Жүктілік кезінде сәбидің дені сау және игі перзент болуы үшін Құранды көп оқып, көп дұға жасауы керек. Баласының жақсы ұрпақ болуы үшін анасы:
1. «Ағраф» сүресінің 189-шы аятын әр парыз намазынан кейін оқыса, дүниеге келетін баланың физикалық бітімі дұрыс болады;
2. Егер жүкті әйел һижри айлардың алғашқы күндерінде «Ағлә» сүресін жазып алып, өзімен бірге алып жүрсе, баласы ақылды және мықты болады;
3. Жүктілік кезінде күн сайын Құран оқылса, жүктілік кезінде тоғыз хатым аяқталады;
4. Дүниеге келетін баланың мінез-құлқы Пайғамбарға ұқсауы үшін күніне бір рет «Әнбия» сүресін оқу керек. Үнемі оқи алмаса, босанғанға дейін кем дегенде 70 рет оқуға тырысу керек және бұл санға алғашқы төрт айда жетіп, оқыған абзал;
5. Дүниге келетін баланың тілі әзірет Лұқман, жүзі Юсуф сияқты болуы үшін күнде бұл сүрелерді бір мәртеден оқыған жақсы (Мүмкіндігі жоқ адам оқи алғанынша тақ етіп оқиды);
6. Баланың қайырлы болуы үшін күнде «Йәсин» сүресін оқыған жөн;
7. Көркем мінезді болуы үшін 70 рет «Инсан» сүресін оқыған жөн;
8. «Әли Имран» сүресінің 35-аяттағы «Раббынан» бастап, 35-аяттың аяғына дейін 9 ай бойы оқылады;
9. Баланың сабырлы болуы үшін қолды іштің үстіне қойып, «Аср» сүресін оқу керек;
10. Егер «Ибраһим» сүресі көп оқылса, баланың мінезі жұмсақ болады;
11. «Мәриям» сүресін күніне бір рет оқыған дұрыс;
12. Баланы Шайтанның зиянынан қорғау үшін «Әли Имран» сүресі оқылады;
13. Баланың барлық ағзаларының толық болу үшін күнде екі рәкат намаз оқуға болады;
14. 70 мың кәлима таухид (лә илаһа иллаллаһ мухаммәдун расулуллаһ) сөздері оқылады;
15. Баланың діндар, Алланың жолында күресуші болуы үшін «Қаф» сүресін оқу керек.
16. Егер «Субханаллаһи уә бихамдиһи» дұғасын 70 мың рет оқыса, бала әділ болады, оны алғашқы төрт айда оқыған абзал.
17. Қорқынышты жерде және дұшпан қарсысында сенімді және жын-шайтаннан аман болуы үшін «Құрайыш» сүресін оқу керек. Тәжірибе жасап көрілген. Күндіз-түні кем дегенде он бір рет оқу керек.
«Саффат» сүресінің 100-аяты.
Мағынасы: «Уа, Раббым! Маған ізгі жандардың бірі һәм бірегейі болатын ізгі перзент бергейсің!».
«Әли-Имран» сүресінің 38-ші аяты.
Мағынасы: «Уа, Раббым! Маған Өз тарапыңнан пәк әрі қайырлы ұрпақ нәсіп ете көр! Шүбәсіз, Сен дұғалардың бәрін естушісің».
«Ибраһим» сүресінің 40, 41-аяттары.
Мағыналары: «Уа, Раббым! Мені һәм ұрпағымның арасынан (қаныпезер еместерді) намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқитын құлдарың ете көр! Уа, Раббымыз! Дұға-тілегімді қабыл ете көр! Уа, Раббымыз! (Алдыңда тұрып) есеп беретін күні мені, ата-анамды және күллі мүміндерді кешіре көр!»
«Фурқан» сүресінің 74-ші аяты.
Мағынасы: «Уа, Раббымыз! Әйелдерімізді және үрім-бұтағымызды (тура жолға салып) көз қуанышымыз еткейсің! Һәм бізді тақуалықта өзгелерге имам (жетекші әрі үлгі-өнеге) қылғайсың!»
«Хашр» сүресінің 10 аяты.
Мағынасы: «Уа, Раббымыз, бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре көр! Жүрегімізде иман келтірген жандарға деген жек көрушілік, өшпенділік сынды жаман сезімнің оянуына жол бере көрме! Уа, Раббымыз! Шүбәсіз, Сен өте мейірбансың, (әсіресе, мүмін құлдарыңа) сондай жанашыр һәм ерекше мейірімдісің».
«Нәмл» сүресінің 19-аяты.
Мағынасы: Уа, Раббым! Маған һәм ата-анама нәсіп еткен нығметтеріңе лайықты түрде шүкіршілік етуді және үнемі Өзіңді разы ететін игілікті істер істеуді көңіліме ұялатқайсың. Сондай-ақ мені шексіз рақымыңмен игі құлдарыңның қатарына қосқайсың
«Ақхаф» сүресінің 15-аяты.
Мағынасы: «Уа, Раббым! Маған һәм ата-анама нәсіп еткен қисапсыз нығметтеріңе лайықты түрде шүкіршілік етуді және үнемі Өзіңді разы ететін игілікті істер істеуді көңіліме ұялатқайсың! Сондай-ақ маған (иманды, ата-анасын құрметтейтін) ізгі ұрпақ нәсіп еткейсің! Расында, мен тәубе етіп, бір Өзіңе жан-тәніммен бет бұрдым. Анығында, мен Өзіңе қалтқысыз мойынсұнғандардың бірімін».
«Бақара» сүресі, 128-аят.
Мағынасы: «Уа, Раббымыз! Екеумізді бір Өзіңе ғана мойынсұнатын мұсылман еткейсің! Нәсілімізден де бір Өзіңе ғана мойынсұнатын мұсылман үмбет шығарғайсың! Һәм бізге құлшылық рәсімдерімізді көрсетіп, тәубелерімізді қабыл еткейсің! Шүбәсіз, Сен – шынайы тәубелердің барлығын қабыл етушісің һәм (тәубеге келіп, Өзіңе бет алған құлдарыңа) ерекше мейірімдісің!» Юсуф Кандахлауидің айтуы бойынша, жүктіліктің алтыншы айынан кейін күн сайын бір жүз оқып Құранды үш рет хатым еткен әйелдің баласы хафиз болады.
материал «Жүктілік кезде оқылатын дұғалар» кітабынан алынды,
sunna.kz