Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дін мен дәстүр: Имандылық тәрбие

0 374

Имандылық тәрбие – адамның иманына, ар-ұяты мен адамгершілігіне негізделген тәрбие жүйесі. Алайда,  бұдан  имандылық  тек  қана  жекелеген  тұлғаның адамдығын айқындайтын мінез сипаты деген ұғым тумаса  керек.  Өйткені,  халқымыздың  ұғымында  «Отан отбасынан  басталады»  деген  түсінік  бар. Баласына бесігінде жатқанында-ақ:

Тәтті айтқанда бал тамған,

Ащы айтқанда қан тамған.

Ақын болар ма екенсің?

Не болмаса жүректі,

Күш, қайратты, білекті,

Кемшілікке көнбейтін,

Батыр болар ма екенсің? – деп, кішкене періштені елге тұтқа болар зор азамат болуға баулыған. Даналардан қалған «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – атаға жете туады, бір бала бар – атадан кері кете туады» сынды нақыл сөздер – осы сөзіміздің айғағы.

Бұл ретте имандылық тәрбиесінің алар орны зор.Ислам  дінінде  бала  –  өмірдегі  сынақтардың  бірі ретінде қаралады. Сол себепті сынақтан сүрінбей өту үшін  балаға  өмірде  жақсы-жаманның,  обал-сауаптың не екенін, қалай жақсы адам болудың жолдарын үйрету, парасатты тәрбие беру – ата-анаға міндеттелген іс.

Алла Тағала алдындағы ата-ананың жауапкершілігі осындай. Мінез-құлықты қолдан жасауға болатыны үшін, бала тәрбиесі туралы айтылған хадис шәрифтерде былай деп бұйырылған:

«Балаларыңның  тілін  «Лә  иләһә  иллаллаһпен» ашыңдар» (имам Хаким).

«Кісінің өз баласына бір мәрте әдеп үйретуі бір сағ садақа бергеннен артық» (имам Термези).

Пайғамбар  (оған  Алланың  салауаты  мен  сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хүсейінге сақтандыру дұғаларын оқығанда:

«Расында, аталарың (Ибраһим пайғамбар)  Исмаил  мен  Исхақты  осы  дұғамен сақтандыратын:  Алланың  кәміл  сөздерімен  әрбір шайтаннан,  зиянкестен  әрі  әрбір  өткір  көзден сақтанамын». Бұхари риуаят еткен.

Бірде  Пайғамбарға  (оған  Алланың  салауаты мен  сәлемі  болсын)  бір  бәдәуи  араб  келіп:  «Сіздер сәбилеріңізді сүйесіздер ме?» – деп таңданды. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  оған:

«Егер  Алла  жүректеріңнен  мейірімді алып қойған болса, не істейін?» – дейді. Бұхари риуаят еткен.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хасан мен Хүсейін үшін:

«Уа, Алла! Расында, мен осыларды жақсы көремін, Өзің де жақсы көр, әрі оларды жақсы көргендерді де жақсы көр», – деп дұға ететін. Бұхари риуаят еткен.

Ибн  Аббас  (р.а.)  жеткізген  риуаятта  Алла Елшісі  (оған  Алланың  салауаты  мен  сәлемі  бол-

сын):

«Үйлеріңдегі жандар көруі үшін қамшыны іліп қойыңдар. Расында, ол олар үшін әдеп»,

– деген. Табарани риуаят еткен.

Әңгімені  дұрыс  тыңдай  білу  де  өнер.  Қазақта «Тыңдай білу – ұлылық», «Тыңдалмаған сөз жетім» деген мақалдар бар. Әңгіме, не дәріс айтылып жатқанда байыппен,  мұқият  тыңдай  білу  үлкен  сабырлықты, әдептілікті  талап  етеді.  Бабаларымыз  жеткіншек ұрпақты  қасына  алып,  өткен-кеткеннің  өнегелі қиссалары  мен  шынайы  өмірден  алынған  ғибратты жайттардан сыр шерткен. Ол үшін жас ұрпақты әңгіме, өсиетті, үлкендерді ақылын дұрыс ұғыну үшін тиянақты тыңдай білуге баулыған. Мұның өзі дала халқындағы этикет  тәртібінің  аса  биік  болғандығын  білдіреді.

Басқаны  тыңдай  үйрену,  негізінде,  үлкен  өнегелік. Тіпті, айтылып жатқан нәрсеге келіспеушілігің не алып-қосарың болса да, ақырына дейін тағат ете тыңдау – шынайы тәрбиелілік нышандарының бірі. Осы қағидатты берік  ұстанған  ата-бабаларымыз  ғасырлардан  жеткен ел мұралары мен діни білімді құлаққа құйып, кейінгіге жеткізе  алды.

Өскелең  ұрпаққа:  «Ақпа  құлаққа айтсаң, ағып кетеді, құйма құлақ құйып алады» деп, айтқанды лезде қағып аларлық қағылездікке үйретті.

Халқымыздың ғасырлардан бері келе жатқан этнопеда-гогикасында кездесетін осынау этикет қағидаттарынан көзі қарақты жан білім алудың алғышарттарын, асыл дініміздің шуағын табады.

Әуелде  Жаратқан  Иенің  Өзі  жаратылысын  әмір-тыйымдарын  жақсылап  тыңдап,  Өзінен  қорқуға  әрі Өзіне бағынуға шақырады.

Алла Тағала былай дейді:

«Ендеше шамаларың жеткенше  Алладан  қорқыңдар,  тыңдаңдар  әрі бағыныңдар» («Тағабұн», 16).

Хасан ибн Әли (р.а.) өзінің ұлына: «Уа, балам! Егер ғалымдармен  бірге  мәжілісте  отырсаң,  көп  тыңдап, сөйлемеуге  тырыс.  Жақсы  тыңдауды,  көркем  түрде үндемей отыруды үйрен. Қанша ұзақ болса да, ешбір адамның сөзін кеспе», – деген.

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Бізден бір нәрсе естіп, оны дәл сол естігеніндей етіп  басқаларға  жеткізген  адамның  жүзін  Алла жарқын етсін», – деген. Термези риуаят еткен.

Ислам  тағылымы  ұлмен  бірге  қыз  баласының тәрбиесіне  де  ерекше  көңіл  бөледі.  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне нәзік жандыларға ерекше қарауды үйреткен.

«Дін мен дәстүр» кітабынан алынды.

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.