Имандылық;
Алла Тағала Құран Кәрімде мұсылмандарға былай дейді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنْفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақ отынан) құтқарыңдар»[1].
Қысқаша түсіндірмесі: Осы аяттың тәпсірінде мынадай риуаяттар келтіріледі. Бір кісі Әли ибн Әбу Талибтен (р.а.) өздерін және отбасыларын оттан құтқару туралы сұрағанда ол: «Оларды жақсы тәрбиелеу әрі білім үйрету», – деп түсіндірген. Ал Хасан Басри: «Аллаға мойынсұнуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер», – деген.
Сәби ештеңе жазылмаған таза ақ парақ сияқты. Оны ата-анасы тәрбиелеп, не салихалы мұсылман етеді, не тәрбиесі кем адам етіп шығарады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде:
مَا مِنْ مَوْلُودٍ إِلَّا يُولَدُ عَلَى الْفِطْرَةِ ، فَأَبَوَاهُ يُهَوِّدَانِهِ ، وَيُنَصِّرَانِهِ ، وَيُمَجِّسَانِهِ.
«Әрбір туылған сәби фитрада («әуелгі таза болмыста» – яғни, ешнәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Сосын оны әке-шешесі не яһуди, не насара, не отқа табынушы мәжуси етіп шығарады»[2].
Құран Кәрімде пайғамбарлардың басты тілектерінің бірі – тура жолдан таймау, құлшылықтан ажырамау болатын. Сонымен қатар, ұрпақтарының да иманды да, салихалы болып жетілуін, бұл өмірден иманды болып өтуін тілеп Жаратқанға жалбарынған. Мысалы, Ибраһим пайғамбар былай дұға еткен:
رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاةِ وَمِنْ ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ
«Раббым! Мені және менің ұрпақтарымнан намаз оқитындардың қатарынан қыл! Раббымыз! Менің дұғамды қабыл ала көр!»[3].
Алла Тағала Құран Кәрімде:
وَوَصَّى بِهَا إِبْرَاهِيمُ بَنِيهِ وَيَعْقُوبُ يَا بَنِيَّ إِنَّ اللَّهَ اصْطَفَى لَكُمُ الدِّينَ فَلا تَمُوتُنَّ إِلا وَأَنْتُمْ مُسْلِمُونَ
«Ибраһим мен Жақып та осыны балаларына өсиет етіп: «Уа, балаларым! Алла сендер үшін дінді таңдады. Сондықтан да дүниеден мұсылман болмай өтпеңдер», – деді»[4].
Мұсылмандық тәрбие кәлима шәһәдаттан басталып, Хақ Тағаламен қарым-қатынас, басқа адамдармен қарым-қатынастарды, дүниелік һәм ахиреттік мүдделерді қамтиды. Ең алдымен иман шарттарын, сосын мұсылмандық әдептерді, дұрыс амандасуды, ата-ананы сыйлауды, ағайынмен, достармен, басқа жандармен жақсы мәміледе болуды үйретеді. Обал-сауапты, адал мен арамның ара-жігін көрсетіп, оңы мен солын танытады. Ал балиғат жасына жеткенде намаз оқуға бұйырады.
عَنْ أَبِي سَعِيدٍ وَابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمْ، قَالَا: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ: «مَنْ وُلِدَ لَهُ وَلَدٌ، فَلْيُحْسِنِ اسْمَهُ وَأَدَبَهُ، فَإِذَا بَلَغَ فَلْيُزَوِّجْهُ، فَإِنْ بَلَغَ وَلَمْ يُزَوِّجْهُ فَأَصَابَ إِثْمًا، فَإِنَّمَا إِثْمُهُ عَلَى أَبِيهِ».
Бәйһақидың Әбу Сағид пен Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Кімнің баласы туылса, оның есімін жақсылап қойсын, әдебін жақсартсын. Балиғатқа жеткен кезінде оны үйлендірсін. Егер балиғатқа жеткенде үйлендірмей, ол күнәға батса (яғни, зинақорлыққа барса) оның күнәсі әкесіне»[5], – деген.
عَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ أنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ قَالَ: «مُرُواْ أَوْلاَدَكُمْ بِالصَّلاَةِ وَهُمْ أَبْنَاءُ سَبْعِ سِنِينَ، وَاضْرِبُوهُمْ عَلَيْهَا وَهُمْ أَبْنَاءُ عَشْرٍ، وَفَرِّقُواْ بَيْنَهُمْ فِي الْمَضَاجِع.
Амр ибн Шұғайыптың әкесінен, әкесі атасынан (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Балаларыңа жеті жаста намаз оқуға бұйырыңдар, ал он жаста ұрып оқытыңдар да төсектерін бөлектеңдер»[6], – деген.
Омар ибн Хаттаб (р.а.) Шам еліне жазған хатында: «Балаларыңа жүзуді, садақ атуды және ат өнерін үйретіңдер», – деген».
Пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабасы Сағыд ибн Әбу Уаққас (р.а.): «Біз балаларымызға құдды Құран Кәрімнің бір сүресін үйреткеніміздей Алланың елшісінің (с.ғ.с.) ғазауаттарын да (яғни, Сираны) үйрететінбіз», – деген.
Ислам шейхы Имам әл-Ғазали Ихия Улумуд-Дин атты кітабында балаларға Құран Кәрім мен хадистерді, ізгі пенделердің әңгімелерін, діни хикаяларды үйретуді өсиет еткен.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жастайынан имандылыққа тәрбиеленген жастар жайында мынандай хадисі бар:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: سَبْعَةٌ يُظِلُّهُمُ اللَّهُ فِي ظِلِّهِ يَوْمَ لاَ ظِلَّ إِلاَّ ظِلُّهُ – وفيه : – وَشَابٌّ نَشَأَ فِي عِبَادَةِ رَبِّهِ.
Әбу Һурайрадан жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтты: «Көлеңке болмаған күні Алланың көлеңкесінде (мейірімінде) болатын жеті адам соның бірі – жастайынан құлшылыққа берілген жас»[7].
Адам өмірінің ең қауіпі кезеңі жастық шағын күнә амалдарда өткізбей құлшылықта өткізген жас біраз кесапаттардан бойын аулақ ұстайды.
Дұрыс сенім қалыптастыру;
Яғни бір Аллаға сену.Иман негіздерін толық мойындау. Аллаға серік қоспау секілді дұрыс сенімде болу мұсылманның басты шарттарының бірі. Осы тұста дана халқымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» – деп, тектен тек айтпаса керек.
Ал бір Аллаға серік қосу – Алла кешірмейтін ең үлкен күнә. Жаратушы жалғыз Аллаға тән сипаттарды Одан басқаға таңу, басқаны құдай деп сену. Мәселен Алладан емес өзгеден тікелей перзент сұрау, ауруына шипа дәмету, ісіне береке тілеу және т.б. амалдар[8]. Құран Кәрімде бұл істің үлкен күнә екенін Лұқман хакімнің баласына айтқан насихатында келеді:
وَإِذْ قَالَ لُقْمَانُ لِابْنِهِ وَهُوَ يَعِظُهُ يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ ۖ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ
«Сонда Лұқман өзінің ұлына уағыздап: «О, ұлым! Аллаға серік қоспа! Расында, серік қосу өте үлкен күнә»[9], – деді.
Жаратушы Алла шексіз рахым иесі дегенмен, Өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді. Ол жайында Құранда:
إِنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاءُ وَمَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلاً بَعِيداً
«Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады»[10], – деп серік қосудың үлкен күнә екенін ескертуде.
Мұсылманның бұл фәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның ұстанған сеніміне байланысты. Аллаға деген сенім дұрыс болса, пенденің жүрегінде тыныштық орнап, жүрегі жай табады. Ал сенімі қате болса, тура жолдан ауытқығаны, оның Алла разылығы үшін жасап жатқан амалдарынан еш пайда болмағаны. Сол себепті сенім ілімі ең маңызды ілімдердің қатарында. Ондай ауытқулар байқалған жағдайда міндетті түрде сенімді негіздерге сүйене отырып, жөнделуі тиіс. Сенімі дұрыс адамның болашағы жарқын, мақсаты айқын, өмірдің қандай-да соқпақтарына тап болса да қиналмай өте шығады.
Хамзат Әділбеков
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы
Sunna.kz
[1] «Тахрим» сүресі 6-аят.
[2] Бұхари хадистер жинағы
[3] «Ибраһим» сүресі 40-аят.
[4] «Бақара» сүресі 132-аят.
[5] Ахмад хадистер жинағы
[6] Әбу Дәуіт хадистер жинағы
[7] Муслим хадистер жинағы
[8] http://fatua.kz/kz/post/view?id=463
[9] «Лұқман» сүресі, 13-аят.
[10] «Нисә» сүресі, 116-аят.