам анық» хадисі. Әбу Даудтан келген хабар бойынша: «Муснадқа (хадис жинақ кітабы) зер сала қарасам төрт мың хадис екен, сол төрт мың хадис төрт хадистің айналасында шоғырланған олар: ән-Нуғман ибн Баширдің «Халал анық, харам анық» хадисі, Омардың «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты хадисі», Абу Хурайраның: «Алла Тағала көркем, ол тек көркемділікті қабыл етеді» хадисі және «Адамдардың Исламының пайда бергенін, өзіне қатысы жоқ нәрсемен айналыспағаны» деген.

Ниетке тән ережелерге келер болсақ:

Бірінші ереже: Арнайы ниетті қажет етпейтін амалдар. Аллаға иман келтіру, Оны ұлықтау, Оның азабынан қорқу және Алланы еске алу секілді амалдар қосымша ниетті қажет етпейді, яғни мен Алладан қорқайын немесе есіме алайын  деп арнайы ниет етудің қажеті жоқ. Бұл көбінесе адамның ішкі құлшылығы сыртқы мүшелермен атқарылмайды. Бұл құлшылықтар адам әр кез жасауы міндетті. Егер бұл әрекеттер ақылынан айрылған немесе мас адамның бойынан табылса, құлшылық болып саналмайды.

Екінші ереже: Ниетсіз сауап та күнә да болмайтын амалдар. Сауап пен күнә дүниелік немесе ақыреттік болуы мүмкін. Біреуге қайырымдылық жасалғанда Алланың разылығы болмаса тек дүниелік мәртебеге абыройға апарады, яғни сауапқа ие болмайды. Ал егер жақсылықтың негізгі мақсаты Алланың разылығы, сауап алу мақсатында болса, оның ақыреттік те дәрежесін жоғарлатады. Ал егер жақсылық жасаудағы мақсат көрсету, мақтану болса, онда ол сауап емес күнә жинағаны. Алла Тағала Құран Кәрімде мұсылмандар жайында:

ادْخُلُوا الْجَنَّةَ بِمَا كُنْتُمْ تَعْمَلُونَ

 Істеген ізгі істерің үшін жұмаққа кіріңдер! Деп қошемет көрсетеді.[7]

Басқа бір аятта кәпірлер жайында:

هَذِهِ جَهَنَّمُ الَّتِي كُنْتُمْ تُوعَدُونَ * اصْلَوْهَا الْيَوْمَ بِمَا كُنْتُمْ تَكْفُرُونَ

Сендерге уәде етілген тозақ осы. Қарсы келулерің себепті бүгін оған кіріңдер.[8]

Алла Тағала жақсылық жасаушы мұсылман пенделерге ақыретте деңгейін жоғары қылғандай бұл өмірде де абыройларын өсіреді. Ол жайында Құран Кәрімде:

 مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِنْ ذَكَرٍ أَوْ أُنْثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз.[9].

Егер кәмелет жасқа толмаған бала өз еркімен Алланың кез-келген бір әмірін орындайтын болса ол үшін сауап алады. Бұл жайында анасына еріп барған сәбидің сауап алатыны жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келген. Ал егер сәби күнә амал жасайтын болса, ол үшін азап шекпейді.

Үшінші ереже: Құлшылықта ниетті ажырата білу. Ниетте ажырат білу екіге бөлінеді бірі міндетті екіншісі міндетті емес. Міндеттіге мысал келтіретін болсақ, парыз намаздарды араларын айыру. Бесін намазын екінті намазынан, парыз намазды нәпіл намазынан айыру ниетінде. Ал міндетті емес ниет ол намаздың неше ракағат екені.

Ниеттің мекеніне келер болсақ, бұған қатысты үш мәселе бар:

Бірінші: Ниеттің бастау алатын орны.  Ғұламалар арасында бірауыздан ниеттің мекені жүрек екені жайында ортақ келісім бар. Алайда ниетті білдірген кезде жария түрде білдіру қажет пе әлде жасырын түрде болады ма осы  турасында ғалымдар арасында әр түрлі пікір тараған. Дегенмен сахабалар, табиғиндердің кезінде бұл мәселе көтерілмеген еді. Алғаш рет бұл Ханафи, Шәфиғи мазхабының ғалымдарының көтерген мәселелері бірақ оны міндетті амалдар шеңберіне кіргізбейді.

Екінші мәселе: Ниетті жария айту және айтпау мәселесі.  Жоғарыда айтқандай ниет кейінгі ғалымдардың мустахаб деңгейінде кіргізген мәселесі. Бұл мәселеде уахабшылардың сүйенетін ғалымдары Ибн Таймия,  Ибн Қаим ниетті сырттай айту Исламдағы бидғат оны істеген адам үлкен күнәға батады деп есептейді. Алайда, бұл қате ұстаным ниетті жария айтудағы мақсаты өзін құлшылыққа арнау соны сезіну болса ондай кезде күнәға батпайды. Егер сырттай айтудағы мақсаты басқаға көрсету мақтану болса күнә жүгін арқалағаны.

