Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Мұсылманның айыбын жасыру, ізін аңдымау

0 998

Құран Кəрім мұсылмандардың айыбын жария етпеу керек екенін мына аятта білдіреді: «Шынымен де мүминдердің ішінде арсыздық жайылуын жақсы көргендерге дүние мен ақыретте күйзелтуші азап бар. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Нұр» сүресі, 19-аят).Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) да: «Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, қиямет күні Алла да оның айыбын жасырады», – деген. Бұл тақырыпта айтылған тағы бір хадис мынадай: «Үмбетімнің жасаған күнəсін жария қылғандарынан басқасының бəрі кешіріледі. Бір кісінің түнде күнə жасап, Алланың оны жасырғанын жəне жарияламауын талап еткеніне қарамастан, таңертең тұрып, «мен түнде мынадай іс істедім» деуі жария күнə. Түні бойы Раббысы оның күнəсін жасырған, бірақ таң ата салысымен Алланың жасырғанын өзі əшкереледі».

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) жасаған күнəсі үшін жазаға тартылған əлдекімді бір сахабаның «Алла сені лағынет етсін» деп сөккенін естіп, «Олай демеңдер, бүйтіп шайтанға болыспаңдар» деп ренжіген болатын. Адамның айыбын бетіне басудың жаман екенін осыдан-ақ білеміз. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) тағы бірде: «Тың тыңдаған адамның құлағына қиямет күні ерітілген қорғасын құйылады», – деген екен.

Адамдардың ізін аңду, кем-кетігін шұқылау жиіркенішті қылық. Əсіресе, бүгінгі жариялылық үстемдік құрған уақытта бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғам қайраткерлері мен саясаткерлердің, əртіс пен əнші секілді халыққа танымал адамдардың жүрген-тұрғанын жіпке тізіп, жеке өміріне қол сұғу кісі ақысын бұзудың ең сорақысы. Жеке мүдделері үшін адамдардың немесе ұйымдардың ізін кесу, тыңшылық қызметке жүгіну, не болмаса жасырын тыңдау құрылғыларын орнатып қол жеткізген ақпар арқылы бопсалау да кісі ақысына нұқсан келтірудің бір түрі.

Дініміз адамдардың басқан ізін аңдып, жеке істерін жария қылуға тыйым салады. Алла тағала Құранда: «Уа, мүминдер, бір-біріңді аңдымаңдар», – деген («Хужурат» сүресі, 12-аят). Келесі бір аят: «Мүмин ер адамдар мен мүмин əйелдерді жазықсыз кейіткендер болса, олар мойындарына ауыр күнə жүктеп алды», – дейді («Ахзаб» сүресі, 58-аят).

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Күмəншіл болудан сақтаныңдар. Орынсыз күмəн –сөздің ең жалғаны. Жел сөзге құлақ түрмеңдер. Жұрттың айыбын іздемеңдер», – деген. Тағы бірде: «Мұсылмандардың бойынан мін іздеп бəлеге соқтықпаңдар, олардың тəрбиесін бұзасыңдар, не болмаса бұзуға итермелейсіңдер» деп, кісінің артына шам алып түсуді адамдардың мінез-құлқындағы оңбаған қылық деп түсіндірген. Абдуллаһ ибн Мəсғудтың (р.а.) алдына жазаға тарту үшін бір адамды: «Бұл сақалынан шарап тамған пəленше деген маскүнем» деп алып келеді. Сонда ибн Мəсғуд бұларға қарап тұрып: «Біз адамдардың кем-кетігін тексеруден тыйылдық. Өздігінен көзге бадырайып көрініп тұрған кемшілік болса, оның жөні бір басқа. Оған шара қолданамыз», – деген екен.

Дінімізде берілетін жаза кісінің сыртқы тұрқына емес, қия басқан қадамына, қисық қимылына қарап тағайындалады. Кесімді билік айту үшін нақты айғақ қажет. Исламда жария түрде күнə істеген, не болмаса қылмысы дəлелденген адамдарға ғана жаза берілген.

Өмірде сүттен ақ, судан таза, қателіктен ада адам болмайды. Сондықтан, əлдекімнің Алладан қорқып, не болмаса халықтан ұялып жасырған айыбын тінте қарап əшкерелеу – əманда мұсылмандыққа жатпайды. Керісінше, кісінің жамандығын жасырып, жақсысын асыру мүмин үшін жарасымды емес пе?

материал «Ала жіпті аттама» кітабынан алынды,

sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.