Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Жұбайлық қарым-қатынас әдебі

0 953

Әрбір іс-амалдарымызда бізге ерекше өнеге, үлгі болатын жан – Алланың Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!). Жұбайлық қарым-қатынаста да Ол (Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) үлкен үлгі болды.

Айна анамыз (р.а.) былай деген: «Алланың Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) былай деді: «Сендердің ең жақсыларың өз жанұясына жақсыларың. Алаларыңыздағы жанұясына ең жақсыларың – менмін» (Ибн Хиббан риуаяты).

Асыл дінімізде сүннетке сай түрде үйленіп, адал жолмен қосылып, адал жолмен бала сүю қайырлы амалға жатады. Оған дәлел – төмендегі хадис.

Әбу Зар әл-Ғифариден (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарға (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) сахабаларының бір тобы келіп: «Уа, Расулалла! Байлық иелері көп сауапты алып кетті: олар біз сияқты намаз оқиды, біз сияқты ораза тұтады, сосын мал-мүліктерінің артығынан садақа береді», – дейді. Сонда Пайғамбар (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Алла сендерге садақа шығаратын нәрселер жасамап па еді? Шындығында әрбір тәсбих («Субханаллаһ» деп айту) – садақа, әрбір тәкбір («Аллаһу әкбар» деп айту) – садақа, әрбір тәхмид («Әлхамдулилләһ» деп айту) – садақа, әрбір тәһлил («Лә иләһә иллаллаһ» деп айту) – садақа, жақсы іске үндеу – садақа, жаман істен тыю – садақа, тіпті, біреулеріңнің мүшесінде де садақа бар», – деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Сонда біздің біреуіміз (әйелімен қосылып,) құмарын қандырса, соған да сауап бар ма?», – деп сұрады. Алланың Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Көрмейсіңдер ме, егер онысын харамға салса, сол үшін оған күнә болмай ма? Соған керісінше егер ол онысын халалға салса (яғни, некемен қосылса) оған сауап болады», – деді (Мүслім риуаяты).

Алланың Елшісінің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) әрбір ісі бізге үлгі. Ол (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) сахабалларына жұбайлық қатынас кезінде оқылатын дұғаны да үйреткен.

عَنِ بْنِ عَبَّاسٍ قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَوْ أَنَّ أَحَدُكُمْ إِذَا أَتَى أَهْلَهُ قَالَ: بِسْمِ اللهِ، اللَّهُمَّ جَنِّبْنَا الشَّيْطَانَ وَجَنِّبِ الشَّيْطَانَ مَا رَزَقْتَنَا، فَإِنْ قَضَي بَيْنَهُمَا وَلَدًا لَمْ يَضُرُّهُ الشَّيْطَانُ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُ.

Абдулла ибн Аббастан (р.а.) Пайғамбар (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) былай деген: «Сендердің біреулерің жұбайымен қосылғанда «Бисмилләһ, Аллаһумма джәннибнәш-шайтана, уа джәннибиш-шайтана ма разақтәнә» («Алланың атымен! Уа, Алла! Бізді шайтаннан аулақ қыл және бізге ризықтағанды (яғни, баланы) да шайтаннан аулақ қыла көр!») деп қосылса, егер олардың арасында бала нәсіп қылса, оған шайтан еш зиян ете алмайды» (Термези риуаяты).

Жалпы Ислам дінінде ер мен әйелдің тәни қатынасына тек некелескеннен кейін ғана рұқсат етіледі. Керісінше жағдайда, тәни жақындық заңсыз қосылу – зина болып есептеледі.

Бұған жол бермеудің бірден-бір амалы – шариғат шартына сай түрде үйлену.

Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бір хадисінде жастарды үйленуге шақырады. Үйлену арқылы олардың күнәдан аулақ болатындарын, ал үйленуге күші жетпеген жағдайда ораза ұстауларын, ар-намыстарын осылайша қорғаулары керектігін ескертеді.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.