Үшінші мәселе: Ниетті жария айту кездері. Ихрамға кірген кездегі ниетке келетін болсақ, ислам дініндегі барлық мазһабтар ниетті сырттай айтқан абзалырақ деген. Атақты хадис ғалымы имам Науауи кімде-кім ихрамды қаласа жүрегімен тілімен мына сөзді айтсын: «Иә, Алла! Сенің разылығың үшін ихрамға кірдім, ләббайка Аллаумма ләббайк ләббайка ла шәрика ләкә ләббайк иннал хамда уа ниғмата ләкә уәл мулк лә шәрикә ләк». Құрбан шалған кезде жасалатын сырттай ниетке келетін болсақ, ол жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі дәлел:

                ذَبَحَ النَّبِيُّ – صلى الله عليه وسلم – يَوْمَ الذَّبْحِ كَبْشَيْنِ أَقْرَنَيْنِ أَمْلَحَيْنِ مُوجَأَيْنِ فَلَمَّا وَجَّهَهُمَا قَالَ: إِنِّي وَجَّهْتُ وَجْهِيَ لِلَّذِي فَطَرَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ عَلَى مِلَّةِ إِبْرَاهِيمَ حَنِيفًا وَمَا أَنَا مِنَ الْمُشْرِكِينَ إِنَّ صَلَاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لَا شَرِيكَ لَهُ وَبِذَلِكَ أُمِرْتُ وَأَنَا مِنَ الْمُسْلِمِينَ، اللَّهُمَّ مِنْكَ وَلَكَ وَعَنْ مُحَمَّدٍ وَأُمَّتِهِ بِاسْمِ اللَّهِ وَاللَّهُ أَكْبَرُ ثُمَّ ذَبَحَ ( ، وهذا تلفظ بما نوى.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құрбан айт күні екі қошқарды құрбандыққа шалып, бауыздарда мына сөздерді айтқан: «Мен Ибраһим миллетіне сәйкес бітімді аспан мен жерді жаратқан Аллаға бұрдым және мен мүшріктерден болмадым. Шынында менің құлшылықтарым, тірі болуым өлуім әлемдердің Раббысының құзырында және Оның ешбір серігі жоқ. Осыған мен әмір етілдім және мен мұсылмандарданмын. Аллам, бұл сенен болған ризық және Саған қайтарудамын. Мухаммед және оның үмметінің атынан Алланың есімімен Аллау Әкбар».

Ниеттің айтылу мерзіміне келер болсақ, амалға шейінгі, амал кезінде, амалдан кейінгі ниет бар. Алдын ала ниет қылу мәселесі жайында, амалмен ниеттің ортасында басқа бір амал килігетін болса, ниетті жаңалау қажет екені жайында мазһаб ғалымдары бір ауыздан келіскен. Ал егер ниет пен амалдың арасында бөтен ешбір амал араласпаса, Ханафи мазхабының ғалымдары бірінші ниет жеткілікті деген тұжырымға келеді. Ханбали мазһабында ниет амалдан сәл ғана ілгері болса, амалды бұзбайды. Ал уәжіптілігіне келер болсақ, амал басталған кезде ниет қылуды айтады. Ал ниетті амалдан кейін айту ол жоғарыдағы хадистің мәтініне және үкіміне сәйкес келмейді.

Құран аяттары мен Пайғамбармызыздың (с.ғ.с.) хадистеріндегі «ниет» сөзі

Құран Кәрімде ниет жайында әртүрлі сөздермен баян етілген.Кейбір аяттарда ақыретті қалау «ирадатул ахира», Алланың уәжһін «ирадату уәжһилләһ» (Алла разылығы үшін жасалған амалдар) қалау немесе Алланың ризашылығын қалау «ибтиға мардатиһ» деген сөз тіркестерімен келген. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَلَقَدْ صَدَقَكُمُ اللَّهُ وَعْدَهُ إِذْ تَحُسُّونَهُمْ بِإِذْنِهِ حَتَّى إِذَا فَشِلْتُمْ وَتَنَازَعْتُمْ فِي الْأَمْرِ وَعَصَيْتُمْ مِنْ بَعْدِ مَا أَرَاكُمْ مَا تُحِبُّونَ مِنْكُمْ مَنْ يُرِيدُ الدُّنْيَا وَمِنْكُمْ مَنْ يُرِيدُ الْآخِرَةَ

(Алла сендерге берген уәдесін растады да Оның әмірімен жауды қынадай қырдыңдар (Ухуд соғысында) Деседе, сендер ұнататын олжаны көздеріңе көрсеткеннен кейін әлсіздіктеріңді байқатып, (пайғамбардың)  әмірі жайында дауластыңдар, Оған қарсы шықтыңдар. Кейбіреуің пәнилік дүниені кейбіреуің ақыретті көздедіңдер) [10].

