Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Дұға қабыл болу үшін не істеу керек?

0 3  569

Дұғаның қабыл болуының нәтижесі осы дүниеде де көрініс беріп жатады. Сонымен қатар дұға еткен адамның ақиретіне және осы дүниесіне қарай қабыл болады. Сондықтан мақсатымыз орындалмаса да, «дұға қабыл болмады» деп айта алмаймыз, мүмкін одан да жақсы түрде қабыл болды дей аламыз.

Сондай-ақ, дұғаның (батаның) қабыл болуы үшін төмендегідей шарттарды да ескергеніміз абзал:
1. Дұғаны Аллаға мадақ пен мақтау арқылы бастау.
2. Жасаған күнәларына тәубе етіп, Хақтан кешірім тілеп, истиғфар ету.
3. Дұғаның ең басында және соңында Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айту, өйткені айтылған салауаттар Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үшін жасалған дұға болғандықтан, Алла оны қабыл етеді. Қабыл етілген екі салауаттың ортасында айтылған тілек те қабыл болуы мүмкін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алладан тілек тілегенде, маған салауат айтыңдар, өйткені Алладан екі тілек тілегенде, бірін қабыл етсе, екіншісін де қабыл етеді. Алла – жомарт иесі», – дейді.
Ең қысқа салауат: Аллаһуммә салли алә сәйидинә Мухаммәд!
4. Дұғада шынайы ықылас болу керек.
5. Дұғаның абзалы – аят пен хадистердегі дұғаларды айтып жалбарыну, өйткені олар – ең көркем дұғалар. Оларда таңғажайып тылсым-сырлар бар.
6. Дұғаға толық сену, яғни бүкіл жаратылысты басқарған Ұлы Жаратушының құзырында тұрып, Одан тілек тілеп тұрғанын білу. Сондықтан Алладан үлкен үмітпен тілек тілеу қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Дұға оқығанда, үлкен үміт күтіп, үлкен нәрсе тілеңдер, өйткені Аллаға еш нәрсе қиын емес», – дейді. Басқа хадисте: «Қабыл болатынына анық сеніп Алладан тілек тілеңдер. Мынаны жақсы біліңдер: Алла селқос жүрекпен құлықсыз тілеген тілекті қабыл етпейді» дейді.
7. Дұғада табандылық таныту. Бір рет қол жайып қоя салу емес, үнемі жалбарыну.
8. Дұғаны түннің ақырғы мезгілінде және парыз намаздардың соңынан жасау. Бірде сахабалар Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Қандай дұға жылдам қабыл болады?» деп сұрағанда, түннің ақырғы мезгілі мен парыз намаздан кейін жасалған дұғаның қабыл болатынын айтқан.
9. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде «Жұма күнінде бір уақыт бар, кімде-кім сол уақытта тілек тілесе, бірден қабыл болады» дейді. Яғни, не тілесе де сол сәтте қабыл болып, тілегі орындалмақ. Ол аз ғана сәт болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) саусағының ұшын ғана көрсетеді. Бірақ ол жұма күнінің жиырма төрт сағатының қай сағаты яки қай сәті екені бізге жұмбақ. Бұдан басқа мүбәрак түндер (қадір, бәрәат, миғраж, рағайыб т.б.) мен қасиетті күндерде (Рамазан айы, айт күндері т.б.) жасалған дұғалар қабыл болатын дұғалардың санатында.
10. Меккедегі Қағба, Мәдинадағы Пайғамбар (с.ғ.с) мешіті, Құдыстағы Ақса мешіті, қажылықтағы Арафат, Мұздалифа, Мина тәрізді қасиетті жерлерде жасалған дұғалар да қабыл болады.
11. Жауын жауып тұрғанда да дұғаның қабыл болу ықтималдығы жоғары, өйткені жауын – Алланың жерге төккен рақымы.
12. Біреуге сырттай игі дұға ету. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылман адам өзге мұсылман бауыры үшін тілек тілесе, қабыл болатынын айтып сүйіншілеген.
13. Тақуалы, жүрегі иманды, аузы дуалы, тілінде зікірі, шыншыл да әділ адамның батасы қабыл болатынын мына хадистен аңғаруға болады: «Дұға-тілегім қабыл болу үшін не керек?» деп сұраған сахабасына Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Жеп-ішер ас-суың адалынан болсын», – деген.

материал «Баталар. Өсиеттер. Дұғалар» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.