Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

P2P саудасының үкімі қандай?

0 10  263

P2P (ағыл. peer-to-peer «тең-теңімен» немесе person-to-person «адамнан адамға») саудасы – бұл делдардардың қатысуынсыз тікелей пайдаланушылар арасында арнайы веб және мобильді қосымшалар арқылы криптавалюта сатып алу-сату.

Крипта арбитраж екі немесе одан да көп нарықтардағы бірдей активтер арасындағы бағаның айырмашылықтарынан пайда табуға бағытталған сауда. Мұндай сауда-саттық P2P алаңқайларында (платформа) өтеді. Әдетте платформа жүйесіне кіру үшін арбитражер[1] өзінің жеке аккаунтын ашып, банктік есепшот картасын тіркейді. Кейін осы жүйе арқылы тараптар «сату» немесе «сатып алу» батырмасын басып, криптавалютаны сатып алады не сатады. Дегенмен «сату» батырмасын басып, ақшаны төлесе де транзакция толық бітпейді. Тек тараптар «растау» батырмасын басқанда ғана алушыға криптавалютасы жіберіледі. Ал «растау» батырмасын басу немесе баспау тараптардың өз еркінде. Бас тартқан жағдайда екінші тарап «апелляция» батырмасын басып, түбіртекті[2] және т.б. дәлелдерді жібергенде ғана ақшаны қайтарып алады[3].

P2P платформасы арқылы валюта айырбастауда криптавалюта қамтылғандықтан шариғи тұрғыдан оны қолдануға рұқсат жоқ. Өйткені заманымыздың көпшілік ғалымдары криптавалюта негізінде белгісіздік, алаяқтық, қауіп-қатер төндіру және жеке тұлғалар мен мемлекетке зиян келтіру қамтылғандықтан, шариғи тұрғыда оны пайдалануға тыйым салған[4].

Оған қоса криптавалютаға рұқсат дегеннің өзінде валютаны өзара айырбастауда қолма-қол принципі жүзеге аспай қалу қаупі бар. Себебі сатып алушы «сатып алу» батырмасын басып, ақшаны сатушының есепшотына аудағарған соң, екінші тарап «растау» батырмасын басуды кешіктірсе, онда қолма-қол принципі іске аспайды. Өйткені ақша айырбастауда алыс-берісті кешіктіру келісімшартты бұзады[5].

Сондай-ақ P2P сауда жүйесінде «растау» батырмасын басу немесе баспауды тараптардың өз еріктеріне берген. Егер бас тартса қарсы тарап «аппелация» батырмасын басып, түбіртекті[6] жібергенде ғана ақшаны қайтарып алады[7]. Осы жағынан шариғат талаптарына сай келмейді. Өйткені ақша айырбастауда таңдау құқығы (хияру әш-шарт) болмауы талап етіледі[8].

ШЕШІМ:

P2P арбитраж жүйесінде криптавалюта қамтылғандықтан, сондай-ақ шариғаттағы валюта айырбастаудың шарттарына сай келмегендіктен, оны қолдануға рұқсат етілмейді.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

[1] Арбитражер (франц. arbitrageur – делдал) – сатып алу-сату операцияларымен айналысушы саудагер.

[2] Түбіртек – белгілі бір жұмысты орындау қажеттігін қуаттайтын құжат, ақшаның не басқа құндылықтың қабылданғаны жөніндегі ресми қолхат.

[3]https://www.binance.com/kk-KZ

[4] «Пәтуалар жинағы», Пәтуа №49, 3/19-22.

Кейбір ғалымдар алтын, күміс секілді болмысынан құнды немесе тиын, қағаз, электронды валюта сияқты құнды саналатын ақшаның барлық түрін қолданудың оқасы жоқ дейді. Алайда электронды валютаны қолдану үшін мынадай шарттар табылуы тиіс:

Эмитент тарапынан пайдаланушыларға кепілдік беруі;

Болмысында, яғни өндірісінде және оны валюта, тауар, бағалы қағаздар ретінде пайдалану барысында ғарардың қамтылмауы;

Алдамшылыққа алып бармауы;

Белгілі бір топтың әділетсіз және негізсіз баюына себеп болмауы;

Десе де, осы уақытқа дейін нарықта жоғарыдағы шарттарды қамтыған цифрлық валюталар кездеспеді.

Осыған орай, болмысы белгісіздікті, күмәнді қамтыған, алдау мен алаяқтық қаупі жоғары криптавалютаны қолдануға болмайды. Оған қоса Эмитент тарапынан кепілдік берілмеген және белгілі бір топтың әділетсіз және негізсіз баюына себеп болатын криптавалютаға рұқсат жоқ.

[5] «Тухфату әл-фуқаһа», 3/28. «Хашияту әл-адауи», 2/182. «әл-Мәжмуғ», 10/388. «Кәшшәфу әл-қанағ», 3/264.

[6] Түбіртек – белгілі бір жұмысты орындау қажеттігін қуаттайтын құжат, ақшаның не басқа құндылықтың қабылданғаны жөніндегі ресми қолхат.

[7]https://www.binance.com/kk-KZ

[8] «әл-Мәбсут», 14/39. «әл-Муғни әл-мухтаж», 2/24. «әз-Зәһира», 5/31.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.