Басқа бір аятта:

                مَنْ كَانَ يُرِيدُ الْعَاجِلَةَ عَجَّلْنَا لَهُ فِيهَا مَا نَشَاءُ لِمَنْ نُرِيدُ ثُمَّ جَعَلْنَا لَهُ جَهَنَّمَ يَصْلَاهَا مَذْمُومًا مَدْحُورًا (18) وَمَنْ أَرَادَ الْآخِرَةَ وَسَعَى لَهَا سَعْيَهَا وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَأُولَئِكَ كَانَ سَعْيُهُمْ مَشْكُورًا (19) كُلًّا نُمِدُّ هَؤُلَاءِ وَهَؤُلَاءِ مِنْ عَطَاءِ رَبِّكَ وَمَا كَانَ عَطَاءُ رَبِّكَ مَحْظُورًا (20) انْظُرْ كَيْفَ فَضَّلْنَا بَعْضَهُمْ عَلَى بَعْضٍ وَلَلْآخِرَةُ أَكْبَرُ دَرَجَاتٍ وَأَكْبَرُ تَفْضِيلًا

Кімде-кім дүние тірлігін қаласа, бізде бергіміз келгенге өз қалағанымызды береміз, одан соң оны тозаққа салып жазалаймыз. Ол оған қор болып, (Алланың рақымынан ) құр қалған күйде кіреді. Кімде-кім ақыретті қалап, мүмін болған күйде ақырет ісіне құлшынса, олардың құлшынулары шүкірге лайықты болады. (Дүниені тілеген) бұларға да, (ақыретті қалаған) оларға да Раббыңның арнағанын береміз. Раббыңның берер сыйы (ешкімге) шектелмейді. Олардың біреулерінен біреуін қалай үстем еткенімізді қара! Әрине ақыреттегі дәреже тіпті де жоғары, артықшылықтар тіпті де зор[11].

Жоғарыдағы аяттарда Алла Тағала  адамдарды екі топқа бөлген. Бірінші топ – дүниені қалаушы топ. Яғни оның одан басқа мақсаты жоқ, оның барар жері аятта келгендей тозақ. Екінші топ – ақыретті қалаушы топ. Яғни әрбір ісінде Алланың разы болғанын қалайтын то. Оның барар жері Құран аятында келгендей жәннәт.

1-хадис:

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде амалдағы ниеттегі ықылас жайында  көптеген хадистер келген.

Атақты ғалым имам Мунзири өзінің кітабы «әт-Тарғиб уә әт-Тарһиб» кітабында үңгірдегі үш адам жайындағы мына бір хадистен бастаған болатын:

Бірде сендерге дейін өмір сүрген үш адам жолға шығып, сапарда жаңбырдан пана іздеп бір үңгірге келіп паналады. Алайда, олар үңгірге кірген кезде таудан бір тас домалап түседі де, одан шығар жолды тығыздап жауып тастайды. Сонда олар: «Ақиқатында бұл тастан сендерді Алла Тағалаға өздеріңнің ізгі істеріңді дәнекер етіп, сол үшін Оның сендерді осы қиыншылықтан құтқаруын тілеп, жалбарынуларың ғана құтқарады!» – десті.

Содан соң олардың бірі өзінің бала-шағасынан да, үй-қызметшілерінен де бұрын ата-анасын тамақтандырып, Алла ризалығы үшін әке-шешесіне айрықша қамқорлық көрсеткенін айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Алла Тағалаға жалбарынған кезде, тас аздап жылжиды. Содан кейін екінші жолаушы өзінің бір қызға өлердей ғашық болғанын, бірақ оның оң қабақ танытпағанын, сол арудың қуаңшылық жылы қатты тарыққан кезінде, ақша үшін жігіттің еркіне көнуге келісім бергенін баян етеді. Дей тұра қыз мұның Алладан қорқуы керектігін есіне салған кезде, Алладан қорыққандықтан ғана әлгі аруға берген ақшасын да алмастан, мүмкіндікті пайдаланбай, оны жібере салғанын айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Алла Тағалаға жалбарынған кезде тас тағы біраз жылжиды, бірақ үңгірден шығу мүмкін емес еді. Кезек үшінші жолаушыға жетеді. Ол басынан өткен мына жағдайды баяндайды. Өзі жұмысқа жалдаған малайларының бірі еңбекақысын алмай кетіп, арада уақыт салып, қайта оралып, ақшасын сұрағанда, ол жоқта әлгінің еңбек ақысын пайдаланып, көбейткенін, кейін ол ақшаға көптеген мал-дүние алғанын әңгімелеп, сол түйелерді, сиырларды, қойларды, қызметшілерді көрсетіп, осының бәрін ақысын сұрап келген әлгі адамға бергенін, мұны тек Алланың ризалығы үшін істегенін айтып, көмек сұрап жалбарынғанда, тас олар үңгірден шыға алатындай жерге дейін жылжиды[12].

