Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Туған-туыстармен қатынасу әдебі

0 573

Туған-туыспен қатынасып тұру, олардың хал-жағдайын біліп отыру, көңілін аулау – әдептіліктің, игі қасиеттің бірі.

Ислам дінінде адамдармен қарым-қатынасқа, туған-туыспен қарым-қатынасқа, соның ішінде, әке мен шешеге және өзге де жақын туыстарға ілтипат көрсетудің маңызы баса айтылған.

Әбу Әйюб әл-Ансари риуаят еткен хадисте бір кісі Пайғамбарымызға келіп:

– Уа, Расулалла! Мені жаннатқа кіргізетін қайырлы істі айтасыз ба? – дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған былай деп жауап қайырады:

– Аллаға құлшылық ет, Оған серік қоспа! Намаз оқып, зекет бер және туған-туыстарыңа рақымды бол!

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) баса назар аударған, жаннатқа кіргізетін игі істің бірі ретінде туған-туыспен жақсы қарым-қатынастаболу мәселесі тек оларға барып тұру ғана емес, оларға жақсылық жасап, қол ұшын созуды да білдіреді. Құран аяттарында да, Пайғамбарымыздың хадистерінде де туған-туысқа берілген маңыз намаз, зекет секілді парыз амалдардан кейін іле-шала айтылуы тегін емес. Бұл туған-туыспен жақсы қарым-қатынас құруға дініміздің ерекше маңыз бергенін көрсетсе керек. Сондықтан Ислам ғұламалары туған-туыспен жақсы қарым-қатынаста болуды уәжіп деп есептейді. Ал уәжіпті аяқ асты етіп, туған-туыспен қарым-қатынасты үзу үлкен күнә болып саналады. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде былай дейді: «Әрбір жұма күні кешке мұсылманның жасаған амал-әрекеті Аллаға жетеді. Тек туған-туысымен жақсы қарым-қатынаста болмағандардың тілегі қабыл болмайды».

Туған-туыспен жақсы қарым-қатынас орнатуды Құран мен сүннетке сай қалай жүзеге асыруға болады? Міне, сол жайлы тарқатып айтайық. Туған-туыспен қарым-қатынастың бірнеше сатысы бар:

1. Туған-туысқа жылы сөйлеп, жұмсақ мінезділік көрсету қажет болады. Кездескен сәтте күлімсіреп, хал-жағдайын сұрау керек. Әрқашан туыстары жайлы жақсы ойда болып, оларға тек жақсылық тілеу.

2. Туған-туысқа барып тұру. Қажет кезде көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созу. Әсіресе, жасы келген қарттарға жиі-жиі барып тұру, оларға көмек беріп, жұмыстарын жасау.

3. Туған-туыспен қарым-қатынастың ең маңызды сатысы – оларға материалдық көмек көрсету.

Туған-туыс қатынасында жағдайы нашар туыстан материалдық көмек күту де қате түсінік. Ал жағдайы жақсы, бақуатты кісінің туған-туысына тек амандасып, хал-жағдайын сұрап қана қоймай оған қажетті материалдық көмек беруі де дінде құптарлық іс. Өйткені шамасы келіп тұрған кісі туған-туысына үнемі материалдық көмек көрсетіп отыруы тиіс. Бұл – мұсылманның борышы. Тіпті, ағайын-туыстың бір-біріне пайызсыз қарыз беруі де игі істер қатарына жатады. Хақ дініміз бойынша мұсылман адам туған-туыспен қатынасудың қайсысына шамасы жетсе, соны орындауы тиіс. Егер қолынан жақсылық жасау келе тұра, оны жүзеге асырмаса, ол адамның мойнындағы қарыз ретінде қалып қояды.

Осы тақырыпқа байланысты өзге де хадис шәріптерде туған-туысты зиярат етіп, олардың хал-жағдайын сұрап отыру Аллаға және ақирет күніне иман келтірудің бір белгісі делінген. Туған-туыспен байланысын әмір етілген түрде сақтамаған, Алланың әміріне немқұрайдылық танытқан кісіге Жаратушы иенің рақымы ақирет күні оны қорғалған құлдар қатарынан болмауы үшін дұға ететін болады.

Туған-туыстарымен жаман қарым-қатынаста болғандардың кейінгі өмірде қандай жаман күйге түсетінін сипаттайтын деректер жеткілікті. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұндай кісінің жұмаққа кірмейтінін айтқан. Туған-туыспен жақсы қарым-қатынасқа маңыз берген, Алланың бұл мәселедегі әмірлеріне құлақ асқан кісінің өмірі ұзарып, нығметі де арта түсетіні, ал туған-туыстарына материалдық көмек көрсеткен кісі әрі туыстық байланысты жақсартып, әрі Алланыңразылығын алып сауап жинайтыны, материалдық көмектің түптеп келгенде садақа есебінде қабылданатыны айтылады.

Туған-туысқа ең алдымен отбасыға жақын кісілер енеді. Олардың біздің өміріміздегі маңыздылығын жоғары қойып, қарым-қатынас жасағанның пайдасы зор. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір сөзінде «Әпке – анамен бірдей» деп, әпкенің дәрежесін көрсеткен. Көке де әке орнына есептеле береді. Ал мұндай маңызы бар кісілермен қарым-қатынастың да жоғары болуы заңды да. Сондықтан да хақ дінімізде туған-туыспен қарым-қатынастың қағидалары анық көрсетілген. Туған-туыспен қарым-қатынаста бір-біріне жиі барып-тұру, көңілін аулау аса маңызды. Туыстармен қатынасудың ережелері сәл кейінірек талданатын болады. Ал мұсылман кісі көбіне туған-туысты мерекелерде, одан бөлек уақытта да ретін тауып, жиі-жиі барып тұрғаны дұрыс. Тіпті, мүмкін болса, оларға сый-тарту бергеннің де еш сөкеттігі жоқ. Саған келіп кеткен туысқа қонаққа баруда ізгі әрекет болып табылады. Қонаққа келген кісінің үйіне бармау арадағы қарым-қатынастың үзілуіне себеп болады.

Өзара қонаққа бару туған-туыс арасындағы байланысты тереңдете түседі. Арадағы араздық пен түсініспеушілікті жояды. Қуаныш пен қайғыны бірге бөлісіп, қиындықтарды бірге еңсеруге тырысу екі жаққа оң әсерін тигізеді. Әсіресе, қартайған туыстарды жалғызсыратпай, туған-туыстары олардың көңілін аулап, үнемі үлкендері ретінде сыйлап отыруы қажет. Өйткені үлкен кісі өзін сыйлайтын, сәлем-сауқатын есіркемейтін адамдар арасында өзін бақытты сезіне алады.

Туған-туыспен қатынасқанда ескерілетін мына мәселе де бар: жасаған әрбір ізгі амалды оның қайтарымын күтпестен жасау қажет. Тек жақын тұратын туыстармен қарым-қатынаста болып қоймай, аралас-құраластығы үзілген, арада байланыс үзіліп қалған туыстармен хал-жағдай сұрасып, қарым-қатынасты арттыру. Бұл жайлы Пайғамбарымыз былай дейді: «Өзіне жақсылық жасаған кісіге қонаққа бару толық мағынадағы туыстық бола алмайды. Нағыз туыстық – қарым-қатынасы үзіліп қалған туыстармен байланысты қайта жаңғырту, олармен барыс-келісті қалпына келтіру». Бірақ жақсылық жасау барлық уақытта маңызды.

материал «Мұсылман әдебі» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.