Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасына сапарында Каирде білім алып жатқан студенттермен кездесті.
Бас мүфти білімнің құбыласы саналатын Мысыр жерінде оқып жатқан қазақстандық студенттерге ілім жолына түсудің маңызы жөнінде уағыз-насихат айтты.
«Расында білім жолына түскен адам дүниеде және ақыретте пайда беретін бар жақсылықты үйренеді және оны өзгелерге үйретеді. Жерде дәнді-дақылдар өсуі үшін жаңбырға мұқтаж болғаны сияқты адам баласы да сол секілді білімге мұқтаж. Имам Ахмад бір сөзінде: «Адам тамақты күніне 1-2 мезгіл ғана қажет етеді, ал білім әрбір алған тынысыңда қажет», – деген екен. Адам баласы алған білімін қанағат тұтып тоқтап қалмай, өмірбақи ізденіп, даму үстінде болуы қажет. Сол себепті бұрынғы өткен даналар: «Екі адам тоймайды. Бірі – дүние іздеген адам, ал екіншісі – білім іздеген адам», – деген. Яғни баршамызға танымал Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисіне сәйкес «мұсылман адам өмірбақи үйреніп, білім алуға тырысып, білім тұрғысынан бір күні мен екінші күнінің тең болмауына» аса мән беруі қажет» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесу барысында студенттер де ой-пікірлерін жеткізіп, ҚМДБ Төрағасына сұрақтар қойды. Бас мүфти ілім жолындағы шәкірттердің сауалдарына тұшымды жауап беріп, қажетті кеңестерін бөлісті.