Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жасымда ғылым бар деп ескермедім

0 967

Жалпы адамзат үшін «Адам» деген сөздің басқа да жаратылыс иелерінен артықшылығы – ақыл, ой, сана, білім, ғылым иесі бола алатындығында. Демек ақылы бар адам ойлана алады,қандайда бір шешім қабылдап һәм, білімін пайдалана отырып өз өмірінің басқарушысына айнала алады.

Құран Кәрімнің ең алғашқы аятының өзі «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп адамзатты оқуға, білімге бұйырады. Аяттың мағынасын ғалымдарымыз мұсылман баласы үшін пайдалы болған барлық ілім саласын қамтиды деген.

Қазіргі таңда жастарымыз заманның алдамшы арзан және азғын ойын-күлкіге, арандатушылыққа және әртүрлі ағымдардың жетегіне ермей, алтын уақыттарын зая кетірмей, керісінше, жастық шағын білім-ғылымға уақыт бөліп, қоғамымыздың дамуы мен өркендеуіне үлесін қосып жатса, елдің ақ батасын алар еді.

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) айтады: «Қиямет күні Алланың алдында өмірін қайтып өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адым да орнынан жылжымайды».

Ибн Аббас (р.а): «Сүлеймен (а.с) пайғамбарға білім мен мал-дүние және мансап арасында таңдау берілді. Сүлеймен (а.с) білімді таңдады. Ал, мал-дүние мен мансап болса біліммен қоса берілді», – дейді.

Дана халқымыздың арасынан шыққан білім мен ғылымды жан дүниесімен сүйген, өзі өлсе де хаты өлмеген дара тұлғаларымызда жоқ емес. Міне, солардың бірегейі Абай атамыз былай деп жырлайды:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Адам баласы жас шағында білім алмаса, әлбетте, үлкен өкінішке қалары сөзсіз. Ал, Мұхтан Әуезов бабамызда: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деген.

Иә, әрбірімізге өмір қайта беріле бермейтіні сияқты жастық шағымыз, сол кезеңдегі мүмкіндіктеріміз, күш-жігерімізде қайта оралмайды. Алла Тағала әрбір адамға өзіндік бір қабілет беріп қойған соны пайдалана білсек дейміз. Жас кезімізден тұрақты білімге, тұрақты еңбекқорлыққа уақытымызды дұрыс жұмсай алмасақ, орта белден асқанда қауқарсыз білімсіз болмаймыз. Себебі Алла Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер бір бола ма?» деп баян етуіде жайдан-жай емес. Білімің болса ортада орның, абройың, сөзің өтімді болады.

Сөз соңында, еліміздің болашақ жастары жастық шақтың қадірін біліп, болмашы дүниелерге уақыттарын сарп етпей, пайдалы біліммен және іспен айналысу керектігін түсінсе дейміз.

Жомарт Анарбеков

«Ар-Рахман» мешітінің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.