Құдай Тағаланың ақырғы Елшісі (с.а.с.): «Адамның жақсысы – елге пайдалысы» дейді. Демек, қоғамға тырнақтай пайдасын тигізген адам – игі жақсылардың қатарында. Өзгелер үшін өмір сүре білген өресі кең жандарды сол игі жақсылардың ішіндегі ең абзал тұлғалар ретінде танимыз. Негізі, Пайғамбарымыздың айтпағы да осы болса керек. Алайда өзгелер үшін ғұмыр кешкен жан қандай болуы керек? Қазақта ондай адамды «қауымшыл» яки «көпшіл» дейді. Алайда осы тұста бұл сөздердің мағыналық аясы тар тәрізді. Ойымызды одан әрі сабақтасақ былай: Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) күллі адамзатқа жіберілген. Ендеше, оның үмбеті де өз қауымын ғана емес, жер бетіндегі барлық адамзаттың екі дүниеде бақытты ғұмыр кешуін ойлауы тиіс емес пе?!
Әдетте, өзімшіл болмайтын өзгешілдер Ұлы Жаратушыдан бейхабар ғұмыр сүрген адамдарды иманға шақырып, көркем мінезділікке баулумен ғана тыныс ала алады. Мұндай өзгешілдер еш уақытта өздерінің қарақан басы үшін өмір сүрмейді. Олар тек қана қара басының мүддесін ойлай бастаса, сол сәттен бастап өздерін «өлі» санайды. Сондықтан да әзірет Али «Адам баласы ұйқыда, өлгенде ғана оянады» деген. Шамасы, ол бұл фәниде мәңгілік қалатындай күй кешіп, қу құлқынның қамы үшін күйбең тіршіліктің күйкісінен аса алмаған жұмыр басты пенделердегі осындай ой-сана, түйсік-пайымдарын түсіне алмағаннан айтса керек. Текке келіп, босқа кеткен қайран өмір! Ал өзгелер үшін өмір сүргендер ше? Олардың өмірі өзгелердің тыныс-тіршілігіне нәр береді. Тіпті өлімі де кейінгілеріне өнеге болмақ. Яғни, олар жұрт үрейлене қашқан ажалдың өзін өзгелердің тірілуіне арқау етіп кетеді.
Бұл жайлы Пайғамбарымыздың айтып кеткен мынадай оқиғасын осы тұста келтіре кетуді жөн көріп отырмыз:
«Бұрынырақта өмір сүрген бір патшаның сиқыршысы қартайған шағында патшаға келіп: «Мен қартайдым. Маған жас шәкірт жібер. Оған сиқыршылықты үйретейін», – дейді. Патша оған бір жас жігітті жіберді. Әлгі жас жігіт күнде сол сиқыршыға барып дәріс алып жүрді. Алайда жігіт жүретін жол бойында бір монах тұрушы еді.
Күндердің күнінде сиқыршының шәкірті жолай әлгі монахқа соғады. Монахтың сөздері жанына майдай жаққан әлгі жас жігіт сиқыршыға бара жатып жолда монахқа соғып, одан да дәріс ала бастайды. Бір күні жігітті кешіккені үшін сиқыршы таяқтың астына алып соққыға жығады. Жас жігіт мән-жайды монахқа баян етеді. Сонда монах: – Егер сиқыршыдан қорықсаң: «Әке-шешем кешіктірді» де. Әке-шешең тергесе, «Сиқыршы жібермей қойды» де», – деп ескертеді. Жас жігіт осылайша алма-кезек дәріс алып жүргенде, бір күні ел жүретін жолды кес-кестеп жатқан әлдебір үлкен аңға кезігеді. Сонда ол іштей: «Сиқыршы мен монахтың қайсысы үстем екендігін білетін күн жетті» дейді. Іле-шала қолына тас алып: «Я, Алла! Егер монахтың ісі сиқыршының ісінен қайырлы болса, онда мына аңды өлтіріп, елдің жүретін жолын аш!» – деп әлгі тасты көздеп лақтырғанда, аң өледі. Тосылып қалған жұрт жолдан өтеді. Жас жігіт болған жайды монахқа келіп әңгімелейді. Монах сонда шәкіртіне қарап: «Бұл – бүгіннен бастап сенің менен озғандығың. Мен сенің жоғары мәртебеге көтерілгеніңді байқап тұрмын. Алайда жақында қиыншылыққа тап болып, қатты сыналасың. Сол кезде сақ бол! Мен жайлы жақ ашушы болма!» – деп қатаң ескертеді.
