Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мәуліт кешінде 4 адамға ұмра жолдамасы берілді

0 557

Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлының ұйытқы болуымен Теміртау қаласының мәдениет үйінде «Теңдессіз тұлға Мұхаммед (ﷺ)» атты рухани Мәуліт кеші өтті.Рухани кеште Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айтылып, Мәуліт жыры оқылды. Сондай-ақ, исі мұсылман үшін қасиетті болған мерекенің шығу тарихын баяндайтын арнайы бейнеролик көрсетілді.
Ақ жаулықты әжелер шашуын шашып шырайын кіргізген мерей той барысында қазақы жыр-термелер айтылып, балалардың көңіліне қуаныш сыйлау мақсатында сыйлық қорапшалары үлестірілді.

Жеребе таңдау арқылы залдағы көрермендер арасында кіші қажылық билеті ойнатылып, бағы жанған жас бүлдіршін қасиетті сапарға арнайы жолдама ұтып алды. Өзіне қажылыққа бару мүмкіндігін сыйлаған балақайдың анасы қуаныштан тамған жасын тыя алмай ұзақ тұрды.

Сонымен қатар облыс бас имамы Теміртаудағы құлшылық үйлерінің гүлденуіне өз үлесін қосып, күрделі жөндеу жұмыстарына ат салысып жүрген мешіт қызметкерлері мен жамағаты Батыр Қыстауов, Бағдат Есіркепұлы және Қуанышбек Бақдәулетұлына умра қажылығының арнайы сертификатын табыстап, Әлихан Бөкейхан мешітінде көп жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан ақсақалға шипайжайға жолдама сыйлады.

Мәуліт айы басталғаннан бері Теміртау мешіттерінде ұйымдастырылған «Салауат – сансыз сауап» байқауы бойынша жалпы саны 7 470 588 салауат айтылып, ішінен Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең көп салауат жолдағандар ақшалай сыйлықтар иеленді.

Кеш соңында жұртшылық назарына Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлының Теміртау қаласында қызмет атқарған жылдары жүзеге асырылған іс-шаралар есебі ұсынылды.

Өз кезегінде облыс бас имамы игі бастамаларда үнемі қол ұшын беріп, демеу көрсетіп келген Теміртау жамағатына рахметін айтып, шынайы алғысын жеткізді.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.