Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Артыңа пұл қалдырғанша, ұл қалдыр

Артыңа пұл қалдырғанша, ұл қалдыр

0 188

Қазақ қаза болған адамды жөн-жоралғысын жасап, қадірлеп шығарып салған. Алайда, соңғы кезде салтқа емес, салтанатты дастарқанға көбірек көңіл бөлетін болған. Қаралы үй үш күн бойына қазан көтеріп, ас пісірмеген.

 

Адам қаза болғанда ерекше құрмет көрсетіп, оның аманатын орындауға тырысады. Тіпті қаралы үйдің жайған дастарқан мәзірінде болуы тиіс тағамдар тізімін де жасап қойған. Бұрын ет-жақынынан айрылған қазақ дастарқанға қойылатын асқа емес, қандай салт-дәстүрдің орындалуына аса мән берген.

«Жақсы адамның өлімі де өнеге» деп оның өмірде істеген жақсы істерін көпке үлгі етіп айтқан. Көз жұмар алдында айтқан өсиеттері мен ақылын көпшілікке жария қылып отырған. Жасаған қателігін кешіріп, дос-жаран, туысқандарын бірлікке шақырған. Бір сөзбен айтқанда, адамдарға мағыналы өмір сүруді насихаттаған. Қазақ артына мол байлық қалдырған адамды емес, елі үшін игі істер жасаған, көпке үлгі болған адамды кемеңгер санаған. «Артыңа пұл қалдырғанша, ұл қалдыр, бөз қалдырғанша, сөз қалдыр» Бақилық болған марқұм кісіге сауабы барсын деген мақсатта берілетін ас – ел аузында «құдайы ас» деп те аталады. «Құдайы ас» атауының өзі айтып тұрғандай Алла Тағаланың разылығына қол жеткізу үшін қайтыс болған марқұмға арнайы берілетін ас. Мұндай ас қайтыс болған кісі Алланың рақымы мен жарылқауына бөлену үшін атқарылады.

Ас беру кезінде шариғат шеңберінен шығып, ысырапқа жол беріп, қазалы отбасын қарыз батырмау. Шынайы ниет құран оқу, бата беру және дұға жасау, ысырапқа жол бермеу, Құдайы аста уағыз-насихат айту, марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату, құдайы ас берудің дініміздегі үкіміне тоқталсақ.

Қайтыс болған кісі үшін, жетісін, қырқын, жүз күндігін және жылын беру шариғаттың талабы емес және олай жасау – Ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарының қатарына кірмейді. Демек, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнә арқаламайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа ас таратудың сауапты іс екенін Құран аяттарынан және хадистерден байқаймыз. Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісі атынан ірі қара мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ, құдайы аста берілген жағдайда ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс.

Шынайы ниет ету.Асыл дінімізде кез келген іске кіріспес бұрын әуелі шынайы ниет пен ықыласқа ерекше мән беріледі. Мұсылманның ниеті ісінен қайырлы. Шариғатта жасалған жақсылықтардың сауабы жүректегі ниетпен өлшенеді. Атқарылатын әрбір іске әрдайым шынайы ықылас қажет. Сауапты істе көзбояушылық жасауға болмайды. Марқұмның атынан ас берілгенде, негізгі ниет – бір Құдайдың разылығын ғана табу болуы тиіс. Одан өзге ниет – астың сауабын кемітеді. Ас беруші шаңырақ осы ниеттен арылмауы қажет. Құдайы астағы оқылған Құранның, жасалған дұғаның, берілген садақаның мақсаты – тірілердің не ойлайтыны емес, марқұмның мәңгілік өміріне пайдасын тигізетін ізгі амал жасап сауабын бағыштау.

