Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Рәтбек қажы Нысанбайұлы кітабының тұсаукесері өтті

0 1  428

11 ақпан. Нұр-Сұлтан. Sunna.kz – ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Алматыдағы Нұр-Мүбарак университетінде Діни басқарманың тұңғыш төрағасы Рәтбек қажы Нысанбайұлының «Пайғамбарлар тарихы» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sunna.kz тілшісі.

Тұсаукесер рәсіміне Нұр-Мүбарак университетінің басшылары мен қызметкерлері, Алматы облыстық және Алматы қалалық дін істері басқармасының өкілдері, ҚМДБ қызметкерлері қатысты. Қасиетті Құранмен басталған шараның ізгі тілектер легін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бастады.

«Біз үлкенді сыйлап, құрметтеген халықпыз. Сонау Кеңес дәуірінде қазилық қызмет атқарып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын құрған қазақтың тұңғыш мүфтиі, ұстазымыз Ратбек қажы Нысанбайұлының «Пайғамбарлар тарихы» кітабы – талай жылғы нағыз құнды еңбек. Қиын-қыстау кезеңде қаншама шәкірт тәрбиелеп, нағыз ұлтжандылық танытып, дінімізге сіңірген еңбегіңіз үшін сізге алғысымыз зор» деді Бас мүфти.

Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мухаммад әш-Шаххат әл-Жинди Рәтбек қажы Нысанбайұлының еңбектерімен таныса келе: «Кеңес дәуірінде ҚМДБ құрып, Нұр-Мүбарак университетінің негізін қалауға, алғашқы медресе ашу секілді дінге сіңірген еңбектеріңізге қарап есіміңізді «Фатих» (Ашушы) деп атағым келеді» деген жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ Алматы облыстық Дін істері басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Ниет, Алматы қалалық Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов құттықтауын жеткізді.

Рәтбек ақсақалға жүрекжарды тілегі мен алғысын жаудырған жандар аз болмады. Өткен тарихқа шолу жасап, еліміздің елдігі жолында діни ұстанымның беріктігіне қатысты басты қағидаларымен бөліскен Рәтбек қажы ақсақалға Нұр-Мүбарак университеті шапан жауып, сый кәде жасады.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.