Бұл хадистегі салихалы құлдардың амалдарын саралай келе амалдардың деңгейі әртүрлі болса да ниеттерінің шынайылығы үшін олардың дәрежелерін көтеріп, қиыншылықтан босатты.

2-хадис:

عن أَبِى أُمَامَةَ الْبَاهِلِىِّ قَالَ:جَاءَ رَجُلٌ إِلَى النَّبِىِّ صلى الله عليه وسلم فَقَالَ أَرَأَيْتَ رَجُلاً غَزَا يَلْتَمِسُ الأَجْرَ وَالذِّكْرَ مَا لَهُ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم لاَ شَىْءَ لَهُ فَأَعَادَهَا ثَلاَثَ مَرَّاتٍ يَقُولُ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم لاَ شَىْءَ لَهُ ثُمَّ قَالَ إِنَّ اللَّهَ لاَ يَقْبَلُ مِنَ الْعَمَلِ إِلاَّ مَا كَانَ لَهُ خَالِصًا وَابْتُغِىَ بِهِ وَجْهُهُ.

Әби Умамадан келген хадисте бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір адам келіп; «Егер біреу Алла жолында атақ абырой мен сияапатты мақсат етіп соғысса оған не дер едіңіз», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оған ешбір сауап жоқ» дейді. Анау кісі сұрағын үш рет қайталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш ретте де «Еш сауап жоқ» деп жауап берді. Сосын былай деп айтты:  «Шын мәнінде, Алла шынайы болған, тек Оның разылығын үміт қылған амалды ғана қабыл етеді» деді[13].

Бұл жердегі адам жасаған амалы үшін сауап алғысы келеді, атақ-абыройды да қалайды. Қазіргі кезде кейбір мешіт салып, Алланың разылығымен қатар адамдардың арасында мәртебесінің өскенін қалайтын пенделер секілді. Мәртебе қалау ниеттерінің амалдарын қалай бұзатынын білсе әлбетте олай жасамас еді.

3- хадис:

عَنْ نَافِعِ بْنِ جُبَيْرِ بْنِ مُطْعَمٍ . قَالَ : حَدَّثَتْنِي عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ : قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم:يَغْزُو جَيْشٌ الْكَعْبَةَ ، فَإِذَا كَانُوا بِبَيْدَاءَ مِنَ الارْضِ يُخْسَفُ بأولهم وأخرهم . قَالَتْ : قُلْتً : يَارَسُولَ اللَّهِ ، كَيْفَ يُخسَفُ بأولهم وأخرهم وَفِيهِمْ أسواقهم وَمَنْ لَيْسَ مِنْهًمْ ؟ قَالَ : يُخْسَفُ بأولهم وأخرهم ، ثًمَّ يُبْعَثُونَ عَلَى نِيَّاتِهِمْ.

Айша анамыздан жеткен хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Қағбаға бір әскер соғыс ашады. Олар кең жазық алаңда тұрған кезде әуелгісінен бастап түгелі жойылады». Сол кезде Айша анамыз: «Олардың ішінде жақсылары де бар емес пе?» деді дегенде «Басынан аяғына шейін түгелі жойылады кейін ниеттеріне қарай тіріледі» деп жауап берді[14].

Әлемде болып жатқан табиғи апапттар, су тасқыны, зілзалалар да Алланың сынағы, кей жағдайда азабы болуы ықтимал. Осындай апаттарда бейкүнә жандардың, мұсылмандардың өлім құшуын кейбіреулер білімсіздіктен әділсіз деуі мүмкін. Дегенмен, хадисте келгендей олардың құлшылық-амалдарында шынайылық болса соған сәйкес сауабы да беріледі.

4-хадис:

وعَنْ جَابِرٍ ، قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم:يُحْشَرُ النَّاسُ عَلَى نِيَّاتِهِمْ.

Жәбирден жеткен хадис бойынша: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдар хашыр алаңында ниеттеріне қарай жиналады» деп айтқан[15].