Марқұмдарға арналған құдайы ас артында қалған ұрпақтарының, жұбайының, ұл-қыздарының және ет-бауыр жақындарының атынан беріледі. Берілетін асқа, онда оқылатын Құранға, жасалатын дұғаға қайтыс болған кісінің ұрпақтары мен туысқандарының қатысқаны абзал. Сондай-ақ, Құдайы асқа жасы үлкен кісілер, жақын туыстары, көршілері мен достары шақырылады.Қайтқан кісінің артынан үздіксіз жетіп тұратын ізгі үш істің бірі – артында қалған ұрпағының жасаған дұғасы. Сол себепті, құдайы астарда марқұмның өз ұрпақтарының дұға жасағаны абзал. Басына қайғылы іс түскен жағдайда ағайын, туған-туыстар тез арада жиналып, ынтымақтасып, отбасының жанынан табылып, бірі-біріне қол ұшын бергені дұрыс. Қайғы-қасіретке ұшыраған отбасының материалдық жағдайы көтермейтін болса, тума-туыстары көмек көрсеткені жөн. Ислам дінінде жеке жасалған іске қарағанда, көпшілікпен бірге атқарылған игі істердің сауабы көбірек болады. Құдайы асқа келгенде киім кию әдебіне де (әйел адамдар мүмкіндігінше шариғатқа сай киінуге) мән берген жөн. Құран оқу, бата беру және дұға жасау.

Әрбір құдайы астың түпкі мақсаты – дүние салған адамдардың рухына Құран аяттарын бағыштау. Құран оқылып, дұға жасағанда жиналған көпшілік ниеттес болып отырғаны дұрыс. Құран оқудан бұрын әулеттің үлкеніне немесе сол жерге келген қонақтардың ішінен жасы үлкен сыйлы ақсақалға бата жасату – қазақы мәдениетіміздің көрінісі. Артында қалғандары «көпшілікке ас беру – перзенттік борышымыз» деп дастарқан жайып, шектен тыс шығын шығарып, барын салып дастарқан жаюда. Ал шын мәнінде дінімізде: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген.

Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Онымен ғана шектелмей әсіресе жаз мезгілінде, күннің аптап ыстығына қарамастан дастарқанға шектен тыс ас мәзірін қойып жатады. Тіпті негізгі ас келген кезде қоярға орын табылмайды. Ал, негізгі ас келгенде орын болмаған соң амал жоқ әлгі артық заттарды дастарқан үстінен алып тастайды. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес. Демек ас беріп, дастархан жайғымыз келсе астамшылық жасамай, діни басқарманың бекіткен ас мәзірін негізге алып, соның аясында өткізсек нұр үстіне нұр. Себебі «Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын» деген қанатты сөз бар.

Қасиетті Құранда «…Ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген. («Ағраф» сүресі, 31-аят). Дінімізде дүние салған жақындарымызға тек ғана ас беру арқылы артынан сауап барады деген түсінік жоқ. Себебі Алла елшісі (с.ғ.с): «Дүние салған ата-ана артынан жасалынатын төрт амалдың сауабы барады: Ата-анаға дұға жасау, ата-анаға Алладан истиғфар (кешірім) тілеу, ата-ананың қалдырған өсиетін орындау, ата-ананың араласқан жора жолдастарына жақсылық жасау», тағы бір хадисте: «Кісі дүние салған соң, ахиретте дәрежесі жоғары болады. Өзіне берілген дәрежеге таң қалып: «Мына дәреже маған не үшін беріліп жатыр?» деп сұрайды екен. Ол кісіге сонда былай жауап беріледі: «Сенің артта қалған балаң сен үшін истиғфар тілеп жатыр». Хадистерден көріп отырғанымыздай дүние салған жандарға тек ас беру арқылы сауабы тимейді. Олардың артынан жасалған дұға-тілектер, истиғфарлар, олар үшін жасалған жақсылықтардың да сауабы барады екен. Қазақ халқының да өмірден өткен адамға байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер тәртібі, белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік жоралары қалыптасқан. Соның ішінде, өлім-жітімде жасалатын кәде, еске алу рәсімі ретінде ас берудің ерекше маңызы бар.

Бұл жалған дүниеден бақилыққа аттанған ағайын-туыс пен жақын-жекжаттарды еске алып, аруағына бағыштап ас беру – халқымыздың айнымас дәстүрлерінің бірі. «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген ұғыммен тамырлас бұл үрдістің мазмұны – бақиға көшкен ата-­баба рухына ізінің қайырлылығын, ұрпағының разылығын білдіруге және сырттай желеп-­жебеп жүрулерін тілеуден туындайды.

Абызбай Мадияр,

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің молдасы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.