Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құран Кәрімдегі жұбайлық өмірдің көрінісі

0 514

Қасиетті Құранда: «Әрі сендердің тыныштық тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда махаббат пен мейірім пайда етуі де – Оның белгілерінен. Ақиқатында мұнда ойланып, ақылға салатын адамдар үшін ғибраттар бар» («Рум» сүресі, 21-аят), – дейді. Екі қасиет – махаббат пен мейірімділік. Жұбайлар арасын мықтап ұстайтын дәнекер. Ғалымдар: Жұбайлар қарым-қатынасына жастық шақта – махаббат, ал қартайған кезде – мейірімділік қуат береді, – дейді. Әйел күйеуінен, ер азамат жұбайынан тыныштық табады. Міне, осы орталарындағы берік байланысты Құран:

«…Олар – сендер үшін киім, сендер де – олар үшін киімсіңдер…» («Бақара» сүресі, 187-аят), – деп меңзеуде. Әйел күйеуінің жан рақаты үшін жаратылған. Әрине, әйел де үй шаруасына жалданған тазалықшы немесе аспаз емес. Табиғатынан әлсіз де нәзік жан еркектің қамалдай қорғанына мұқтаж. Еркек болса күйбең тіршіліктен шаршап шаңырағының босағасын аттаған сәттен тыныштық сезінуі үшін әйел керек. Демек, бір-біріне деген тылсым тартылыс күш жаратылысында бар болмысы. Қасиетті Құранда:

«Әйелдерің – сендер үшін егіндіктерің. Егіндіктеріңе өздерің қалаған түрде келіңдер. Өздерің үшін әзірлеңдер және тақуалық етіңдер әрі Оған кездесетіңдеріңді біліңдер. Имандыларды сүйіншіле» («Бақара» сүресі, 223-аят), – делінген.

Шейх Шағрауи аяттағы «Өздерің үшін әзірлеңдер» деген сөзді: өзіңе тыныштық пен рақат беретін дүниені ұсын. Жұбайыңмен оңаша қалғанда әзіреті Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен «Аллаһумма жаннибни шайтана уа жаннибиш шайтан ма разақтана» дұғасын ұмытпа. Жұбайың құрсақ көтерсе, нәрестеге шайтан жуымайды. Себебі дән еккен кезде Жаратушыңды ұмытпағандықтан өніп шығатын өсімдікті мәңгі қорған аясына еккен болып табылады. Жұбайлар оңашада зікір етпесе, дүниеге келетін перзент шайтанның оңай олжасына айналады. «Өздерің үшін әзірлеңдер» дегені өмірлеріңе жететіндей, бұл жалғандағы амалдарың қаншаға дейін созылса сол шамада әзірлеңдер дегені. Міне, сонда Алланы тілмен зікір етіп, туған перзентің ертең есейгенде саған дұға етеді. Сонымен бірге, перзентің өз баласына саған, яғни ата-бабасына дұға етуді үйретеді. Осылайша ұрпақ сабақтастығы қияметке дейін үзілмей жалғасын таппақ, (Тафсир Шағрауи) – дейді. Қасиетті Құранда:

«Оны қалай аласыңдар? Ақиқатында, сендер бір-біріңе қосылып әрі олар сендерден қатаң серт алған еді», – делінген. Бұл аятта «қосылу» етістігі белгілі бір мағынамен шектеліп тұрған жоқ. Етістік кең мағынада қолданылады. Бұл тек тәннің ауқымында ғана емес. Барлық сезім мен түйсікті қамтиды. Әрбір сезім сәті – қосылу, жанарларының тоғысуы – қосылу, саусақтарының ұшы тисе де – қосылу. Тіпті қиыншылықты бірге еңсеру, үміті мен армандарының бір болуы да – қосылу.

материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.