5-хадис:

عَنْ أَنَسٍ , أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم قَالَ:لَقَدْ تَرَكْتُمْ بِالْمَدِينَةِ أَقْوَامًا مَا سِرْتُمْ مَسِيرًا وَلاَ أَنْفَقْتُمْ مِنْ نَفَقَةٍ وَلاَ قَطَعْتُمْ مِنْ وَادٍ إِلاَّ وَهُمْ مَعَكُمْ فِيهِ قَالُوا : يَا رَسُولَ اللَّهِ وَكَيْفَ يَكُونُونَ مَعَنَا وَهُمْ بِالْمَدِينَةِ فَقَالَ حَبَسَهُمُ الْعُذْرُ. أخرجه أحمد

Анастан келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Сендер Мәдинада бір қауымды тастап кетіп бара жатырсыңдар, сендер қанша жер жүріп, артта қалдырсаңдар да, қанша садақа берсеңдер де олар сендермен бірге» деді. Сол кезде олар айтты: «Ия, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Қалайша олар  біздермен бірге бола алады. Олар Мәдинада емес пе» деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар үзір (себеп) болғандықтан шыға алмады» деді[16].

Хадисте көріп тұрғанымыздай Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге жорыққа шығуды қалаған кейбір мұсылмандандар үзір (себеп) болғандықтан шыға алмай қалған. Бұл жорыққа деген ниеттерінің шынайылығы үшін сауаптары еш кемімеген.

5-хадис:

عَنْ جَابِرٍ ، قَالَ : سَمِعْتُ رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم يَقُولُ ، فِي غَزْوَةِ تَبُوكَ ، بَعْدَ أَنْ رَجَعْنَا:إِنَّ بِالْمَدِينَةِ لأَقْوَامًا ، مَا سِرْتُمْ مَسِيرًا ، وَلاَ هَبَطْتُمْ وَادِيًا ، إِلاَّ وَهُمْ مَعَكُمْ ، حَبَسَهُمُ الْمَرَضُ.

Жәбирден жеткен хадис бойынша айтты: Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Тәбук соғысында: Қайтқаннан кейін Мәдинада бір қауым бар қанша жер жүріп, оны артқа тастасаңдар да сендермен бірге болған қауым бар. Олар аурулары үшін шыға алмай қалды»[17].

6- хадис:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم : إِنَّ اللَّهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَمْوَالِكُمْ وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ.

Әбу Хурайрадан жеткен хадис бойынша Алланың Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Шын мәнінде, Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды» [18].

 Хадистегі жүрек деп тұрған нәрсе ол адамның ниеті өйткені ниеттің орны шығатын жері жүрек болғандықтан мекенді айтумен ниетті мақсат етуде. Жүрек – имандылық пен күпірліктің мекені. Жүрек – басқарушы орталық. Адамның сезімдері мен дене мүшелері осы орталыққа бағынады. Орталықтан алған бұйрық бойынша әрекет етеді. Егер жүрекке иман ұяласа, адамның бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүректі күпірлік мекен етсе, адамның бойында имансыздық пен жаман қасиеттер пайда болады. Яғни, жүрек – жақсылық пен жамандықтың қайнар бұлағы. Сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) жеткізген хадистің бірінде былай дейді: «Жүрек – патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады»[19].

7-хадис:

عَنْ أَبُي كَبْشَةَ الأَنْمَارِيُّ ، أَنَّهُ سَمِعَ رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم يَقُولُ:  إِنَّمَا الدُّنْيَا لأَرْبَعَةِ نَفَرٍ : عَبْدٍ رَزَقَهُ اللهُ مَالاً وَعِلْمًا ، فَهُوَ يَتَّقِي فِيهِ رَبَّهُ ، وَيَصِلُ فِيهِ رَحِمَهُ ، وَيَعْلَمُ ِللهِ فِيهِ حَقًّا ، فَهَذَا بِأَفْضَلِ الْمَنَازِلِ ، وَعَبْدٍ رَزَقَهُ اللهُ عِلْمًا وَلَمْ يَرْزُقْهُ مَالاً ، فَهُوَ صَادِقُ النِّيَّةِ ، يَقُولُ : لَوْ أَنَّ لِي مَالاً لَعَمِلْتُ بِعَمَلِ فُلاَنٍ ، فَهُوَ بِنِيَّتِهِ ، فَأَجْرُهُمَا سَوَاءٌ ، وَعَبْدٍ رَزَقَهُ اللهُ مَالاً وَلَمْ يَرْزُقْهُ عِلْمًا ، فَهُوَ يَخْبِطُ فِي مَالِهِ بِغَيْرِ عِلْمٍ ، لاَ يَتَّقِي فِيهِ رَبَّهُ ، وَلاَ يَصِلُ فِيهِ رَحِمَهُ ، وَلاَ يَعْلَمُ ِللهِ فِيهِ حَقًّا ، فَهَذَا بِأَخْبَثِ الْمَنَازِلِ ، وَعَبْدٍ لَمْ يَرْزُقْهُ اللهُ مَالاً وَلاَ عِلْمًا ، فَهُوَ يَقُولُ : لَوْ أَنَّ لِي مَالاً لَعَمِلْتُ فِيهِ بِعَمَلِ فُلاَنٍ ، فَهُوَ بِنِيَّتِهِ ، فَوِزْرُهُمَا سَوَاءٌ. أخرجه أحمد 4/231 (18194) و\»التِّرمِذي\»

