Ата дініміздің аты болған «Ислам» сөзінің мағынасында бейбітшілік пен тыныштық менмұндалайды.
Яғни араб тіліндегі «салима», «юслиму», «ислам» сөздері бейбітшілік, тыныштық, амандық деген мағыналарды береді.
Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің «Хашр» сүресі 23-аятында:
هُوَ الله الّذِي لَا إلَهَ إلَّا هُوَ الْمَلِكُ الْقُدُّوسُ السَّلامُ
«Ол сондай Алла, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол патша; өте пәк, есендік беруші»,-делінеді. Міне, біз жоғарыда тілге тиек еткен «Ислам» сөзінің мағыналар Алланың 99 есіміндегі «Салам» деп аталатын көркем есіміне сабақтас.
Сондықтан да, біз таниық-танымайық кезіккен мұсылман бауырымызға Алланың тыныштығы мен сәлемін тілеп «Ассалаумағалайкүм» деп сәлемдесеміз. Хадистерде Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бұл амалды «Исламдағы ең жақсы амал» деп атаған (Сунан Аби Дауд №5194, Бұхари, Муслим хадистер жинағында келген).
Бүл дәстүрден таныса да, танымаса да басқа адамдардың амандығын, игілігін тілеу мұсылманшылықтың ең басты қасиеті екенін аңдаймыз.
Шындығында да, Ислам діні адамның өмірі мен жан-дүниесіне тыныштық орнатуымен құнды.
Абай атамыздың да «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деуінің өзі өзге адамдардың хақы-құқына, игілікті күндері мен бақытты ғұмыры жолында адал жұмыс жасауға, ол қолынан келмесе,тым құрығанда сол жолдың тілеулесі, жәрдемшісі бола білетін, өзінің қара басының ғана емес көптің қамын ойлайтын, біреуге зиян тигізуден көрі басқалардың бақытына жәрдемші болатын адамшылық биікті меңзейді.
Ардақты Алла Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) мүбәрак мәтінді хадисінінің бірінде:
الْمُسْلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسْلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ
«Мұсылман басқа бір мұсылманға тілімен, қолымен зиян келтірмеу» (Бұхари хадистер жинағы, № 10),-депті. Ендеше, хадистен жазықсызға жапа шектіру, ұрып-соғу, бейкүнә адамдардың қан қарызына қалу, әлеуметтің мүлкін ойрандау, жазықсыз жала жабудың мұсылманшылық сипат емес екенін білеміз. Сонымен бірге, тіпті орынсыз айып тағып, беталбаты тілмен азар берудің өзі біздің мұсылманшылығымызға сын екенін аңғару қиын емес.
Бұл жайында Құран Кәрімнің «Мәида» сүресі, 32-аятында былай делінеді:
وَمَنْ قَتَلَ نَفْساً بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعاً
«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең». Міне,Құран құндылықтарындағы адамдық болмыстың басты бір сипаты – жазықсыз қан төкпеу. Бейбітшілікті ту еткен мұсылманшылықта бұл құндылықтың орыны айырықша.
Абай хакімнің «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген танымы адамның өмірін қастерлеу, ақысына құрмет ету, өміріне ойран істемеу, жазықсыз жәбір-жапа көрсетпеу сынды асқақ мұсылманшылық қасиеттерді танытады.
Қорыта айтқанда, мұсылманшылық қасиет адам өмірін сыйлауымен, адамзаттың ақысын ардақтап, тыныштықты бұзбауымен құнды.
Руслан Байзақов
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы