Әбу Дәрда былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Сендер Қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, балаға жақсы есім қойыңдар».Есім – адам баласының болмысына, тұлға болып қалыптасуына әсер ететін факторлардың бірі. Оның да белгілі бір дәрежеде адам баласына әсері бар. Сондықтан есімінің жақсы болуына, жақсы әрі мәнді аттың қойылуына мән беру керек. Әз Пайғамбар (с.а.с.) әрдайым жақсы ат қоюды ескертіп, өзі де соны іс-әрекеттерінде көрсетті. Тіпті ол кісі адамдардың жаһилия дәуірінен қалған жағымсыз есімдерін ғана емес, жан-жануар, заттар мен кейбір өлке-аймақтардың да нашар есімдерін жақсы атауларға өзгерткен. Адам есімінің иесіне әсер ететіндігін түсіну үшін кез келген бір пайғамбардың есімі қойылған адамды елестетуге болады. Яғни, ол адамға есімі аталған сайын әлгі пайғамбардың түр-тұлғасы үнемі ойына келіп тұратындығы анық.
Есім – халықтың арасында ынтымақ-бірлікті қалыптастырады. Сол себепті адамзатқа ортақ, тарих қойнауынан жеткен жақсы есімдердің жойылып кетпеуіне атсалысқан абзал. Жоғарыда берілген хадисте қиямет күні өз атымызбен шақырылатынымыз үшін есіміміздің көркем болуы талап етілген. Осыдан-ақ, біз жақсы есім қою мәселесінде жоғарыда айтылған һәм басқа да жақсылықтардың барын жоққа шығара алмаймыз. Табарани жеткізген бір риуаятта Алла тағала ақыретте құлдарына деген ерекше мейірімділігімен кемшіліктерін жасырып, әкесінің емес, анасының есімімен шақырылатынын айтқан. Алқама былай дейді: «Бұл екі хадисті былай біріктіре түсінуге болады: «Ата-тегі шатаспағандар әкелерінің, ал басқалары аналарының есімімен шақырылады яки баз бір адамдар да аналарының есімімен шақырылады».
Хадистегі «жақсы есім қойыңдар» деген сөзден «балаларыңа, жақындарыңа, қызметшілеріңе» деген мағынаны түсінуге болады.
«Балаға әдемі ат қою, дінін үйрету және уақыты келгенде үйлендіру баланың әкесіне деген ақыларына жатады». Мұнда балаға деген ата-анасының парыздары барынша түсінікті етіп айтылған. Сонымен қатар нәрестеге жақсы есім қоюда әкесінің басты парызы екендігін баса айтып өткен.
Жас нәрестеге ат қоюда ұлтымыздың талғамы ерекше болған. Есімі арқылы баланың болашағы жарқын болуын тілеген. Халқымыздың ат қою үрдісінде қасиетті Құраннан есімдер қою көбірек кездеседі. Бұл асыл дінімізге деген құрмет, әрі баланың болашағына деген ырым және Ұлы Жаратушыға деген шексіз махаббатттың белгісі болса керек. Сол дәстүр үзілмей күні бүгінге дейін ата-бабалар салған жолмен есім беру мәселесінде бабалар жолын ұстанып келеді.
Әсіресе ұлы тұлғалардың есімін көбірек қойған. Бұл өскенде сол тұлғалар сынды болып өссін деген жақсы ниеттен туған ой болса керек. Балаға есім таңдаудағы талғампаздықтың ар жағында халқымыздың болашаққа деген сенімі мен ерік-жігерінің көрінісін байқауға болады. Халқымызда тарихтағы ұлы тұлғалардың және қасиетті Құраннан есімдері қойылған балалар өскенде есіміне дақ түсірмей атына заты сай ұлағатты азамат болып өсіп, қалыптасады деген тағылымды тәрбие бар.
материал «Балаға қандай ат қою керек?» кітабынан алынды,
sunna.kz