Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Матуридилік пен Әшғарилік жүйе арасындағы айырмашылықтар

0 882

Әһли сүннеттің ақида және калам мектебін құрушы Матуридилік  пен  Әшғарилік  негізін  станатындардың қағидалары  мен  жолдары  бір.  Екі  мектеп  те  алдымен нақылға (аят пен хадиске) сүйеніп, одан кейін ақылға да белгілі бір дәрежеде мән береді.

Бұл екі мектептің ұстанымы ақайд  саласында  ақылға  орын  бермеген  сәләфилер  мен ақылды шектен тыс қолдануға барған муғтазилиттердің ортасынан орын алады. Дегенмен, бұлардың арасында да нақылға сүйене отырып, ақылды қолдану тәсілінде кейбір  мәселелерде  пікір  қайшылықтары  туындап  жатады.

Мұның өзіндік себептері де жоқ емес. Матуридилік Мауарауннахрдан  шықса,  Әшғарилік  Иракта  пайда  болды.

Ирак сол кезде идеологиялық пікірлердің қайнап жатқан отаны  еді.  Сонда  Әшғарилердің  муғтазилалықтармен көбірек күресіп, кей тұстарда орта жолды ұстана алмай қалған кездері де болды.

 Кейде нақылға қатты басымдық берсе, кейде ақылға көбірек күш салып жіберді. Ал Матуридилер болса, мұндай жайттармен кездеспегендіктен (ол кезеңде  Мауарауннахрда  әһли  бидғат  (адасқандар)  топтары болмады) ақыл мен нақылды қолдану мәселесінде нағыз орта жолды ұстанып, сәтті қадамдар жасай білді.

Әшғарилік  пен  Матуридиліктің  арасында  кейбір мәселеде айырмашылықтар бар. Бұл айырмашылықтарды ғасырымыздағы Етхем Рухи Фыглалы атты ғалым «Чаымызда итикади ислам мезхеплери» атты еңбегінде былайша атап көрсетеді:

1. Жузи ирада  (қалау  еркіндігі).  Матуридилер бойынша, құлда жеке жузи ирада (қалау еркіндігі) бар. Әшғарилер бойынша, бұл қалау еркіндігі жеке емес, оны Алла жаратады.

2. Хусн және  Қубх  (жақсы-жаман,  сүйкімді-сүйкімсіз). Әшғарилер  бойынша,  бір  нәрсенің  жақсы немесе  жаман  (Хусн-қубх)  екенін  ақыл  біле  алмайды. Бұлардың жақсы не жаман екендігі Алланың әмірі мен тыйымдары нәтижесінде белгілі болады.

Матуридилер  бойынша,  жақсы-жаманың  өлшемін ақылмен  білуге  болады.  Алла  бір  нәрсені  жақсы болғандықтан ол үшін әмір етіп, жаман болған нәрсеге тыйым салады.

3.Мағрифат. Әшғарилер бойынша, діни үгіт-насихат жасалмаған жердегі адамдар  Аллаһты  өз  ақылдарымен тауып, оған иман келтіруге міндетті емес.

Матуридилер  бойынша  діни  үгіт-насихат  болсын-болмасын  адам  Алланы  өз  ақылымен  тауып,  сенуі керек.  Мысалы,  тау  басында  өмір  сүрген  адам  біздің сеніміміз  бойынша  Алланың  бар  екендігін  ақылымен тауып, оған сенуі керек. Бірақ, оған діни заңдылықтарды ешкім  үйретпегендіктен  мұндай  жағдайда  ондай  пенде құлшылықтан жауапты болмайды.

4. Тәкуин (жаратушы).   Әшғарилер   бойынша, Алланың Тәкуин деген жеке бір сипаты жоқ, бұл сипат «Құдірет» сипатының ішіне кіріп кетеді. Ал матуридилерде,  тәкуин Алланың жеке бір сипаты. Алланың Құдірет, Ирада  деген  жеке-жеке  сипаттарының  болғаны  тәрізді, Тәкуин де сол сипаттардың бірі болып табылады.

