Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ӘР ҚАЗАҚҚА ҚАЖЕТТІ КІТАП

0 1  601

Руслан Ақмағанбетовтың 2017 жылы шыққан “Байлық танымы және қазақ байлары” деген кітабы Кеңес одағы кезеңі мен қазіргі нарық тұсында да тың әрі таңсық құнды еңбек болып саналады. Мәселен, Кеңес үкіметі кезінде, Қазақ байлары туралы айтып не жазсаңыз,  “халық жауы” болып бірден атылып, сотталып, Итжеккенге айдаласыз. Ал, бұл сүбелі тақырыпты жазуға, зерттеуге ғалымдар мен жазушылар өз өмірі мен туған-туысқандарының амандығы үшін батылы бармайтын еді. Байлардың ұрпақтары “бетегеден биік, жусаннан аласа” болып, көрші Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Түркіменстан, Қытай елдерінде бас сауғалап, жан сақтаумен өмір кешті. Олар өз аталарын айтуға қорқатын. Сондықтан да бұл тақырып зерттелмеген, жазылмаған тың шығармалардың қатарына жатады.

Кезінде академик Мәмбет Қойгелдиевке Руслан екеуіміз барғанбыз. Тарихшы ағамыз бір жағынан таңданып, жас азаматтың осынау күрделі әрі тың тақырыпқа барып, кітап шығарғанына ерекше риза болды.

Бұрынғы қазақ байларын қазіргі байлармен салыстыруға мүлде болмайды. Арасы жер мен көктей. Ал, осыған бұл кітапты оқыған әр оқырман оңай көз жеткізе алады. Бұрынғы қазақ байларының қоғамдағы орны өте жоғары әрі қадірлі болған. Олар ұлтты ұйыстырып, ынтымаққа шақырып ел мен жұртқа тұтқа болып отырды. Тарихи шешуші кезеңдерде жиған-тергенін халқының игілігі үшін жұмсады. Елде жетімдер мен жесірлерін қаңғытпай, асырап, бағып-қағып, бабадан бойға қонған тектілікпен, ел-жұртының шып-шырғасын шығармай ұстады. Олардың осы ізгі істері кешегі Кеңес үкіметі бүлдіргенге дейін жалғасты. Қысқасы, бағзыдан бері елді ел қылып келген сол байлар еді. Мектеп пен медресе салып, ел тағдырына қатысты еселі шығынның бірін өз мойындарына алды. Ал, бүгінгі байларымыз тапқан-таянғандарын елінің игілігіне жұмсаудың орнына, шетел асырып жіберіп жатыр. Кейбіреулері өзі қазақ бола тұра, қазағын менсінбейді.

Русланның бұл кітабы осы тақырып жөнінен тұңғыш кітап болып саналады. Қызықты деректер мен дәйекті фактлер негізінде жазылған бұл кітапты оқыған кейбір оқырмандар алақұйын заманда қуғын-сүргінге ұшыраған бабаларының дергеін тауып, авторға алғыс айтып жатқанының да куәсі болып, қуанып жатырмыз. Ерекше айта кетер бір іс, егжей-текжейлі еңбектің жемісі болып отырған бұл кітап, қиын кезеңдерде есімі ел көңілінен күшпен өшірілген ұлы тұлғаларымызды қайтадан тауып, өткенімізге көз жүгіртіп, ұлт ретінде өз тарихымызды қайтадан түгендей бастауымызға жол ашады.

Мен Русланның тілі жеңіл, орамды, түсінікке ыңғайлы, жұрт сүйініп оқитын бұл керемет кітабын Елбасы кітапханасының қорында сақталуға тиісті еңбек деп бағалаймын.

Кәсіпенр, журналист: Құрманғали Ашанұлы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.