Құрметті оқырман қауым! Сайтымыз бүгіннен бастап жақында ғана жарық көрген «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітапты жариялап отыратын болады. Бүгін біз «Жұртымыздың жүрегіне жақын ілім» деген атпен ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының кітапқа жазған алғы сөзін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Көптен бері жүрек түбінде жүрген ниетім орындалып, «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы оқырманға жол тартып отыр. Ерекше ынта-ықыласпен жазылған бұл еңбек Сіздің рухани өміріңіз үшін пайдасы мол болады деген үміттемін.
Аллаға шүкір, Тәуелсіздік жылдары ішінде шариғат ілімдерінің негізі болып саналатын сенім, фиқһ, тарих сынды салалар халқымыздың діни сара жолын нақ көрсете білді. Ендігі жерде бізге қажеттісі – рухани жан дүниеміздің өзегіне айналған тәрбие ілімі. Мұны біз ихсан ілімі дейміз. Ихсан сөзі жақсылық жасау деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы мағынасы кез келген ізгі амалды ең кемел түрде орындау дегенге саяды. Қасиетті Құранда ихсан сөзінің түбірі түрлі формада кездеседі. Мысалы, Құранда: «Олар кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал-дәулетін сарп етушілер. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» делінген («Әли Имран» сүресі, 134-аят).
Осы аятқа тәпсір жазған ғұламаларымыз: «Ашуларын жеңушілер» дегеніміз адамдарға ашуын көрсетпейтіндер, ашу-ызасын сабырға жеңдіретіндер. Ізгі амалының қарымтасы мен сауабын Алладан ғана күтетіндер. «Адамдарды кешірім етушілер» дегеніміз ашуын басумен қатар өзгелердің зұлымдығын кешіретіндер, ешкімге жүрегінде ашу-ызасын сақтамайтындар. Бұл мұсылманның ең кемел рухани күйі. Сондықтан аттың соңы «Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» деп түйінделуде. Міне, бұлихсанның бір деңгейі» деген.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, ихсан ілімінің құлшылықтағы мәні: «Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, егер Оны көре алмасаң, Ол сені көріп тұрады”. Хадиске түсіндірме жазған ғұламаларымыз ихсан ілімі адамның құлшылығымен қатар, оның күнделікті сөзін, іс-әрекетін, қызметін, тіпті бүкіл өмірін қамтитынын айтқан.
Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Алла Тағала сенің әрбір жағдайыңды көріп тұрады. Сондықтан барлық ісіңде жақсылық жаса. Әрбір ісің толыққанды болуы керек», – дейді. Әбу Ханифның «Мусад» кітабында: «Ихсан – әрбір ісіңді Алла разылығы үшін жасауың» делінген. Бұл ретте адамның ниетіне баса назар аударылады. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла Тағала әрбір істі жетік жасауды (ихсанды) парыз етті…», – деген.
Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген дін. Әдептілік адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қалыптастырады.
Көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Уа, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстап, жақсылыққа бұйыр және надандардан сырт айналы» деген аятты оқып: «Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарды үзендермен арадағы раласуды арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жассағандарды кешіруің», – дейді.
Расында, ихсан – бақытын иманнан іздеген жаұртымыздың жүрегіне жақын ілім. Халық ұғымындағы: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», «Кең болсаң – кем болмайсың», «Кешірім жасау – кеңдік, Кешіре алмау – кемдік», «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды», «Жақсылық еккен алғыс орады» сынды нқылдар ұрпақтан ұрпаққа тәрбие ретінде айтылып, өмір сүру дағдымыздың біріне айналды.
Біздің ендігі межелі мақсатымыз – ел ішінде ихсан ілімін кеңінен насихаттау. Осынау ізгі ниеттің нәтижесінде оқырмандарымызға «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітабымызды ұсынып отырмыз. Бұл еңбекте «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан», «Ихсан және қоғам» сынды тараулар қамтылып, Ислам ғұламаларының ихсан ілімі жайлы ой-толғамдары берілді. Кітаптан әрбір адамға аса қажет ықылас, ниет, ыждаһат, тұрақтылық, тиянақтылық, Аллаға, Құранға, Пайғамбарға деген махаббат, нәпсімен күесу жолдары, жүрек дертінен арылу, рух тазалығы, тіл тазалығы сынды көркем мінезді қалыптастыратын сипаттарды тұлабойымызға сіңіру қажеттілігін түсінеміз. Сонымен қатар, ата-ана, бала-шаға, көрші-қолаң, ағайын-туыс, айналадағы адамдардың ақысы жайлы құнды насихат алып, жаман әдеттерден арылудың жолдарын үйренесіз.
Алла Тағала осы кітапты шығаруға ыждаһаттылықпен үлес қосқан барша азаматқа мол сауаптан жазғай. Бұл еңбек Сіздің өміріңіздің рухани бағдаршамына айналуына тілеулестік ниетімді білдіремін.
Наурызбай қажы Тағанұлы
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти