Егер адамның орташа ғұмыры жетпіс жас дейтін болсақ, бұл дегеніңіз жетпіс жыл емес пе?! Сол жетпіс жыл жастар үшін асуы биік белес болып көрінуі мүмкін, алайда жетпіс жылыңыз 840 ай ғана, сол жетпіс жылыңыз 3640 апта, 25550 күн екен. Соның 25 жылын ұйқымен өткіземіз, күніне бір сағаттай тамақ ішуге кетсе, 3,5 жылдай ғұмырыңыз тек дастарханның басында тамақ ішумен өтеді. Алдыңызда егер Алланың нәсіп еткен 30 жылы қалса сол отыз жылдың күніне екі сағатын пайдасыз істерде телефонмен, бос әңгімемен не теледидар қараумен өткізсеңіз ғұмырыңыздың 912 күнін босқа кетіргеніңіз. Өкінішті-ақ уақытымыз дәл осылай өзімізге де, өзгеге де, қоғамға да пайда келтірмеген күйде өтіп жатыр.
Уақытың қалай өтіп жатыр?
(Егер орташа жасың жетпіс жас болса)
- 25 жыл ұйқыға кетеді
- 10 жыл жұмысқа
- 9 жыл теледидар, әлеуметтік желілер
- 5,5 жыл үй жұмыстары
- 3,5 жыл тамақ ішуге
- 3,5 жыл (кітап газет)оқуға
- 2,5 жыл саудаға
- 1,5 жыл балаларға
- 1,5 жыл транспортта
- 8 жыл қалған істер
Негізінде адамның уақыты ол оның ғұмыры бір күніңізді артқа тастасаңыз бір бөлшегіңізді жоғалтқаныңыз, егер сағат тілі алдымызда үздіксіз тынбай 6,7,8,9,10 ды көрсетсе, сізге берілген тағдыр сағаты керісінше 10,9,8,7,6,… ең ақырында 0 көрсетеді. Бұл дегеніміз мына фәни дүниеде ішер дәм-тұзымыз таусылды деген сөз. Біз болсақ уақытымыздың жылдам өткеніне қуанамыз ал қалай өткеніне ойланып пайымдамаймыз.
Жасың отыз бесте дейік, осы отыз беске дейін сен не істедің? Еліңе, дініңе, қоғамға, өзіңе қандай пайда әкелдің?! Ойланып қарашы осы уақытқа дейін қанша күніңді мақтанышпен еске алып айта аласың? Өкінішке орай ондай күндеріміз саусақпен санарлық қана!
Егер адам баласы бір заттың құнын, маңыздылығын түсінсе оны жоғалтпауға, сақтауға бар күшін салады. Бұл табиғи құбылыс. Егер мұсылман уақыттың қадірін жете түсінсе, ол оны тек пайдалы нәрсеге Раббысына жақындататын амалдарды жасауға, өзіне, қоғамға пайда келтіруге тырысар еді.
Саған ауыр сұрақ!
Саған егер дәрігер: «Жер бетінде алты айлық қана өмірің қалды» десе не істер едің? Сен үшін бұл хабар әрине аспаннан жай түскендей болар еді, бірақ сен үшін бұның жақсы қыры – өмірдің мәніне қатысты ақиқат көзіңізді ашар еді. Сол санаулы күндерді сен кіммен өткізер едің? Қалай өткізер едің? Қандай амалдарды жасауға ұмтылар едің? Кімге жақын, кімнен алыс болар едің? Бұл жауаптарға шынайы жауап берсең сен үшін ақиқат есігі ашылар еді. Жасалмай жүрген құлшылықтарың, біреуге айтқан ауыр сөздерің, нәпсіге еріп жасаған күнәларың баршасы алдыңнан шығар еді. Сол кезде маңызды істерден маңыздырақ істерді бірінші орындар едің. Адам табиғаты осылай, іс насырға шапқанда бірақ қолға алады, амал ете бастайды. Оған дейін уақыттың қадірін, сағаттап бос кеткен ғұмырына қам жемейді.
Әр минутымызды жоғары бағалап, тиімді жоспарлағанда ғана рухани, материалдық байлыққа қол жеткізе аламыз. Дүниені қайтаруға шамамыз келгенмен, уақытты қанша дүние жұмсасақ та қайтара алмаймыз. Бұл ақиқат.
Хамзат Әділбеков
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы