Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шәкәрім Құдайбердіұлы атында мешіт ашылды

0 892

Алматы облысы Шошанай ауылында Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы мешіті ашылды. Мешіттің ашылу рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, игі тілегін білдірді.

«Бүгін Шошанай ауылы мен күллі мұсылман қауымы үшін ерекше күн. Құлшылық үйі жамағатқа есігін айқара ашып, ауыл тұрғындарының рухани өміріне серпін бергелі тұр. Жаңа мешітіміз құтты болсын, ардақты ағайын!

Біздің қазақ «Азаны бар ел азбайды, бірлігі бар ел тозбайды» деген. Аллаға шүкір, еліміздің көптеген аймағында осындай сәулетті мешіттеріміз ашылып жатыр.

Шошанай ауылында бой көтерген сәулетті мешітке Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының аты беріліп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұлтымыздың ұлы тұлғаларының өнегелі өмірін насихаттап, есімдерін ел есінде сақтау үшін мешіттерге беріп келеді. Мәселен, кеше ғана елорданың іргесіндегі Қызылсуат ауылында ашылған көркем мешітке дін қайраткері Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімін бердік. Оның алдында осы Алматы облысының Қарасай ауданынан ашылған жаңа мешітке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Енді міне, Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы атындағы мешіт ел игілігіне берілгелі отыр.

Өздеріңіз білесіздер, Шәкәрім қажы – мол рухани шығармалар қалдырып қана қоймай, асыл дініміздің туын желбіреткен дін ғұламасы болды. «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» еңбектері арқылы Ислам дінін жалпы жұртшылыққа насихаттады» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти құттықтау сөзінде мешіт салуға ұйытқы болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрысқа алғысын білдіріп, жылы лебізін жеткізіп, алғыс хатпен марапаттады.

Игі іс-шарада Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы мұсылман жамағатын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, құлшылық үйі ауыл тұрғындарының рухани ордасына айналуына тілектестігін білдірді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.