Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ата-анасына жақсылық жасағандарға сүйінші

0 484

Мүминнің дұға-мақсат картасы былай болса: «Муаз ибн Жәбалдың риуаяты (Бұхари сахих): Ата-анасына жақсылық жасағандарға сүйінші! Олар жәннатқа (тікелей) кіреді. Алла тағала ата-анасына жақсылық, қызмет жасаған адамның өмірін берекелі қылсын!»

Дұғадағы сүйінші хабар қияметке дейінгі мүминдердің бәрін қамтиды; сүйінші сұраушы – ешқашан сезімге беріліп сөйлемейтін, әр сөзінің астары Жаратушының тікелей бұйрығына негізделетін Пайғамбарымыз, олай болса ата-ананың разылығына бөленген адамның өмірі берекелі болып, бақ қарайды деген сөз. Береке материалдық өлшемге сыймайды, ол сөзбен сипатталмайтын тылсым. Олай болса неліктен сол берекелі өмірге ұмтылмасқа!? Мұның жолы да – нағыз мүмин болуға деген ұмтылыста.

Хариса ибн Нұғман есімді ансар сахаба туралы әңгімеге құлақ түрейік: өзі нәжжар руынан, яғни аталары Пайғамбарымыздың түп нағашылары болып келеді. Нәжжар руы Мәдинадағы пайғамбар мешіті-пайғамбардың үйі салынған жердің иесі. Харисаның анасы Жәда да жоғарыда сипатталған перзенті үшін сынақ болатындай қыңыр мінезді аналардың бірі. Харисаның әйелі – Үммі Халид бинт Халид есімді әйел. Хариса Пайғамбарымызбен ерекше дос болған. Пайғамбарымыздың үйі әуелде мешітке жапсарлас, бастапқыда екі әйелі ғана болғандықтан екі-ақ бөлмелі болған. Әйелдерінің саны көбейген сайын мешітке бір бөлме қосылып салына берген. Харисаның жомарттығы сонда, қажет болған сайын, яки Пайғамбарымыз үйленіп, жаңа отау құрған сайын, әлгі Хариса еш санаспай, Пайғамбарымызға жерінен бере берген. Себебі пайғамбар құжырасы – мешітпен қапталдас болуға тиіс еді. Осы арада оның әйелі Үммі Халидтің дарқандығына назар аудара кеткен жөн, өйткені келіншегі келіспеушілік танытса, Харисаның жерінен жер телімін бөліп беріп, Пайғамбарымыз үйленген сайын тіпті өз үйін арырақ жаңалап салуы, әйелінің кең пейілі болмаса, оңай болмасы анық.

Күндердің күнінде әзірет Фатима анамыз әкесіне өтініш айта келеді: «Әке, Хариса осы кезге дейін жерін беріп келді ғой, мен де саған жақын тұрғым келеді, Харисаға өтініш айтсақ, қазіргі үйін біз алсақ, ол әріректен өзіне үй тұрғызса?» Пайғамбарымыз: «Мен Харисаға бұндай өтініш айтуға ұяламын, қызым», – дейді. Хариса ұзынқұлақтан бұл оқиғаны естігенде бір сәт ойланбастан, пайғамбардың қызының да өтінішін жерге қалдырмаған екен. Хариса ибн Нұғман – Бәдірде, Ухудта, Хунайн шайқасында Пайғамбардың қасынан бір елі ажырамаған сахаба. Хунайнда Ислам әскері шашырап кеткен сәтте пайғамбардың қасында қалған санаулылардың бірі, сол жерде пайғамбардың батасын алған.

Харисаға қатысты мынадай қызықты ақпарат та бар: әзірет Айша анамыздың қасына қонған бір күні таңертең Пайғамбарымыз мәз-мейрам көңіл-күймен күліп, жайдары оянады. «Әзірет Мұхаммед ерекше жайдары оянса, не уахи алып оянатын, не болмаса түсінде ерекше аян алып тұратынын білуші едік», – дейді Айша анамыз.

Пайғамбарымыз артынша Айша анамызға түсінде жәннатты көргенін, жәннатта рақаттанып серуендегенін, әлден уақта сонадайдан әдемі әуез естігенін, әуезге елітіп жақындағанда, Құран оқып отырған Хариса ибн Нұғманды көргенін, соны көріп жатып оянып кеткенін айтады. «Уа, Айша! Хариса біздің құдайы көршіміз, осыншалықты керемет сыйға бөленуінің сыры неде?» деп сауал тастайды Пайғамбарымыз. Пайғамбардың түстері сахих түстер, яғни көргені айна-қатесіз орындалатын. Асылында, Пайғамбарымыздың мақсаты – Айша анамыздан шегелеп сұрау арқылы Харисаны жақыннан тану емес, әрине, себебі өзі оны Айша анадан артық танитыны ақиқат.

Бұл жерде де мүминдердің бас ұстазы Пайғамбарымыз болашаққа, яғни бізге маңызды дәріс бермек. Харисаның (пайғамбардың түсіне кіріп, жәннатта Құран оқу арқылы) артықшылығы – Ухудта, Бәдірде, Хунайнде, Хәндекте т.б. шайқастар мен жорықтарда жанын салып соғысқандығы емес, тіпті пайғамбарға бірнеше рет жер телімін беріп, үй салып бергені де емес, мәселе мүлде басқада!

Пайғамбардың сауалына Айша анамыздың жауабы ғибратқа толы: «Уа, Расулалла! Харисаның қарт анасы бар. Хариса анасын ерекше сыйлап-құрметтейді. Анасының көңіліне кірбің түспесін деп жанын салады. Қарияның қажетін өтеп қана қоймай, жиі-жиі жағдайын сұрап, өбектеп, мәпелейді. Анасын ардақтағаны үшін Алла тағала Харисаның ақыреттегі жайынан Сізге хабар берген болар». Пайғамбарымыз мұны ести сала «Нағыз жақсылық міне осы! Нағыз жақсылық міне осы! Мұнан артық жақсылық болар ма?!» деп бірнеше рет қайталайды.

Пайғамбардың бұл пікірі жалғыз Хариса ибн Нұғманға ғана қатысты емес; бұл оқиғада Айша анамыз да, Хариса сахаба да, Пайғамбарымыз да болашаққа бағдар сілтеген. Бәдірге қатысқаннан да артық амалға назар аударған. Қандай жағдай болса да анасы бар адамды (бар адам анадан туады, олай болса барлық адамзатқа ортақ насихат) түптің түбінде жеңіске жеткізетін амал бұл.

Қорыта келгенде, анаға қызмет – жәннатқа апаратын және жай апарып қоймай, жәннатта Құран оқу мәртебесіне жеткізетін, Құран қырағатын пайғамбарға тыңдатқызып, екі дүние сардарының құлақ құрышын қандыртатын асқақ амал.

материал «Жастарға арналған 30 хадис» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.