Абу Кабшата әл-Әнмариден жеткен хадис бойынша, ол Алланың Елшісінен (с.ғ.с.) естіген болатын: «Дүниеде төрт адамның түрі бар: бір адамға байлықты да ілімді де берген. Ол Раббысынан қорқады, туысқанына жақын. Алла алдындағы хақысын біледі. Ол адам Алла алдында үлкен мәртебеге ие. Екінші бір адамға ілім беріліп байлық берілмеген. Ниетінде шыншыл. Егер менде де байлық болса пәленше секілді жұмсар едім» дейді. Ниетінің шыншылдығы үшін жоғарыдағы адаммен сауабы бірдей. Енді бір адамға Алла байлық беріліп, ілім берілмеген. Ол білімсіздігінен байлығын оңды-солды шашады. Алладан қорықпайды және жақындарына да қайырымдылығы жоқ. Алланың алдындағы хақысын да білмейді. Ол ең төменгі дәрежеде. Енді бір адамға байлық та, ілім де берілмеген. Ол: Егер менде байлық болса, анау адам секілді шашар едім» дейді. Оның сол ниеті үшін жоғарыдағы адаммен тартар азабы бірдей»[20].

Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيرًا مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ وَلَا تَجَسَّسُوا وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضًا أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ

Әй, мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді[21].

Бұл жердегі «Занн» сөзі тек «күмән» деген мағынаны ғана емес, «ой» деген мағынаны да білдіреді. Яғни адам бір жаман ой ойласа оған тәубе істемейінше күнәсі мойнынан түспейді.

8-хадис:

وعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ ، رَضِيَ اللهُ عَنْهُ ، أَنَّ رَسُولَ اللهِ صلى الله عليه وسلم قَالَ:قَالَ رَجُلٌ : لأَتَصَدَّقَنَّ بِصَدَقَةٍ ، فَخَرَجَ بِصَدَقَتِهِ فَوَضَعَهَا فِي يَدِ سَارِقٍ ، فَأَصْبَحُوا يَتَحَدَّثُونَ : تُصُدِّقَ عَلَى سَارِقٍ ، فَقَالَ : اللَّهُمَّ لَكَ الْحَمْدُ ، لأَتَصَدَّقَنَّ بِصَدَقَةٍ ، فَخَرَجَ بِصَدَقَتِهِ فَوَضَعَهَا فِى يَدَيْ زَانِيَةٍ ، فَأَصْبَحُوا يَتَحَدَّثُونَ : تُصُدِّقَ اللَّيْلَةَ عَلَى زَانِيَةٍ ، فَقَالَ : اللَّهُمَّ لَكَ الْحَمْدُ عَلَى زَانِيَةٍ ، لأَتَصَدَّقَنَّ بِصَدَقَةٍ ، فَخَرَجَ بِصَدَقَتِهِ فَوَضَعَهَا فِي يَدَيْ غَنِيٍّ ، فَأَصْبَحُوا يَتَحَدَّثُونَ : تُصُدِّقَ عَلَى غَنِيٍّ ، فَقَالَ : اللَّهُمَّ لَكَ الْحَمْدُ ، عَلَى سَارِقٍ ، وَعَلَى زَانِيَةٍ ، وَعَلَى غَنِيٍّ ، فَأُتِيَ فَقِيلَ لَهُ : أَمَّا صَدَقَتُكَ عَلَى سَارِقٍ فَلَعَلَّهُ أَنْ يَسْتَعِفَّ عَنْ سَرِقَتِهِ ، وَأَمَّا الزَّانِيَةُ فَلَعَلَّهَا أَنْ تَسْتَعِفَّ عَنْ زِنَاهَا ، وَأَمَّا الْغَنِيُّ فَلَعَلَّهُ يَعْتَبِرُ فَيُنْفِقُ مِمَّا أَعْطَاهُ اللهُ. أخرجه أحمد 2/322 (8265) \»البُخاري\» 1421 و\»مسلم\» 2326 و\»النَّسائي\» 5/55