Жас жігіт зағип, алапес секілді түрлі ауруға шалдыққан науқастарды емдей бастайды. Бірде оның емшілік қасиетін патшаның көзі су қараңғы досы естіп, қолына мол сый-сияпат алып жігітке келеді. Ол: «Егер мені емдеп жазсаң, мына сый-сияпаттың бәрі сенікі», – дейді. Алайда жігіт: «Мен өздігімнен ешкімді емдей алмаймын. Шипа дарытушы – Құдай Тағала. Егер Алла Тағалаға иман келтірсең, «дертіне шипа бере гөр» деп Оған жалбарынамын. Ол саған шипа береді», – дейді. Зағип дереу иман келтіргенде, Алла Тағала оған шипа дарытады. Артынша әлгі адам патшаның сарайына барып, күндегідей оның жанына отырады. Патша: «Шырағыңды қайта жаққан кім?» – деп сұрайды. Ол: «Раббым!» – деп жауап қайтарады. Сонда патша: «Сенің менен басқа сиынатын құдайың бар ма еді?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «Менің де, сенің де Раббымыз – Алла Тағала», – деп жауап береді. Патша оны дереу тұтқындап, азаптайды. Ауыр азапқа шыдай алмаған әлгі адам иман етуіне жас жігіттің себепкер болғандығын айтып қояды. Патша жігітті құзырына әкелдіреді. Патша оған: «Ей, бала! Сен сиқырың арқылы көрлердің көзін ашып, алапестерді құлан-таза емдеп жүр екенсің. Осы рас па?» – дейді. Жас жігіт: «Мен ешкімге шипа дарытқан емеспін. Шипа беруші – Алла Тағала», – дейді. Патша жас жігітті де дереу қамауға алып, қинай бастайды. Ақыры, ол да ауыр азапқа төзе алмай, монахтан үйренгенін айтады. Артынша монах ұсталып, патшаның алдына әкелінеді. Оған «Дініңнен бас тарт!» деп талап қойылады. Монах қыңқ демей азапқа шыдап бағады. Ақыры, болмаған соң ара әкеліп, монахтың басын аралап екіге бөліп тастайды. Содан кейін жас жігітті алдыртып оған да:«Дініңнен бас тарт!» – дейді. Ол да төзімділік танытып, міз бақпайды. Патша әлгі жігітті әскерлеріне тапсырып: «Мынаны пәлен тауға апарып, ең ұшар шыңына шығарыңдар да, дінінен бас тартуын талап етіңдер. Дінінен бас тартса, тиіспеңдер. Қасарысса, сол шыңнан лақтырып жіберіңдер!» – деп бұйрық береді. Иманын алқаракөк аспанда алқызыл тудай желбіреткен жігіт таудың ұшыр шыңына шыққанда: «Уа, Алла! Көмектесе гөр!» деп дұға етеді. Сол-ақ екен, тау сілкініп, жас жігіттен басқасының бәрі төменге құлап өледі. Жас жігіт сау-саламат қалпында патшаның ызғарлы құзырына кіріп келеді. Патша таңырқап: «Қасыңдағылар қайда?» – деп сұрайды. Жігіт: «Алла Тағала маған жәрдем етіп, оларды жер жастандырды», – деп жауап қайырады. Патша тағы да әскерлерін шақырып: «Мынаны кемемен теңіздің ортасына дейін апарыңдар. Егер дінінен бас тартса, тиіспеңдер. Қасарысса, теңізге тастаңдар!» – деп қатаң бұйырады. Әскерлері бұйрықты екі етпей, жігітті телегей теңіздің ортасына апарады. Сүйкімді ажарын жел өпкен жас жігіт тағы да: «Уа, Алла! Көмектесе гөр!» деп дұға етеді. Сол-ақ екен, теңіз буырқанып, кеменің тас-талқаны шығып, жас жігіттен өзгесінің бәрі су түбіне кетіп өледі. Жас жігіт тағы да дін-аман оралып, патшаның құзырына барады. Патша бұл жолы да: «Қасыңдағылар қайда?» – деп таңырқап сұрайды. Жас жігіт: «Алла Тағала маған жәрдем етіп оларды су түбіне тастады!» – деп жауап қайтарады. Осыдан кейін жас жігіт патшаға: «Сен менің айтқанымды істемейінше, мені өлтіре алмайсың», – дейді. Патша: «Ол нендей нәрсе?» – деп елең ете қалады. Сонда жас жігіт: «Халықты түгелдей алаңқайға жинап, мені ағашқа байлайсың. Сосын қорамсаптан бір жебе алып, садаққа керіп тұрып: «Мына жігіттің құдайының атымен!» деп мені қарауылға алғанда ғана өлтіре аласың», – деп ұсынысын айтады. Патша жігіттің айтқанын орындайды. Жебені адырнаға керіп тұрып: «Мына жігіттің құдайының атымен!» деп жігітті нысанға алып, атып қалғанда жебе қас-қағым сәтте оның құлақ-шекесіне қадалады. Жас жігіт қадалған жерін қолымен ұстайды да тіл тартпай өліп кетеді. Бұл оқиғаны көзбен көрген қалың ел бәрі бірауыздан «Жас жігіттің құдайына иман келтірдік!» деп, түгелдей иманға келеді. Бұл сөзді халық үш рет қайталайды. Патшаның әскерлері не істерін білмей: «Патшам, не бұйырасыз? Әнеки, қорыққаныңыз басыңызға келді. Халық жас жігіттің Құдайына иман келтірді», – дейді. Патша шұғыл түрде жолдың жанына ор қазуларын әмір етеді. Ор қазылып, ішіне от жағылады. Патша «Дінінен бас тартпағандарды осы орға тастаңдар!» – дейді. Оның айтқаны дереу орындалып Алла Тағалаға иман еткендер бір-бірлеп отқа тасталып жатты. Бір кезде әскерлер құндақтағы сәбиі бар бір әйелді сол орға алып келеді. Әйел ордағы отты көріп, шошынып тұрып қалады. Ол не істерін білмей отқа қарап абдырап тұрғанда, құшағындағы сәбиі: «Анашым, сабыр ет! Өйткені сен тура жолда, хақ діндесің!» – дейді».
Міне, Пайғамбарымыздың осы хадисіндегі жас жігіт өзгелер үшін өмір сүрген азамат. Ол тау мен теңізден аман қалған соң, бас сауғалап басқа аймаққа кетсе де болар еді. Бірақ ол өз қауымының мәңгілік бақыты үшін өлімге бас тіккен. Екі мәрте өлмей тірі қалуы арқылы халыққа патшаның құдай емес, жай өздері секілді жұмыр басты пенде екендігін дәлелдеген. Сонда барып оған табынып жүрген халықтың көзі ашылып, хаққа бет бұра бастаған. Ел арасында жас жігіттің бұрыннан айтылып жүрген әңгімелеріне қатты назар аударып, саналарына сәуле ұялай бастаған. Кейіннен патшаның ел алдында жас жігіттің құдайын атап қана атып өлтіргенін көріп, өлім мен өмірді сол жігіттің құдайы, яғни Ұлы Жаратушының ғана беретініне көздері анық жетіп, терең иман келтірген. Олардың иманының тереңдігі сонша – отқа тірідей түссе де мойымаған.
Жас жігіт өз өлімі арқылы ақиқаттың пердесін түріп кеткен. Өзі құрбандыққа шалынса да, халқының иманына себепкер болып өлді. Бір ғана бұл емес, өлімі арқылы елінің жарыққа шығуына себепкер болған өмірде қаншама жандар өткен. Олар бейне бір алма ағашының дәнегі тәрізді. Күзде алманың дәнегі топыраққа көміледі де, көктемде қайта көктейді. Бірнеше жылдан кейін көмілген сол дәнек көз тоймас әдемі алма ағашына айналып, бір – мыңға айналып, одан есепсіз көп алма өсіп шығады.
Иә, бір қауымшыл өлер. Оның орнын мыңдаған қауымшыл мен өзгелер үшін өмір сүрген аяулы жандар басады. Өмір сүрудің нағыз мән-мағынасы да осы емес пе?!
материал «Пейішке жетелер пейіл» кітабынан алынды,
sunna.kz