Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Аршы көлеңкесіндегі жетеудің сипаты

0 2  958

Махшар – Алла Тағала адамдардан есеп алу үшін ақыретте қайта тірілтіп, дүниеде істеген әрбір ісі таразыға тартылып есеп беретін мекенді айтады. Осы кезде адам жанымен де, тәнімен қайта тіріледі.

Хадистерде махшарға жиналатын сәтте адамдар анадан туғандай болып жалаңаш баратындығы, кім қалай өлсе, солай тірілетіндігі айтылады. Айша анамыз (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Адамдар қиямет күні жалаң аяқ, жалаңаш және сүндеттеусіз болып жиналады».  Айша: «Я, Алла Елшісі! Ол кезде әйелдер еркектерге, еркектер әйелдерге қарап қоймай ма?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Айша! Ол кездегі жағдайда ешкімнің ешкімге қарауға шамасы жетпейді. Тіпті, қарау ойына да келмейді. Өйткені, ол кездегі жағдай өте қорқынышты», – деді (Бухари, Риқақ 5; Муслим, Жәннат, 14)

Пайғамбарымыз (с.а.у) айтады: Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисте:
«Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді, Олар:
1) Әділ имам (басшы);
2) Аллаға бойұсынып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт;
3) Мешітке жүрегі байланған кісі;
4) Бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам;
5) Мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі;
6) Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі;
7) Жалғыз қалғанда Алла Тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам» (Бұхари жеткізген).

Осындай ауыр күні біреу азап шегіп, енді біреуі күннің ыстығына күйіп, әркім «нәфси нәфси» деп жатқанда, жоғарыда айтылған жеті түрлі адам Алла тағаланың «Аршысының» көлеңкесін яғни мейірімін, рахымын паналап, қиямет үрейінен қашық болады. Себебі бұл жандардың бұл өмірдегі амалдары соған лайықты өмір сүрген еді. Енді сол жеті түрлі адамдарға жеке-жеке тоқталып өтсек.

Әділ имам (басшы). Басшы әрбәр істі өз жауапкершілігіне алғансоң Алладан қорқа отырып қай жерде болмасын, қандай жағдай болмасын ешкімді бөліп жармай әділ жолды ұстану өте маңызды. Сол әділ жол арқылы Алланың рахымына бөленіп, қияметте жүзі жарық болады. Әділдігімен танылған басшының отбасында, қоғам алдында беделі үстем болып, сөзі өтімді ісі берекелі болатыны сөзсіз. «Басшы әділ болмай жұрт ісі оңға баспайды» деп, Әлихан Бөкейханов бабамыз айтқандай әділдік тек Аллаға жақындатанынын түсінуіміз керек. Тарихымызға көз салсақ, қаншама ел басқарып, елдің қамын ойлаған, ұрпағы үшін жанын берген хандарымызды тек жақсылықпен еске алып Алла тағалаға олар үшін дұға қылып рахметімізді айтып жүрміз.

Бір басшы халқына әділ болып, елге рақымшылдық пен сүйіспеншілікпен қараса, Жаратушы да қияметте оған рақыммен қарап панасына алмақ.

Аллаға бойұсынып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт. Нәпсі қатты белең алған заманда, зинаның ашық түрде жарнамалап, Алла тағалағадан қорқып, Оған құлшылық етуге арнаған жас. Бұл хадистегі тақуа кісі – кәрі емес жас жігіт немесе бойжеткен қыз. Неге десеңіз, қарт кісінің тақуа болып, құлшылыққа бой ұруы оңайырақ. Өйткені бұл кезең нағыз нәпсінің оттай болып жанып, жарқыраған шоқ жұлдыздай болып тұрған кезі. Алла тағалаға ықыласпен құлшылық жасап, шайтанның тұзағына ілінбей өмір сүрулері кәрі адамдарға қарағанда ауыр болмақ. Пайғамбарымыз с.а.у айтады: «Жастардың ең абзалы – (ақыл тоқтатып, нәпсісін тізгіндей білген) егде адамдарға ұқсағандары, сондай-ақ егде адамдардың ең жаманы – (ғапылдыққа салынып, нәпсіге азған) жастарға ұқсағандары» деген. Сол үшінде Алла тағала осындай иманды жастарды қияметте ауыртпалықтан құтқарып, Өзінің қамқорына алмақ!

Мешітке жүрегі байланған кісі. Бұндай кісілерді мешіттің берекеті деп атасақ артық айтқан болмаймыз. Себебі, мешіт көркі жамағат деген сөз бар емес пе? Егер мұсылман адам шамасы келгенше бес уақыт намазын үзбей мешітте оқып, бүкіл ғұмырын мешіт пен үйінің және жұмыс орнының арасында өткізсе Алланың оған рахымы болмақ. Пайғамбарымыз с.а.у сахабаларына: «Алла тағаланың жасаған кателіктеріңді өшіріп, тазартып һәм сендерді биік мәртебелерге шығаратын маңызды жолын көрсетейін бе? – дейді. Сахабалар: «Иә, Пайғамбарым (с.ғ.с.)», – деді. Ол (с.а.у.): «Қиын кезеңнің барша ауыртпалығына қарамастан толықтай жақсылап дәрет алу, мешітке қарай көп жол жүру (қадам басып бару), сосын намаздан соң келесі намазды күту». Міне (шекарада күзетте тұрғандай өзін Хақпен) байланыстыру деген осы.

Бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам. Осы сәтте Пайғамбарымыз с.а.у мына хадисін еске алсақ: «Нәпсім құдырет уысында болған Жаратқанға ант етейін! Иман етпейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше де иман ете алмайсыңдар. Бір-бірлеріңді жақсы көруге арқау болар нәрсені айтайын ба? Өз араларыңда сәлем беруді жайыңдар!», – дейді.  Әрі бір-бірін Алла тағалаға деген сүйіспеншілігінің дәрежесіне қарай емес, дүниесі мен зәулім сарайына, лауазымыны қарай баға беріп қарым-қатынас жасайды. Жүректерін дүниеқоңыздық жайлаған мұсылман қоғамы ешқашан бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көре алмайды.

Мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі. Бұл сипатта әлгі тізгінін қолына ұстап Алладан қорқып ақыретін ойлаған жас жігіт тәрізді. Алласын таныған пенде ешуақытта жамандыққа, күнәлі іске бармайды. Қандай көрікті әйел шақырсада. Пайғамбарымыз с.а.у айтады: «Адам зина жасаған кезде иманы одан ажырап, төбесінде бұлт тәрізді қалықтап тұрады. Зинадан кейін иманы қайта орлады»  – дейді. Сондықтан мұсылман адам күнәдан қаншалықты қашып Аллаға жақындай түсетін болса, сол ісі үшін берекеті мен жемісін көреді.

Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі. Садақа мұсылман баласының Аллаға жақын болатын амалдарының бірі. Сондықтан біз қай кезде болмасын өз отбасымыз үшін, жұмысымыз үшін және ертеңгі күні қабірге барғанда сауабы үздіксіз барып тұратын сауапты істердің бірі. Біз садақаны Алла үшін берсек қабыл болғаны, ал мақтану үшін мына кісі жомарт жан екен деген атқа егелік ету үшін берілсе, ақшаңды босқа шашқаның. Сол үшін берер кезде ықласпен шынайы түрде Алланы еске алған күйде бергеніміз жөн.

Жалғыз қалғанда Алла Тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам. Құлшылық барысында жалғыз қалған кездерінде мына шексіз әлемге көз тастай отырып, осынау ғаламды мінсіз жаратқан Ұлы Жаратушының шеберлігі мен шексіз құдыретін ойлап, Алла тағалаға лайық құл бола алдым ба екен деп терең ойға шомып, содан кейін жан тәнімен кернеген осы көңіл-күйін көз жасы арқылы сыртқа төксе. Алла тағаланы ойлап жылау – нағыз тақуалықтың белгісі. Пайғамбарлардың (с.а.у) баршасы өз ғұмырларында Алла тағаланың дидарын аңсап, көңілге ерік беріп көз жастарын төгумен өткен.

Міне ағайындар! Осы жеті түрлі адамдардың қатарында болуды саласақ,аталған сипаттарға сай өмір сүруіміз қажет.

Жомарт Анарбеков

«Ар-Рахман» мешітінің найб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.