5. Пайғамбарлық. Әшғарилер бойынша, пайғамбардың ер кісі болуы шарт емес. Әйел кісінің де пайғамбар болуы мүмкін. Олардың пікірінше, Хазіреті Хауа ана, Мариям ана, Асия,  Сара,  Хажар,  Хазіреті  Мұсаның  анасы  бәрі пайғамбарлар. Өйткені, оларға Аллаһ уахи жіберген. Уахи келген кісі пайғамбар болады деді.

Матуридилер бойынша, пайғамбардың ер кісі болуы шарт.  Әйел  кісілерден  пайғамбар  келмейді.  Ал  уахиге қатысты олардың нақты айғақтары бар. Уахидің де түрі бар,  басқалай  айтқанда  уахидің  де  уахиі  бар.  Құранда Алла Тағала араларға да уахи еткендігін білдіреді. Олай болса, аралар да пайғамбар болуы шарт болып шығады.

Және бұл мәселеде матуридилер негізінен төмендегі аятқа сүйеді: «Сенен бұрын да өздеріне уахи етіп еркектерді ғана жіберген едік. Егер білмесеңдер Кітап иелерінен сұраңдар»(21.Әнбия-7).

Әшғарилер пайғамбар жіберілмеген жағдайда адамдар Алланы ақылымен табуы уәжіп емес десе, матуридилер уәжіп дейді.

6. Тәклифи ма-ла  ютақ  (пендеге  күші  жетпейтін нәрсені  жүктеу).  Әшғарилер  бойынша,  Алла  пендеге күші  жетпейтін  нәрсені  әмір  етуі  және  бұдан  жауапты етуі де мүмкін.

Матуридилер  бойынша,  Алла  пенденің  күші  жетпейтін нәрсені оған жүктемейді және жауапты етпейді. Себебі, аятта: «Алла кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді…»(2.Бақара – 286) – деп, нақты айтылған.

7. Себеп пен хикмет. Әшғарилер бойынша, Алланың жасағандарынан себеп іздестірілмейді   және   оның ешбір  хикметпен  байланысы  да  жоқ.  Өйткені,  Алла жасағандарынан жауапты емес.

Матуридилер   бойынша,   Алланың   жасаған нәрселерінің  бір  хикметі  бар  және  себепке  сүйенеді. Өйткені, Алланың әрбір ісінде бір хикмет бар. Ол бәрін біледі және Хаким.

8. Құран. Әшғарилер  Құран  сүрелерінің  кейбірін бірқатарынан жоғары деп есептейді.

Матуридилер   Құран   сүрелерінің   бәрі   бірдей, ешқайсысы бір-бірінен жоғары, яки абзалырақ емес.

9. Құлшылық. Әшғарилер  иман  етпеген  жанның құлшылық етуге міндетті екендігін және етпеген жағдайда ақыретте сол үшін бөлек жазаланатындығын айтса, Матуридилер мұсылман болмаған кісі құлшылық етуге міндетті емес, өзі кәпір болса, оған құлшылық қалайша парыз болсын және ақыретте бұл үшін оған бөлек жаза берілмейтіндігін айтады.

10. Діннен шығу. Әшғарилер діннен шыққан (муртад) мұсылман кісі  қайта  иман  ететін  болса,  алдыңғы жақсылық пен жамандықтары амал дәптеріне қайта жазылады дейді.

Матуридилер діннен шыққан мұсылман кісі қайтадан иман ететін болса да, оның алдыңғы жасаған жақсы не жаман амалдары амал дәптеріне тіркелмейді дейді.

11. Жан алқымға келгендегі тәубә. Әшғарилер жан алқымға келгенде жасалған тәубә қабыл болмайды десе, Матуридилер бойынша  мұндай  тәубә  қабыл  болады.

Бірақ,  Матуридилер  пенде  жан  алқымға  келгенде  иман етсе, оның қабыл болмайтындығын айтады.

12. Иман. Әшғарилер иманның артып, кемитіндігін қабыл етсе, Матуридилер ондай түсінікке түбегейлі қарсы. Яғни, олардың пайымынша иман артпайды да, кемімейді де.

«Иман негіздері» кітабынан

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.