Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ислам ақидасының ерекшеліктері (І)

0 1  140

Ақида иләһи діндердің негізін құрайды. Хазіреті Адамнан (а.с.) соңғы пайғамбар Хазіреті Мұхаммедке (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін Алла тарапынан жіберілген елшілердің барлығы Аллаһтың барлығы мен бірлігін уағыздаған. Сол себепті Алланың барлығы мен бірлігін уағыздайтын таухид дінінің өзгермейтін басты негізі ақида болып табылады.

Адамдар Хазіреті Адамнан (а.с.) кейін таухид дінінен шығып, адасушылыққа бет алады. Адасушылықтың бірден-бір көрінісі ретінде жұлдыздарға, табиғаттағы төтенше оқиғаларға, рухтарға, пұттарға табынушылықты айтсақ та жеткілікті. Осындай жағдайға ұшыраған пенделерін дұрыс жолға салу үшін Алла Тағала пайғамбар жіберген. Жаңа келген пайғамбар өзінен бұрын келген пайғамбардың уағыздаған таухид сенімін үйретеді. Бұл жерде тек пайғамбар ғана өзгереді де, Аллаһ Тағала өзінің таухид дінін сол қалпында адамдарға жеткіздіреді. Бұл жайында Құранда былай дейді:

«Аллаһ Нұхқа (а.с.) нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді сондай-ақ Ибраһим, Мұса мен Исаға нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол қылды» (42. Шура – 13).

Аллаһтың жіберген таухид дініндегі ақида еш өзгерместен Пайғамбарымызға дейін жеткендігі осы аятта баяндалады. Бірақ қазіргі кездегі яхудилер мен христиандардың Хазіреті Мұса (а.с.) мен Хазіреті Исаның (а.с.) уағыздаған таухид дінінен ауытқығандығы айтпаса да түсінікті. Ислам ақидасының негізгі өзіндік ерекшеліктерін атап өтер болсақ:

а) Ислам ақидасы анық әрі түсінікті

Ислам ақидасының өзге сенім жүйелерінде кездеспейтін басты ерекшеліктерінің бірі, анық әрі түсінікті болуында. Ислам ақидасында ешқандай түсініксіз, құпия не қалтарыс қалған мәселе жоқ. Әлемді құдіретімен орын-орнымен, ретпен, тәртіппен жаратқан Ұлы Жаратушы Жаббар Ие Аллаға иман ету басты міндетіміз. Бұл әуел бастан басы ашық һәм айқын ұстаным. Бүкіл әлемдердің иесі жалғыз Аллаһ. Аятта да:

«Аспан мен жерде болмаған нәрселердің бәрі Соныкі. Барлығы Соған мойынсұнған»(2.Бақара-116) деп, өзге сенімдердегі тәрізді үштік, дуализм секілді тұманды жайттардан ислам ақидасының толықтай пәк екендігін білдіреді.

«Иман негіздері» кітабынан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.