Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Исламдағы иман мәселесі

0 991

Иман (امان) дегеніміз – сену, илану, мойынұсыну, мойындау сияқты мағналарға келеді. Шариғатта Алланың бар екеніне және Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар Алланың құлы әрі Елшісі екеніне куәлік беру. Яғни Аллаға (зати, субути сипаттарымен), Періштелерге, Кітаптарына, Пайғамбарларға, Қиямет күніне, жақсылық пен жамандық Алланың тағдыры, өлгеннен кейін қайта тірілу хақ екеніне күмәнсіз сену. Әли Имран сүресінде:

«Шәксіз көктердің және жердің жаратылуында түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар. Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жарат-падың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!» деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис шәрифте: «Сендер Алланың нығметтерін (жаратқандарын, құді-ретін, ұлылығын) ойлаңыздар. Бірақ, Алланың заты жайында ойланбаңыз-дар»,– дейді. Шәкәрім атамыз:

«Келдiм қайдан? Қайтсе пайдам?
Өлгеннен соң не болам?
«Мен» деген – жан, ақыл – айнам,
Жоғала ма сол шын-ақ», – деп ақыл иесі адам баласы бұл өмірге келгенде «қайдан келдім, қайда барамын, не істеуім керек?!» деген сұрақтардың төңірегінде ой өрбітуі өте маңызды екенін ескертеді. Соңынан ерік қалауыңмен не істесеңде сынақ үшін жаралғанымызды айтып кеткен:

Несін сүй, несін сүйме ерік өзіңде,

Нәпсің де, ақылың да тұр көзіңде.

Сынау үшін жаратқан бір Иең бар,

Тексерілмей қалмайсың бір кезінде.

«Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» деген Абай атамыз амалдан алдын иман келтіру керек екенін жазып кеткен. «Сенде бір кірпіш дүниеге, Тетігін тап та бар қалан» Алланың әрбір адамға өмір беріп, оларға жақсы-жаманды екі жолды көрсеткенін, егер өз орныңды таба білсең, адам деген үлкен ғимараттың дұрыс, түзу қалануына үлес қосасың. Егер де қисық жолды таңдағанда, құдды қисық, дұрыс қалыпқа түспеген кірпішпен қалай үй тұрғызуға пайдалану мүмкін емес, қайта ондай кесекті қоқысқа тастайтыны сияқты аңғарамыз.

Таулардың пайда болуы, өсімдік өсуі, жан-жануарлардың өмір сүруі мен дене бітімі, қардың, жауынның жаууы, жердің, күннің айналуы мен галактикалардың мінсіз ғасырлар бойы мүлтіксіз қозғалысы, адамның дене құрылысы, жаратылуы мен дамуы теңдессіз Ақылдың хикметі деуден басқа шара жоқ. Яғни ғылым мен техниканы, түрлі астрономия, физика, биолоия тб жаратылыстану ғылымдарын меңгерген кісі ғылым иесі ретінде Алланың даналығын көреді, ал жүрек көзі бітеу, көңілі ұйқыда болған ғапыл кісі тек қана әділетсіз бен өмірдегі бұзғыншылықты ғана байқайтыны белгілі.

«Ғақлия көзбен қарасаң,
Дүние – ғажап, сен – есік.
Жаһлы көзбен қарасаң,
Дүние – қоқыс, сен – меншік» – деген Әл-Фараби бабамыздың сөзіне қандай толықтыру жасай аламыз…

«Егер жер мен көкте Алладан басқа тәңірлер болса, онда жер мен көк сөзсіз бұзылып кететін еді. Демек, Аршының Раббысы Алла олар жарастырған сипаттардан пәк» (Әнбия сүресі, 22-аят)

Ол – Алла жисм, жауһар, ғариз емес,

Боларға басқа басқа бөлектенбес.

 Алланы еш нәрсеге ұқсатуға,

Еш нәрсе Оған ұқсап жөні келмес.

Бар Құдай көкте де емес, жерде де емес,

Мекенін бір Алланың ешкім білмес.

Сипаты сегіз болған, бірі – кәләм,

Сөйлейді құдіретімен Алла Тағалам

Сөйлеуі біздей тілмен, жақпен емес,

Тіл, жаққа мұқтаж емес секілді адам

Алды-арты, асты-үсті, оң-солы жоқ,

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

Еш нәрсеге ұқсамайды Ол, еш нәрсеге,

Кітаптың айтқанынан ойлама көп. (Мәшһүр Жүсіп)

 «Тура сөзге келгенде тіл тарпағын, Қыңыр сөзді жасыр, текке лақпағын!» десе, ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаһқа және ақырет күніне иман келтірсе жақсы сөз сөйлесін немесе тіліне ие болсын…» деген.

Алла бізді иман келтіргендердің қатарынан етсін!

Отаров Ильяс

«Рахымқызы Раиса Ана» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.