Әбу Хурайрадан жеткен хабар бойынша, Алланың Елшісі (с.ғ.с.); «Бір адам келіп мен міндетті түрде садақа беремін деді.Сөйтіп садақасын бір ұрыға берді. Адамдар: ұрыға садақа берді деп, сөз қылды. Ол: Аллаға мадақ деді. Ол екінші рет:  мен міндетті түрде садақа беремін деді. Бұл жолы садақасын зинақор әйелге берді. Адамдар тағы да: зинақор әйелге садақа берді деп, сөз қылды. Ол: Аллаға мадақ деді. Ол және садақ қылуға ниет қылды. Бұл жолы ол садақасын бай адамға берді. Бұл жолы да адамдар: «Садақасын бай адамға берді деп сөз қылды. Ол: Аллаға мадақ дегеннен басқа еш сөз айтпады. Содан кейін оған «Сенің ұрыға садақа бергенің мүмкін оны ұрлығынан тияр, зинақор әйелге бергенің мүмкін зинақорлығын тоқтатар, ал байға бергенің мүмкін ғибрат алар, кейін ол да Алла жолында малын жұмсар» деп айтылды» деген [22].

Бұл және басқа да көптеген хадистер Исламдағы ниеттің маңызды орында екенін меңзейді.

Амалдың қабыл болу шарттары

Кез келген амалдың қабыл болуының екі шарты бар:

Бірінші, шынайы ниет.

Екіншісі, шариғатқа сәйкес болу.

Біріншісімен ішкі құлшылық ретінде жүзеге асса, екіншісімен сыртқы құлшылық дұрыс болады. Бұл екі негіз қосылғанда ғана құл Алланың разылығына бөленеді. Алла Тағала Құран Кәрімде:

وَمَنْ يُسْلِمْ وَجْهَهُ إِلَى اللَّهِ وَهُوَ مُحْسِنٌ فَقَدِ اسْتَمْسَكَ بِالْعُرْوَةِ الْوُثْقَى وَإِلَى اللَّهِ عَاقِبَةُ الْأُمُورِ

Кім өзін Аллаға тапсырып, түзу іс істесе, ол расында берік тұтқаны ұстаған болып саналады. Барлық істің соңы Аллаға тән[23].

Басқа бір аятта:

بَلَى مَنْ أَسْلَمَ وَجْهَهُ لِلَّهِ وَهُوَ مُحْسِنٌ فَلَهُ أَجْرُهُ عِنْدَ رَبِّهِ وَلَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ

Олай емес кімде-кім өзін Аллаға тапсырып, жақсы істер істесе, оның сауабын Алладан алады. Оларға (ақыретте) уайым-қайғы, қауып-қатер жоқ[24].

Атақты сахаба ибн Масғуд: «Сөз амалсыз пайдаға аспайды. Ал, сөзбен амал ниетсіз пайдаға аспайды. Сөз амал және ниет сүннетке сәйкес келмейінше пайдаға аспайды.

Ибн Ғажлан: «Амал тек үш нәрсемен ғана жүзеге асады: Алладан шынайы қорқу, жақсы ниет, шариғатқа қайшы келмеу».

Шынайы ниеттің жемістері:

Адамның жүрегі дене мүшелерімен әрдайым арпалыста,ойымен күресте болады. Өйткені, бақылаудан бір сәт тыс қалса, адамды орны толмас қайғыға апаруы мүмкін.

Әрбір амалына есеп беруді үйренеді. Бұл амалынан Алла разы бола ма, болмай ма? деген ойлар оны әркез тастамайды.

Адамның көкейінде әрдайым бақылаудың астында жүргендей сезім болады, өйткені құл жүрегіндегі нәрсенің Аллаға аян екенін біледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде келгендей ихсан дәрежесіне жетеді. Хадисте ихсан жайында былай деп айтылған: «Аллаға көріп тұрғандай құлшылық қыл өйткені сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұр»[25].

Ниеттің шыншылдығы жайында тарих кітаптарында мынандай қиссаны риуаят етеді;

Бірде бір топ ұры үлкен керуен жайында естіп, жол торауылға шығады. Қарақшылық әрекеттерін жасап қайтқанда кеш батып, ымырт жамылған соң уағдаласқан жерлеріне бара алмай, сол маңдағы бір үйлердің бірінде түнемекші болады.

Бір үйдің есігін қағып, өздерін Алла жолында дін жайып жүрген адамдар ретінде таныстырады. Мұны естіген үй иесі қуана қарсы алып, бөлек бөлме дайындатқызып, ас әкеліп, асты-үстіне түсіп, қызмет жасайды.

Сол үйдің туғанынан бір мешел баласы болады. Ертеңіне ұрылар кеткеннен кейін үйдің иесі әйеліне айтады: «олардың дәреттінен, жуынғанынан қалған суларын баламыздың денесіне сипашы мүмкін олардың берекетімен Алла шипасын берер» деді. Әйелі айтқанын бұлжытпай орындайды.

