в) Иман иқрардан (тілмен айту) тұрады дегенді қостаушылардың сенімі
Муржия мен Каррамия мәзхабтары иман негіздеріне сенуде тілмен айту жеткілікті деп, яки иманды жүрекпен бекіту қажет емес дейді. Олар бұл тұжырымдарында Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) алғашқы мұсылмандар үшін айтқан мына хадисіне сүйенеді:
«Адамдар Алладан басқа тәңірі жоқ, Мұхаммед оның елшісі деп айтқанға дейін олармен соғысуға әмір етілдім. Қашан бұл сөзді айтатын болса жаны мен малын менен құтқарған болады. Бірақ діни жазалар бұның сыртында. Ішкі дүниесінің есебі Аллаға қалады» (Бухари, Жихад-102; Иман-17; Муслим, Иман-8).
Асылында, бұл хадистің негізгі мағынасы дүниеде кәлимә таухидті айтқан адамды (тіпті ол кісі мунафиқ болса да) өлтіруге болмайтындығы турасында. Себебі, тілімен кәлима келтірген жанды мұсылман деп есептеп, оның ішкі жан дүниесін, жүрегіндегі иманы мен сенімін, ниетін бір Аллаһқа тапсырамыз. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, егер бір кісі сенімін жүрекпен қуаттамай, тек тілімен иман еткенін айтқан болса, ол мунафиқ болады.
Өйткені Құранда мұндай иман еткен пенделердің мунафиқ екендігін білдіреді. Егер иман тілмен айту арқылы жүзеге асады десек, онда мунафиқтардың бәрін мүмин деп қабыл етуіміз керек. Әрине, мунафиқ пен мүмин үш қайнаса сорпасы қосылмас қарама-қайшы ұғымдар екені әмбеге аян.
Бұл мәселе жайында Құранда былай делінген:
«Адамдардың кейбіреулері, екіжүзді (мұнафиқтар)«Аллаға, ақырет күніне сендік», – дейді. Бірақ олар сенбейді» («Бақара» сүресі, 8-аят).
«(Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Саған мұнафиқтар келген кезде «Сені анық пайғамбар деп айғақ боламыз» дейді. Сенің хақ пайғамбар екеніңді Алла біледі. Сондай-ақ Алла расында мунафиқтардың мүлде суайт екендігіне куәлік етеді»(«Мунафиқун» 1-аят).
г) Иман – сенімін жүрекпен қуаттап, тілімен айту дегенді қостаушылардың ұстанымдары
Әбу Ханифа (өл.150/767), Пәздәуи (өл.482/1089), Сарахси (өл.490/1097) сынды ғалымдар мен Ханафи фиқһшылары бойынша иман ету дегеніміз сенілуі керек болған мәселелерді жүрекпен бекітіп, тілмен айту.
Ханафи фиқһшыларының «Қаули мәшхур» деп атаған пікірлері бойынша иман жүрекпен қуаттап бекіту (тасдиқ) және сенімін тілмен айтудан (иқрар) тұрады. Бұл екеуінің бірі кем болса, иман еткен болып саналмайды. Себебі, жүректегі сырды адамдар біле алмағандықтан, оны тілімен де айтып жеткізуі тиіс. Сонда ғана ол адамға айтқан сөзіне қарап тоқтам жасалады деп, өз пайымдарын ортаға салуда. Дәлел ретінде мына хадисті келтіреді:
«Әнас (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) айтты: «Кімде кім шын жүрегімен «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтса және жүрегінде арпа дәнінің салмағындай жақсылық (иманы) бар болса, ол тозақтан құтылушы. Кімде-кім «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтса және жүрегінде бидай дәнінің салмағындай жақсылық (иманы) болса, ол – тозақ отынан құтылушы. Кімде-кім «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтса және жүрегінде тозаңның салмағындай жақсылық болса, ол – тозақ отынан құтылушы»,- деді» (Бухари, Иман-33; Муслим, Иман-84; Тирмизи, Жәһәннам-9).
Ханафилер тілмен айту мәселесін иманның негізі деп емес, тек оның шарты ретінде қабылдайды.
Бір адам иман негіздерін жүрегімен қуаттап, тілімен сенімін айтатын болса, ондай кісіні мумин деп есептеп, мұсылманша қарым-қатынас жасап, артында тұрып намаз оқиды. Сойған малынан жеуге болады, зекеттен жауапты етіледі, өлсе жаназасы шығарылады, мұсылмандардың қабіріне жерленеді. Керісінше иман негіздерін жүрегімен қуаттап, тілімен сенімін айтпаса, жоғарыда келтірген әрекеттер жасалынбайды.
д) Иман – жүрекпен қуаттап, тілімен айту және амал ету шарт дегендерді қостаушылар
Харижиттер, Муғтазила, Зәйдия мәзхабтарымен қатар Имам Малик (өл.179/795), Әузаи (өл.157/774), Шафи (өл.204/819), Ахмед ибн Ханбал (өл.241/855), Ибн Хазм (өл.456/1064), Ибн Тәймия (өл.728/1328) секілді ғалымдар мен хадисшілердің пікірі бойынша иман ету дегеніміз сенілуі керек болған мәселелерді жүрекпен қуаттап, сенімін тілмен айту және амал ету. Бұлардың пікірі бойынша, осы үш негіздің біреуі кем болса, пенде иман еткен болып саналмайды. Мәселен, амалды жасамаған яки тәрк еткен кісі мумин деген атқа ие бола алмайды.
Харижиттер бойынша, бір адам иман етсе, бірақ амал етпесе, ол мумин емес, керісінше кәпір болады. Себебі, иман етудегі үш негіздің бірі болып саналған амал етуді тәрк еткендігі үшін иманы жарамсыз болып табылады.
Ал Муғтализа мен Зәйдия мәзхабтарының діни түсінігі бойынша, бір кісі иман негіздеріне жүрегімен сеніп, тілімен сенімін айтып, амал етпесе, ондай кісі иман мен күпір арасындағы фасық (күнәһар) деген дәрежеде болады. Ондай кісіні кәпір де емес, мумин де емес фасық деп атайды.
Муғтазиланың бес қағидасының біреуі болған «әл-мәнзиләту бәйнәл мәнзиләтәйн» (екі мекен ортасындағы бір мекен) қағидасы бойынша амал етпеген кісінің жағдайы осылай болады. Егер де фасық деп аталған кісі істеген күнәсі үшін тәубе етпестен өлетін болса, о дүниеде мәңгілік тозақта қалады. Тәубе етсе, мумин болып дүниеден өтеді деген пәтуә береді Муғтазилиттер мен Зәйдиялықтар.
Жоғарыда аты аталған Имам Малик, Имам Шафи, Имам Ахмед ибн Ханбал секілді ғалымдар мен хадисшілер амалды иманның бір бөлігі деп есептегенімен иман негіздеріне жүрегімен сеніп, тілімен сенімін айтқан, құбылаға бет бұрған кісіні кәпір деп есептемеген.
Амалды тәрк еткендігі үшін күнәһар болады, бірақ иман шеңберінен шықпайды. Істеген күнәсі үшін о дүниеде жазасын өтеген соң, түбінде жәннәтқа баратындығын қабыл етеді47.
Ал Ханафи мәзхабы бойынша амал ету иманның бір бөлігі болып саналмайды. Сол себептен олар Харижит, Муғтазила, Зәйдия мәзхабтарының пікіріне қосылмайды.
Сонымен қатар аты аталған ғалымдардың «амал иманның бір бөлігі» деген көзқарастарына да қосылмайды. Мұның себебіне төмендегі тақырыптарда тоқталып өтеміз.
«Иман негіздері» кітабынан
sunna.kz