16 наурыз. Нұр-Сұлтан. Sunna. kz –Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасына жасаған ресми сапарында Каирде оқып жатқан студенттермен кездесіп, шәкірттердің сұрағына жауап берді.Мысырға Діни басқарма жолдамасымен барып, діни білім алып жатқан студенттер Бас мүфтиге көкейде жүрген сұрақтарын қойып, өтініш-тілектерін жеткізді. Еркін сұхбат барысында болашақ имамдар оқуға байланысты құжаттарды рәсімдеу, Діни басқарма жанынан құрылған «Талаба» студенттер қауымдастығының қызметін жандандыру, осы қауымдастық жанынан қор ашу сынды ұсыныс-тілектерін жеткізіп, сауалдарын жолдады.
Студенттерді оқу бағдарламасын үздік бітіруге үндеп, ел игілігі үшін қызмет етуге шақырған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:
«Хәкім Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген өсиетті өлеңі бар. Біз қашан, қай жерде жүрсек те еліміздің, отбасымыздың, ұрпағымыздың болашағы үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Қоғамның дамуына үлес қосуда белсенділік танытуға тиіспіз. Діни басқарма діни білім жолында жүрген сіздерге қашан да қолдау көрсетеді. «Талаба» қауымдастығы, Мысырдағы жауапты өкіліміз сіздерге кез келген уақытта көмектесуге дайын. Осында бір үйдің баласындай татулық танытып, бір-біріңізге қамқор болып жүріңіздер» деді.
Рухани кеште Бас мүфти студенттерге дастархан жайып, құрмет көрсетіп, батасын берді. Кездесуге 100-ден астам студент қатысты.