Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Сізге періштелер дұға жасасын десеңіз…

0 537

Періштелер – Алла Тағаланың жаратқан құлдары. Әрқайсысы әрбір қызметте. Олар нұрдан жаралған. Періштелер Аллаға қарсы келместен, Оның барлық бұйрықтарын орындайды. Олар адамдар үшін дұға жасайды. Періштелердің сізге дұға жасауын қаласаңыз, төмендегі хадистерге амал етуге тырысыңыз!
Алла Тағаланы көп еске алыңыз!

Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.): «Алланың еске алушыларды іздеп, жолдарды кезіп жүретін періштелері бар. Олар Алланы еске алып жатқан адамдарды көргенде бір-бірлеріне: «Қанеки, іздегендеріңді көріңдер», – деседі. Одан кейін олардың зікірлерін қоршап, аспан әлеміне бет алады. Сонда Раббы Тағала Өзінің барлық істен хабардар екендігіне қарамастан олардан: «Құлдарым не деп жатыр екен?» – деп сұрайды. Олар: «Олар Өзіңді пәктеп, тәкбір айтып, мақтап, ұлықтап жатыр екен», – деп жауап береді. Сонда Раббы: «Мен оларды кешіргеніме сендерді куә етемін», – дейді. Сонда періштелердің бірі: «Олардың арасында пәлен деген кісі олардан емес, ол басқа мақсатпен келген», – дейді. Сонда Раббы: «Олардың барлығы бірге отыр, олардың қастарында отырғандар ешқашан бақытсыз болып қалмайды», – деп айтады», – деді» (Бұхари).

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай да бір қауым Алла Тағаланы еске алып отырса, оларды періштелер қоршап, Алланың рақымы баурап алады және олардың арасында тыныштық орнайды. Алла олар туралы қасындағы періштелеріне айтады», – деген.

Құран оқыңыз!
«Егер адам Құран оқуды түннің әуелгі бөлігінде аяқта- са, онда періштелер ол үшін таң атқанша дұға етеді, ал егер де ол Құран оқуды түннің ақырғы бөлігінде бітірсе, онда періштелер ол үшін кешке дейін дұғада болады», – делінген (Ахмад).

Садақа беріңіз!
Ислам діні әр тиынды харам емес жолмен табуды үйретеді. Әрі Алла Тағала өзіне құлшылық еткені үшін бір тиынына екінші тиынды қосып беріп отырады. Мәселен, әрбір садақа оннан жеті жүз есеге дейін еселенеді, періштелер садақа қылған адам үшін дұға жасайды. Алланың құлдарының оянатын әрбір күні көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «Я, Алла, Сенің жолыңда қайырымдылық етіп, садақа берушіге несібеңді арттыр» – деп тілейді екен (Бұхари).

Бұл – садақа беріп, өзгелерге жақсылық жасаған адамның ризығы кеңейіп, несібесі молаятынын, өмірінің берекелі болатынының айқын дәлелі (Муслим).

Біреу үшін дұға қылыңыз!
Сіз өзіңіз үшін періштелер Алладан дұға еткенін қалайсыз ба? Онда бауырыңыз үшін Алладан тілек тілеңіз. Себебі: Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Алланың кез-келген құлы жанында жоқ бауыры үшін Аллаға жалбарынып дұға жасаса, жанындағы періште оған әрдайым: Саған да сұрағаның болсын!» деумен болады (Муслим).

Әрбір таң сайын береке тілейтін періште бар
Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Әрбір таң арайлап атып, Алланың құлдары ұйқыла- рынан оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: Уа, Алла Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр – десе, екіншісі: Уа, Алла Тағалам! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға ұшырат – деп дұға жасайды – деп айтты» – делінген (Бұхари, Муслим).

материал «Ақтық дем» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.