Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ғұмар Қараш: Әр кісінің өзіне тиісті борышы бар

0 634

Ғұмар Қарашұлы – 1875 жылы қазіргі БҚО Жәнібек ауданында дүниеге келген.

Алашорданың қазиы, көрнекті дін қайраткері, ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы.

Араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун.

Әуелі ауыл молдасынан хат таныған ол Жалпақталдағы Ғ.Ғәлікейұлының медресесінде білімін жалғастырады.

1902-1910 жылдары жиған білімімен ауылында, Тіленшісайда жәдитше бала оқытады.

Өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

1917-1919 жылдары «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшелерінің бірі болған. Ол І және ІІ жалпықазақ сиезінің ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады.

1919 жылы Ордада қазақ жазушыларын біріктіретін алғашқы одақ негізін салған.

Өмірлік мәселелер мен діни ахуалды күн тәртібіне қойған Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесі анықталатын ІІ сиезде ол қази болып сайланады.

1921 жылы 12 сәуірде Құнаншапқан деген жерде қашқан әскерилер қолынан қапияда қаза тапқан.

Бүгін сіздердің назарларыңызға Алашорда мүфтиінің орамды ойларын ұсынып отырмыз.

*****                            *****                            *****

Бірқатар адамдар Отан, ұлт мәселесімен тек жоғары лауазымды және ойкешті адамдар айналысса болар деседі. Отан, ұлт мәселесі баршаға ортақ. Әркім, үлкен де, кіші де бұл жайлы ойласа керек. Отанға, ұлтқа қызмет ету – жоғары мәнсапты, яки, бай адамдарға ғана міндетті емес. Ниеті, ықыласы дұрыс болса, жай, орташа адамдар да Отанға қызмет ете алады. Әр кісінің өзіне иісті борышы бар. Әркім шамасы жеткенше қолынан келген істі атқарса болады.

*****                            *****                            *****

Түптеп келгенде шындықты жақсы көрмейтін адам жоқ. Өйткені, шындықты жақсы көруге барлық адам борышты. Олар сол борыштарын өтеуге тиіс.

*****                            *****                            *****

Рухани жағынан бірін-бірі қолдап отыру – адамның ең жақсы қасиеті. Адам абыройның артуы, сөзінің өтімді болуы оның істеген жақсылық істеріне байланысты. Жақсылық адамдардың өз қолында дейтініміз осыдан.

*****                            *****                            *****

Математика, инжденерлік ғылым салаларында онша көп талас бола қоймайды. Себебі, олар – нақты ғылымдар. Ал, пәлсапалық салада барлық мәселелерде бір түйінге келу мүмкін емес.

*****                            *****                            *****

Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз.

*****                            *****                            *****

Тіл ешбір уақытта өзге нәрселерге бас имеске тиіс. Біз оны бегірек те сүюге һәм түрлі жұқпалы шет тілдерден сақтауға брыштымыз. Тіл – айна, оның ішіне бүтін халықтың тұрмысы түсіп тұрады.

*****                            *****                            *****

Бір бай үлкен мешіт салдырғаннан гөрі бір ұлттық мектеп салдырып, соған сабақ беретін мұғалімдер даярласа, қажетті кітаптар алса газет, журналдар шығарып арзан бағамен сатса, арық сиырдың мүйізін әшекейлегеннен гөрі, оны жемдеп күйлендірген іспетті пайдалы іс болар еді.

*****                            *****                            *****

Біздің халқымыз ақиқат дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік, ұрлық, қиянат, арақ ішу, карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтардан ада болар едік. Демек шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз.

*****                            *****                            *****

Қайталап айтамын, ақиқат дін – еш адамның желеп-жебеуіне мұқтаж емес, ал діннің өзі адамдарды дұрыс сақтай алады, дұрыс жолға бағыштайтыны дәлелденге шындық. Құранда солай айтылған.

Ой орамдары «Алаш айтқан асыл сөз» кітабынан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.