Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерді бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтады.
«Құрметті журналистер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, ел игілігі жолындағы жұмыстарыңызға береке тілеймін. Халқымызды бірлік пен игілікке, ізгілік пен имандылыққа ұйытуда ақпарат құралдары өкілдерінің қызметі айрықша.
Бүгінде Діни басқарма ақпарат саласындағы жұмыстарын уақыт өткен сайын жандандырып келеді. Біз санаулы мерзім аралығында Мүфтияттың төл телеарнасын, медиа орталығын және тәулік бойы жұмыс істейтін діни ақпарат беру орталығын аштық.
Мен осы ретте біздің игі бастамаларымызға қолдау көрсетіп, ізгіліктің жаршысы болып жүрген журналистерге өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан айрықша алғысымды, риясыз ризашылығымды білдіремін. Алла разы болсын! Мерекелеріңіз құтты болсын!» делінген ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауында.