Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жүрек тазалығы

0 2  001

Аса қамқор, ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын. Аллаға сансыз шүкірлер, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедке сансыз салауаттар мен сәлемдер болсын.

Алла Тағала адам баласын барлық жаратылыстардың ішіндегі ең асылы әрі сондай көріктісі етіп жаратты. Ақыл-ой, сана-сезім, күш-қуат, пайым-парасат берді. Сонымен қоймай өте көркем бейнеде жаратты. Осыған байланысты Құран Кәрімнің «Тин» сүресінің 4-аятында Алла Тағала былай дейді:

لَقَدْ خَلَقْنَا الإنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ

«Шүбәсіз біз адам баласын ең көркем , ең керемет бейнеде жараттық» .

Бұл жердегі көркемдік тән сұлулығы ғана емес, көңілдің әсемдігі, жүректің сұлулығы. Жалпы, адам болмыс-бітімінің шеберлік пен көркемдік қабысқан жаратылыс екендігін ұғынамыз.

Ендеше, адам баласы Хақ Тағала жаратқан көркемдігіне қиянат жасамауымыз керек екен.

Ол үшін  ең әуелі арам және лас істерден аулақ болу аса маңызды.

Дінімізде арам ас пен лас істер жүректі қарайтып, күнәға жиренбейтін, жақсылыққа енжар қарайтын халге түсіреді. Ағзаны рухани да, тәндік тұрғыдан да әлсіретеді. Мұндай жүрек туралы қастерлі Құранның келесі бір аятында былай делінеді:

لَهُمْ قُلُوبٌ لَّا يَفْقَهُونَ بِهَا وَلَهُمْ أَعْيُنٌ لَّا يُبْصِرُونَ بِهَا وَلَهُمْ آذَانٌ لَّا يَسْمَعُونَ بِهَا

 «Олардың жүректері бар. Бірақ, онымен шындықты түсіне алмайды. Көздері бар. Бірақ, онымен көрмейді. Құлақтары бар. Бірақ, онымен естімейді» («Ағраф» сүресі, 179-аят).Міне, жүрек қарайып, рух әлсіреп осы деңгейге түспеуі үшін адам өмірінде жүрек тазалығы өте маңызды.

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Шындығында адамның денесінде бір жапырақ ет бар. Егер осы бір жапырақ ет таза болса, онда адамның барлық мүшесі, сана-сезімі пәк болады. Ал енді сол бір жапырақ ет бұзылса онда ол адамның денесі де, тәні де, жаны да бұзылады, ол бір жапырақ ет – жүрек», – деп айтуы да адам баласы үшін жүректің өте маңызды екендігін аңғартады.

Сахаба Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Жүрек – патша. Ағзалар – оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал, патша нашар болса, әскері де нашар болады» деген тура жолмен жүруіміз міндетті .

Адам баласының иманды немесе имансыз, екі жүзді немесе күнәһар болуының басты себебі адам баласының жүрегіне байланысты.

Міне, сол үшін жүрек тазалығы аса маңызды, ерекше құнды. Жүректі таза ұстау жолындағы Алла үшін жасалған амалдардың барлығы да сауапты құлшылық саналмақ.

Рүстем Рахмыберді

«Сәдуақас қажы Ғылмани»

мешітінің азаншысы.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.