Абай атамыз «Бірінші қара сөзінде» «Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?» дейді.
Өмірдің қортындысы есебіндегі «Бірінші қара сөзде» көтерілген мәселелер тегіненн-тегін емес. Яғни, ел бағу, мал бағу, дін бағу, ғылым бағу мәселелерінің қай-қайсысы болмасын адам өміріндегі айырықша маңызды мәнге ие салалар.
Қазақ халқының өмірінде де діннің алатын орыны айырықша. Сол себепті де Абай «сопылық қылып, дін бағу» жайын тілге тиек ете отыра, дін бағу үшін де көңілдің тыныштығы мен көрген күннің тыныштығы маңызды екенін алға тартады. Себебі, тыныштық – Құранда дәріптелген адам баласы үшін аса зәру нығыметтердің бірі.
«Құрайыш» сүресінде «Құрайышқа нәсіп етілген тыныштық береке-бірліктің құрметі үшін, қысқы және жазғы сапарларында (құрайышқа) нәсіп етілген тыныштық пен береке-бірлік үшін, осынау үйдің (Қағбаның) Раббысына құлшылық етсін. Өйткені Раббылары оларды аштықтан һәм түрлі қауіп-қатерден сақтауда» деу арқылы тыныштықтың үлкен бір нығымет екенін жеткізеді.
Сонымен бірге, «Әнфал» сүресінің 46-аятында «(Уа, иман келтіргендер!) Аллаға және Оның Елшісіне бас иіп, бағыныңдар! Сондай-ақ, бір-бірлеріңмен жанжалдаспаңдар! (Олай істер болсаңдар) үрейленіп, күш-қуаттарың азаяды. Сонымен қатар, сабыр етіңдер! (Өйткені) Алла сабырлы жандармен бірге болады» деп адамзат баласы үшін жанжалдасудан тыныштықтың әлде қайда жақсы екенін жеткізеді.
Міне, Құран құндылықтары да адамзаттың рухани және материалдық тұрғыда кемелденуі үшін тыныштық керек екенін еске сала отырып, оны көздің қарашығындай қорғауға шақырады.
Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өмірінде діннің гүлденіп-көркеюі үшін тыныштық керек екенін өмір өнегесімен ұғындырып кеткен.
Әт-Тирмизидан жеткен хадистердің бірінде Алланың ақырғы Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаңа туған айды көргенде жасайтын дұғасы баяндалады. Онда былай делінеді:
“اللَّهُ أَكْبَرُ. اللَّهُمَّ أَهِلَّهُ عَلَيْنَا بِالْأَمْنِ وَالْإِيمَانِ، وَالسَّلَامَةِ وَالْإِسْلَامِ، وَالتَّوْفِيقِ لِمَا تُحِبُّ وترضى. رَبُّنَا وَرَبُّكَ اللَّهُ”.
«Алла ұлық! Иә, Алла! Бұл айдың тыныштық пен иманға, бейбітшілік пен исламға және Өзің жақсы көретін, риза болатын істерге толы болуын нәсіп ет! (Сосын Айға қарап) «Біздің де, сенің де Жаратушың Алла».
Ардақты Пайғамбардың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тіпті, дұғасының өзінде адам баласының тыныштығын қағыс қалдырмауы бұл істің мән беруге, көңіл аударуға лайықты маңызды іс екенін білдіреді.
Ал, Расулулланың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір белестерінде де өнегелер кездеседі. Айталық, Мекке мүшіріктерімен теңсіз Құдайбия келісімін жасаса отырып, діни құндылықтардың кең қанат жаюына, дін арқылы көптеген адамдардың өмірін өзгертуіне мүмкіндік жасайды. Алла Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы ісінің берекетінен дінге қарсы болған Мекке халқының көп бөлігі мұсылман болады. Ислам діні Араб жарты аралында қанат жайып, адамдардың өмірлері жақсы жағына өзгереді.
Абай атамыздың адам руханиятының бай болуы, діни құндылықтар арқылы адам өмірін безендіруі үшін тыныштықты шарт есебінде тілге тиек етуі осыдан болса керек.
Руслан Байзақов
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы