Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мағжан Жұмабаев: Мидың қажуы һәм оны тынықтыру

0 778

Ми – дененің бір мүшесі. Ол жұмыссыздықтан қажыған сықылды жұмыстан да қажиды. Қажыған соң тынығуды керек қылады. Миды бет алдына жұмсай беру күшін азайтады, хатта оны паралич соғып, адам есалаң болып қалады. Денемен жұмыс қылсаң да, мидың өзімен жұмыс қылсаң да, мида бір у пайда болып отырады. Сол уды қан жуып алып кетіп, миды тазартып отырады.

Егерде жұмыс тым қатты болса, миға у тым көп жиылады да, қанның жуып алып кетуіне шамасы келмей қалып, нерв системасының бәрі уланады. Және миға қатты жұмыс істеткенде, қан миға ұмтылып, өзге дене ашығып қалады да, әлсірейді, сола бастайды. Міне, осы себептен ақылға жұмыс қылдырғаннан кейін әр уақыт тынығып отыру керек.

Тынығу екі түрлі болады: не біржола жұмысты доғару, не болмаса жұмысты жаңарту. Жұмысты жаңартқанда да, яғни бір жұмыстың орнына екінші жұмыс қылғанда да адам тынығады. Мысалы, көру жұмысынан соң (оқу, жазу) есту жұмысына көшсе (әңгіме тыңдау), бала әжептәуір тынығып қалады. Әйткенмен бұл тынығу жұмысты біржола доғарып тынығуға жетпейді. Әсіресе, жас балаларды жиі-жиі жұмыссыз тынықтыру керек.

Ал, енді тынығу уақытында бала не қылады? Бұған жауап беру үшін мынаны білу керек: бала қозғалмай отыра алмайды. Баланы ең қажытатын нәрсе – тек отыру. Сондықтан баланы тынықтыру дегенде оны таза ауада ойнату, таза ауада гимнастика жасату деп ұғу керек.

«Педагогика» кітабынан.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.