Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«Кітаптың анасы» – «Фатиха» сүресі

0 1  728

Сүренің атауына байланысты: Сүре «Фатиха» деп аталады, мағынасы «ашушы», өйткені Құран Кәрім осы сүреден басталады. Бұдан да басқа атаулары бар «Кітаптың анасы», «негіз», «шипа», «мадақ», «шүкір», «дұға». Атақты тәпсірші ғалым имам Қуртуби өзінің тәпсірінде жиырмаға тарта атауын келтірген[1].

Аят саны, түскен жері, реттілігі: Жеті аят, Меккеден түскен, реттілік бойынша бірінші сүре.

Сүре жайында: Имам Ахмад өзінің «Муснад» кітабында: «Убай ибн Кағбқа пайғамбарымыз (с.ғ.с) Фатиха сүресін оқып болып, былай деді: «Жаным құзырында болғанмен (Алламен) ант етейін, бұл сүре секілді сүре Тауратта да, Інжілде де, Забурда да, тіпті Құранда да түспеген, ол ұлы Құрандағы жеті дұға (фатиха сүресі)» деген[2].

Басқа бір хадисте пайғамбар (с.ғ.с) Әбу Сағид ибн Муғаллаға: «Саған бір сүре үйретейін ол Құрандағы ең ұлық сүре деп, Фатиха сүресін оқыған болатын[3].

Сүренің қысқаша мазмұны: Жеті аяттан тұратын меккелік сүре өте қысқа болғанымен ислам дініндегі негізгі тақырыптарды қамтиды:

а) Алланы тану ілімі, мысалы: «Бүкіл әлемнің Раббысы – «Аса қамқор, ерекше мейірімді»[4]. Бүкіл әлемдердің Раббысы деу арқылы аспан мен жердегі барлық көрініп, көрінбейтін жаратылыстардың жалғыз жаратушысы Алла екендігіне иман келтіру. Тек жаратып қана қоймай, әр жаратылысқа бағыт-бағдарды жаратуы, бір-біріне жәрдемдестіріп қоюы, жеке дара ерекше түйсік беруі.

ә) Пайғамбарларды тану ілімі, мысалы: «Нығметке бөленгендердің жолына»[5]. Әр бес уақыт намазда осы сөзді адам қайталайды. Алла елшісі «Адам кімді жақсы көрсе сонымен бірге» деген, яғни пайғамбарлармен, шыншылдармен, шәһидтермен бірге болу әр мұсылманның асыл мұраты.

б) Қиямет күніне дайындық ілімі, мысалы:  «Қиямет күнінің иесі»[6]. Бұл дүние сотына адамның көңілі толмауы мүмкін, оның бұл өмірде біреуден есесі кетсе де, ақыретте Алла оның есесін жібермейді, міне осы нәрсеге мұсылман иман келтіреді.

в) Құлшылық ілімі, мысалы: «Саған ғана құлшылық қыламыз»[7]. Құлшылық тек мына әлемдердің иесі Аллаға тән! Сол себепті Аллаға жақындататын әрбір амалда, ықыласқа ерекше мән берген дұрыс. Алладан басқа ол жаратылған. Жаратушы тұрғанда жаратылғанға ешуақытта құлшылық қылынбайды.

г) Тәрбие ілімі, мысалы: «Сенен ғана жәрдем тілейміз! [8]. Бізді тура жолға сала гөр!»[9]. Бізді тура жолға салатын да, тәрбие беретін де тек Алла. Өмірімізде әрбір қадамымызды тек Алланың дініне сай басқанда ғана шынайы бақытқа жетеміз.

ғ) Өткен қауымдар жайында ілім: «Нығметке бөленгендеріңнің жолына сала гөр! Ашуға ұшырағандардың немесе адасқандардың жолына емес»[10]. Өткен адамдар екі топқа бөлінеді: бірі Алланың нығметіне бөленген бақытты топ болса, енді бірі Алланың жолынан тайған бақытсыз топ. Өткен қауымдар жайында хабар алу арқылы олар жіберген қателіктерді қайталамауға, ізгілер жүрген жолмен жүріп, нығметке бөленгендерді санатына кіреміз.

Күнделікті бес уақыт намазда 32 рет қайталанатын осы ұлы сүрені оқу арқылы мұсылан адам дінның мақсатына үңіліп, адамзатқа міндеттелген істі орындауға асығады. Сол себепті де болар «Фатиха» сүресі «кітаптың анасы» деп аталады.

Хамзат Қажымұратұлы

“Сәдуақас қажы Ғылмани” мешітінің бас имамы

[1] “Сафуат тафасир” кітабы

[2] Ахмад ибн Ханбал хадистер жинағы.

[3] Бұхари хадистер жинағы.

[4] “Фатиха” сүресі 1-аят.

[5] “Фатиха” сүресі 7-аят.

[6] “Фатиха” сүресі 4-аят.

[7] “Фатиха” сүресі 5-аят.

[8] “Фатиха” сүресі 5-аят.

[9] “Фатиха” сүресі 6-аят.

[10] “Фатиха” сүресі 7-аят.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.