«Егер біреудің біреуге сәжде етуін бұйырар болсам, әйелдің еріне сәжде етуін бұйырар едім» (Тирмизи, рада 10; Әбу Дәуіт, никах, 40; Ибн Мәжә, никах, 4).Хадиске түсіндірме:
Ең әуелі мына нәрсені ескерген жөн. Сәжде – тек Аллаға ғана жасалады. Хадисте айтылған «сәжде» астарлы мағынада, яғни әйелдің күйеуіне бойсұнып, оған құрмет көрсетуі керектігін білдіретін мақсатта айтылып отыр. Сапардан келе салып өзіне сәжде еткен сахабадан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Егер менің қақабірімнің басына келгеніңде дәл осылай сәжде жасар ма едің?» – деп сұрайды. Сахаба: «Жоқ, сәжде жасамас едім», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз: «Ендеше, бұдан былай мұндай әрекетке барма» (Әбу Дәуіт, никах, 40), – деген.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы сөзі арқылы ешбір пенденің сәжде жасалуға лайық емес екенін, сәжде жасалуға лайық тек Хай (мәңгі тірі), Қаййум (еш нәрсеге арқа сүйемей күллі болмысты бір Өзі тіреп, меңгеріп тұрушы) Алла тағала екенін баяндауда.
Тақырыпқа арқау болған жоғарыдағы хадиске оралатын болсақ, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл хадисті мына оқиғадан соң айтқаны жайында риуаяттар бар: «Муаз ибн Жәбал (р.анһ) Шамнан немесе Йеменнен Мәдинаға оралған соң (басқа бір риуаятта Қайс ибн Сағд Хирадан Мәдинаға оралған уақытта деп айтылады) Пайғамбарымызға сәжде жасауды қалайды. Пайғамбарымыз мұның мәнісін сұрағанда, Муаз ибн Жәбал: «Христиандардың патша мен қолбасшыға сәжде жасайтынын көрдім. Сіз сәжде жасалуға олардан әлдеқайда лайығырақсыз. Сол себепті де сізге сәжде жасауды қаладым», – деп жауап береді. Пайғамбарымыз сонда Муазға бұл әрекетінің дұрыс емес екенін түсіндіріп, жоғарыдағы хадисті айтады.
Бұл хадистен шығатын мағына – әйел кісі шариғатқа қайшы келмейтін істе барынша күйеуіне бойсұнып, құрмет көрсетуі тиіс. Адам қоғам болып өмір сүруге бейім, ал қоғам болса өз кезегінде белгілі бір жүйеге, тәртіпке мұқтаж. Ал енді сол қоғамның бір бөлшегін құрайтын отбасылық өмір де өзіндік тәртіп пен жүйені қажет етеді. Әйел кісінің күйеуін құрметтеп, оған бойсұнуы ерлі-зайыптылардың тату-тәтті өмір сүріп, салиқалы ұрпақ жетілдіруіне себепші болады. Шаңырақ шайқалмауының алдын алады. Белгілі бір тәртіпке, арнайы жүйеге негізделмеген қоғамның немесе отбасының көп ұзамай құты қашары бесенеден белгілі.
Ер кісіге де ескере кететін жайт – хадистің түпкі мағынасын зерттеп зерделеместен тікелей қабылдап, яғни сыртқы мағынасына ғана тоқталып, хадистің кімге, не үшін, не себепті, қай уақытта, қашан айтылғанын қаперге де алмай, әйелімізге күң ретінде қарым-қатынас жасап, қалаған нәрсеміздің бәрін орындауын талап ету орынсыз һәм дұрыс емес. Әйел еріне шариғат бұйырған істердің шеңберінде бойсұнуға міндетті. Шариғат тыйым салған, Аллаға ұнамайтын істерде әйел кісі күйеуіне бағынуға міндетті емес.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көптеген хадистерінде ер адамды әйелімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады. Бір хадисінде: «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Ең жақсыларың – әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», – деген.
Алла тағала баршамызға екі дүниенің бақытын нәсіп етсін!
материал «Әйелдерге арналған 30 хадис» кітабынан алынды,
sunna.kz