Мәуліт айының құрметіне Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында «Асар ата» рухани орталығы ашылды.
Игі шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, Жаңаөзен қаласының бас имамы Юнус Қадырқұлұлы, ел ағалары, дін қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Іс-шараның шымылдығын облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің азаншысы Әли Қазақ қасиетті Құран аяттарымен ашты. Алғы сөзді алған Кенжетай Байкемелұлы бұл қайырымдылық мекемесінен иманды, отаншыл, білімді жастар шығады деген сенім білдіріп, ауыл халқын құттықтады.
Бұдан бөлек, Кенжетай Байкемелұлы Ақшұқыр ауылдық мешітінің имамы Жүсіп Опаға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан алғыс хат табыс етті.
Айта кетсек, бұл мекеме құрылысы 2021 жылы қасиетті Рамазан айында басталып, биыл Алланың қалауымен ашылып отыр. Сыйымдылығы: бір мезетте 100 бала оқи алады. Жалпы көлемі 800 шаршы метр, екі қабаттан тұратын ғимаратта 3 сынып, 8 жатын бөлме, қабылдау бөлмесі, жиналыс залы, медиа зал, асхана және наубайхана бар.