Кешке ұрылар тонайтынын тонап, өздерінің зимиян әрекеттерін жасап, жұрттың көзінен таса болу үшін әлгі үйге қайтып келеді. Үйге қайтып келген олар өз көздеріне өздері сенбей біраз тұрып қалады. Кеше ғана төсекке таңылып жүре алмай жүрген баланың бүгін жүріп жүргенін көреді.

Олар үйдің қожайынына: «Кеше ғана балаңыз мешел еді бүгін қалайша жүріп кетті» деп, таң қалысты. Үйдің иесі: «Ия сіздердің дәрет алған суларыңыздың қалдығын алып, балама сүртіп едім, Алланың құдіретімен  сіздердің берекелеріңізбен жазылып кетті, сіздер Алланың жолында жүрген оның сүйікті құлы емессіздер ме?! деді.

Әлгі адамның шынайы ниетіне тәнті болғаны соншалық көздеріне жас келіп жылап жібереді, жылап тұрып былай деп  айтады: «Біз сен ойлағандай дін жаюшы Алланың сүйікті құлы емеспіз біз анығында кісі өлтіріп, жол торыған қарақшылар едік. Алла балаңды сенің шынайы ниетің үшін ауруынан жазды. Сөйтіп олар барлығы тәубісіне келіп, алған заттарын иелеріне қайтарып, басында үйдің иесіне өздерін таныстырғандай әлемнің әр тарабына Алланың дінін жаюға кетеді[26].

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ниетке қатысты жасаған дұғасы

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ ، قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم:مَنْ خَرَجَ مِنْ بَيْتِهِ إِلَى الصَّلاَةِ ، فَقَالَ : اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ بِحَقِّ السَّائِلِينَ عَلَيْكَ ، وَأَسْأَلُكَ بِحَقِّ مَمْشَايَ هَذَا ، فَإِنِّي لَمْ أَخْرُجْ أَشَرًا وَلاَ بَطَرًا ، وَلاَ رِيَاءً وَلاَ سُمْعَةً ، وَخَرَجْتُ اتِّقَاءَ سُخْطِكَ ، وَابْتِغَاءَ مَرْضَاتِكَ ، فَأَسْأَلُكَ أَنْ تُعِيذَنِي مِنَ النَّارِ ، وَأَنْ تَغْفِرَ لِي ذُنُوبِي ، إِنَّهُ لاَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلاَّ أَنْتَ ، أَقْبَلَ اللهُ عَلَيْهِ بِوَجْهِهِ ، وَاسْتَغْفَرَ لَهُ سَبْعُونَ أَلْفَ مَلَكٍ.

Сағид әл-Худридан жеткен хабар бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Кімде-кім үйінен намазға шыққан кезде: «Иә, Алла! Сұраушылардың хақысымен және саған құлшылық жасауға барушылардың хақысымен сұраймын, мен атақ-абыройды, біреуге көріну мақсатымда шыққаным жоқ. Мен сенің ашуыңнан қорқып, ризашылығыңды қалап шықтым. Сенен тозақтан құтқарғаныңды, күнәларымды кешіргеніңді сұраймын. Өйткені, күнәларды тек сен ғана кешірушісің» десе,  Алла оның дұғасын қабыл қылып, жетпіс мың періште ол үшін кешірім сұрайды» деген[27].

Хамзат Әділбеков

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешінің бас имамы

[1] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[2] Ибн Һишам сирасы

[3] әт-Тирмизи 3764,

[4] Оңнан солға қарай

[5] «Баина» сүресі, 5-аят

[6] Ибн Раджаб әл-Ханбалидің «Жамиғ әл-улум уәл хикам» кітабы деген

[7] «Нәхл» сүресі, 32-аят

[8] «Ясин» сүресі, 63-64 аяттар

[9] «Нәхл» сүресі, 97-аят

[10] «Әли-Имран» сүресі, 152-аят

[11] «Исра» сүресі 18-21 аяттар

[12] Бұхари және Муслим хадистер жинағынан

[13] Насаи хадистер жинағы

[14] Бұхари хадистер жинағы

[15] Ибн Мәджә хадистер жанағы

[16] Ахмадтың хадистер жинағы

[17] Ахмадтың хадистер жинағы

[18] Муслим хадистер жинағы

[19] Байһақи хадистер жинағы

[20] Тирмизи хадистер жинағы

[21] «Хужурат» сүресі, 12-аят

[22] Бұхари, Муслим хадистер жинағында

[23] «Лұқман» сүресі, 22-аят

[24] «Бақара» сүресі, 112-аят

[25] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[26] http://www.okaz.com.sa/new/mobile/20140219/Con20140219678524.htm

[27] Ахмад ибн Мәджә хадистер жинағы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.